Материалдары



Pdf көрінісі
бет17/27
Дата16.11.2022
өлшемі4,23 Mb.
#50646
түріКнига
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27
Байланысты:
Алаш партиясы

Жұлдыз АҚПАР, 
Журналистика факультетінің 
2-
курс магистранты 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ 
Алаш туы астында, 
Күн сөнгенше сөнбейміз. 
Енді ешкімнің алашты, 
Қорлығына бермейміз! 
Өлер жерден кеттік біз, 
Енді мәңгі өлмейміз! 
Жасасын, Алаш, жасасын! 
С.Торайғыров 
Алаштың арманын ұлттық идеяларымен Алаш ұранды қазақтың басын біріктіргісі келген бірден-
бір үкімет – Алаш Орда. «Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Өйткені, Алаш 
– 
халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген 
ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың 
аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Зиялылардың 
Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі 
еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап 
беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең 
– 
1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. 
Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел 
Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш 
зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға 
қабілетті еді. Қазақ тарихында осындай Алаш арыстарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан 
ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды 
өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе 
теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. 


160
Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да солар 
болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар барды көбейтуші, 
үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. 
Алаш қозғалысының тарихи негізі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен 
басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп 
ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы 
қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жалпыхалықтық 
демократиялық қозғалыс еді. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының 
пайда болуымен тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. 
Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын 
ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш 
жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. 
Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы 
қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан 
Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп 
отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың 
ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі. 
Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың 
жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің 
қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Тарихтан білетініміздей, 1917 жылғы 
21-
26 шілдеде Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезі өтті. Осы съезде Алаш партиясының 
бағдарламасы жарияланды. Ал оның негізгі ұстанымдары: Біріншіден – Ресей демократиялық 
федеративтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді. 
Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады. 
Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы. Төртіншіден – билік пен сот әр 
халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б. 
[2]. 
Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен 
байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш 
қайраткерлерінің орасан зор еңбегі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе 
Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік 
социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие 
болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай 
һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік 
керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді [3]. Әлихан Бөкейхановтың жобасы 
бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма 
болып тоқылып, киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс 
болған. 
Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен 
дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан 
мемлекеті – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, 
жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын 
азаттыққа шақыру болатын. Тарихшы Мәмбет Қойгелді «Тарих – күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы 
жайында: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» 
сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен 
отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы 
қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын» [4, 38] 
– 
дейді. Және сондай-ақ «Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық 
құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне 
жеткізу ісінде Әлихан Бөкейхан жетекші рөл атқарды» [4, 41] дегенді де М.Қойгелді зерттеулерінде 
жиі келтіріп отырады. «Әлихан Бөкейхан жай қатардағы ұлт азаттық қозғалысысының белсенді 
тұлғасы емес. Ол – жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш 
бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін 
кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және советтік биліктер мойындаған» [4, 62] – деп жазды 
алаштанушы ғалым М.Қойгелді. Алаш үкіметі үшін жетекші рөл атқарған Әлихан Бөкейханның 
қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай оппоненттердің бірі Бақытжан Қаратаев 
Бөкейханға жолдаған хатында: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз 
сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың» [5] – деп жазды. Алаш идеясы ұлттық 


161
бірігу концепциясына алып келді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет 
құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның 
арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш 
қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегінде: «Қазақстанның Ресейге 
бодан болғаннан бергі тарихындғы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен 
рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса 
үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс 
бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ 
зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, 
демократияға емес – авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың 
арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын 
қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге 
асыратын атқарушы билік органы – «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш 
автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады». Бұл идея сол уақыттағы советтік-
тоталитарлық жүйеге ұнамады. XX ғасырдың басында қалыптасқан Ұлттық идеяны советтік билік өз 
қолымен тұншықтырып, саяси көшбасшылар мен ұлт зиялыларына қуғын-сүргін ұшыратты. «Қазақ 
халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір 
қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті 
ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге обьект 
бола алмады» [6], – дейді Алаш қайраткерлері тақырыбында сүбелі үлес қосқан ғалым Мұхтар Құл-
Мұхаммед.
Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлттық ерекшеліктерін 
сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға болатынын 
көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді. Бүгінгі билік сол идеяны мойындамаса да, 
Әлиханды ұлт көсемі ретінде тани алмаса да, Алаш көсемінің құрған мемлекетінде өмір сүріп отыр. 
Ұлы «Орыс идеясы» іспетті ұлттың саналық рухани болмысын анықтайтын «Алаш идеясы» қазақ 
топырағында қалыптасты. Өркенін жайды. Ұлттық идея негізінен XX ғасырдың басында әлемдегі, 
Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруімен жүзеге асқанымен, оның әлеуметтік, саяси, рухани тамыры 
ғасырлар тереңінен бастау алғанын ұмытпаған абзал. Алаш бірлігі. «Елге ел қосылса құт» деген халық 
даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен атамекеннен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың 
мәселесі кімді де болса толғандырары анық. Бұл мәселе – Алаш зиялыларын да толғандырған 
мәселердің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ 
қазақ болмайды» [7] – деген сөзінен-ақ Алаштың арманын бөліп-жармай, Алаш ұранды Қазақтың 
басын біріктіргісі келгенін ұғамыз. Алаш қайраткері Халел Досмұхамбеұлы: «Біздің мақсатымыз 
барлық Қазақтың басын қосу болатын. Сондықтан Қытайдағы қазақтарды да қосып алуды 
қарастырдық. Әрине, ондағы қазақтар өздері мекендеп отырған территориясымен Алаш Орда 
құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде ешнәрсе де 
атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің 
жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан бірігуге қарсы бола қоймас деп 
ойладық» [8] – деп атап көрсетті. Бұл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да түпкі мақсаты еді. Осы 
идеяның жемісі Қазақ газетінің санында да көрініс тапты. Онда алашордашылар саяси эмиграция 
туралы: «Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ 
ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ 
болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз» [7,82б.] – деген. Бұл – Алаш идеясы мен оның көсемі 
Әлихан Бөкейханның ұлттық бірігудің басты пәлсафасы. Қазақ ұлтының толықтай бірігу саясатындағы 
ұстанған идеологиясының бір тарамы. Сондай-ақ Алаш зиялыларының Қытайдағы қазақтар жөніндегі 
тұжырымды пікірлері Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында 
Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында талданып көрсетіледі. Онда Алаш Орда 
үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханның Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет 
Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына 
жеткізуді тапсырғандығы айтылады. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе 
айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің 
игі жақсыларымен жиын өткізуі және Ахмет Байтұрсыновтың Алтай қазақтарына хат жазып, оны 
жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұнынан байқаймыз. Тек хат, үндеу жазып 
қоймай, алаш ардақтылары 1918 жылдың жазында Қытайдың Шығыс Түркістан аймағына сапар 
шегеді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтер бар, 
жұмбағы әлі де ашылмаған белгілі сапарда олар үш мақсатты көздейді: 1. «Алаш Орда» үкіметінің 


162
Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; 2. Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, 
Алашорда Үкіметінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; 3. Оларды жерге қолтықтаса 
орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын. Ұлттық бірігу жайындағы кезекті 
дерек 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының 
«Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласында автор жасы сексеннің сеңгіріне шыққан 
Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке 
келуі жайында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі – ақ пен қызыл арасындағы 
аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш 
Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты» [9] – дейді. Осы жоғарыдағы Шыңжан 
қазақтарының тарихи деректерінен Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары ұлттық бірігу 
идеясының сарыны жатқаны айтпаса да түсінікті. Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы 
жылдардағы көтеріліс кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде 
Алаш Орда үкіметі құлағанымен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бірсыпырасы Алаш идеясын 
өлтірмей Шыңжаңға ала кетті. Бұл туралы тарихшы Еркін Рахметолла: «Қазақтардың Қытайға қоныс 
аударуы 1928-1933 жылдар аралығында шырқау шегіне жетті. Көшті бастаған негізінен ғасырлар бойы 
халықтың экономикалық тірегі саналған байлар болғанымен, оларға қысылтаяң уақытта қолдау 
көрсеткен бұқара халық және ауылдық жерлердегі Совет үкіметі тағайындаған адамдар, коммунистер 
көштен бөлінген жоқ. Бұған себеп, қазақ халқының рулық, ағайындық бірлігінің әлі де ыдырамай, әр 
қазақтың «у ішсең руыңмен» деген аталы сөзді санасынан шығара қоймаған кезі еді. Қытайға өткен әр 
қазақтың бойында «Алаш қозғалысы» идеясы бірге кетті» [10], – деп жазады. 
Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, Алаштың тағы бір 
қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – 
жойылған жұрт» депті [8]. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең 
зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. Өткен ғасырдың басында 
жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай арманда кетті. 
Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы 
шартын жасап кетті. Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз 
егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз 
– 
ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің 
биік шыңына көтерілу. Ойымды Әлихан Бөкейхановтың мына сөзімен аяқтағым келеді: «Әр ұрпақ 
өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек». 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет