Мазм ұ н ы кіріспе


І Т А Р А У НОҒАЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ



бет3/20
Дата02.12.2023
өлшемі314,5 Kb.
#132756
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
Дип.-Ноғай-Ордасы

І Т А Р А У


НОҒАЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ
ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ

Ноғай ордасы құрылуының тарихнамасындағы ең басты және шатысқан мәселелердің бірі – моңғол-маңғыттар мен кейінгі кезеңдегі түрік-маңғыттардың тарихи байланысы. “Маңғыт” (моңғолдық нұсқада “маңғұт” түрінде) сөзі ХҮ–ХҮІІ ғасырларда ноғайлардың синонимі ретінде жиі қолданылды, өйткені Ноғай ордасының басқарушылары маңғыт тайпасынан шыққан еді. Орта ғасырлардағы дереккөздерден моңғолдың “маңғұт” этнонимі бастапқы кезде Дешті-Қыпшаққа қалай еніп, жергілікті көшпелілер оны қандай жолдармен иемденгендігін тануға болады.


ХІІ ғасырда моңғолдық маңғұт тайпасы Онон өзенін жайлаған боржігіндер мен Амурдың орта ағысын мекендеген тұңғұс тайпаларының арасын мекендеген [34, 184]. Бұл аймақ Қытайдың Хэйлунцзян провинциясына сәйкес келеді. “Моңғолдың құпия шежіресі” бойынша, мағұттар моңғолдардың түп атасы Алан-гааның бесінші ұрпағы Наган-бахадұрдан тарайды. Ал Рашид-ад-Дин Алан-гааның жетінші ұрпағы Джексу (жақсы) маңғұттардың түп атасы деп атайды [34,184].
Бұл тайпа Шыңғысханның атасы мен әкесі Бартан-бахадұр және Есугей-бахадұрдың ұлысының құрамына енген. Есугейдің қайтыс болуымен олардың бір бөлігі билеушілерін тастап көшіп кетті де, маңғұттардың қалған бөлігін Қойылдар (Куилдар) ноян басқарды. Бұл топ Шыңғысханның бүкіл моңғолдық тақ үшін күресінде оған адал қызмет етті. Қойылдар ноянның шайқастарда көрсеткен ерлігіне риза болған хан онымен анда болды. Содан да болуы керек, маңғұттар басшысы Шыңғысханнан өзі өлген жағдайда балаларына көз қырын салуды өтінеді. Ноян қайтыс болғанда Шыңғысхан андасының өтінішін орындап, оның ұрпақтары пайдасына ерекше “жетімдер салығын” тағайындайды [34, 184-185]. Кейіннен Қойылдардың ұлы Солтүстік Қытаймен соғыста маңғұт мыңдығын басқарған.
Шыңғысхан тұсында кейіннен Үгедей сарайында екінші бір маңғұт Дохолху ұландар мыңдығы – торғауыттарды басқарған. Ал Шыңғысханның сеніміне ие болған Жадай ноян ол өлген соң Төленің ставкасында болып, маңызды қызмет атқарды. Бұрынғы бөлініп көшкен маңғыттар Шыңғысхан тұсында талқандалып, қалғандары Жадай ноянның қарамағына берілді [35, 264–278]. Бұл деректерден шығатын қорытынды маңғұттардың Шыңғысхан империясының бастауында тұрғандығын, оның қалыптасуында маңызды роль атқарғандығын аңғарамыз.
Жоғарыда аталған ресми хроника маңғұттардың Дешті-Қыпшаққа қоныстанып, Маңғыт жұртын құрағандығы туралы ешқандай деректер келтірмейді. Шыңғысханның үлкен ұлдары Жошы мен Шағатай ұлыстарына берген тайпалар тізімінде кейіннен осы екі ұлыс арасындағы бөліністерде де маңғұт тайпасы аталмайды [21, 207–208]. Сондықтан да Л.Н.Гумилевтің маңғұттарды Жошы ордасына алдын-ала, асығыстықпен қосып қоя салуы деректік дәлелді керек етеді деп есептейміз [11, 535, 586]. Сол сияқты Шыңғысханның бұл тайпаны өзінің қарамағындағы басы байлы тайпа ретінде Каспий немесе Мауараннахрға жібергендігі туралы болжам да ғылыми дәлелді қажет етеді. Орта Азия жерінде маңғыттарға қатысты топонимдер кездеседі, бірақ бұл дерек ХҮ–ХҮІ ғасырларда түрік-маңғұттардың миграциясына байланысты деп білеміз. Біз сөз ететін маңғыттар мен моңғол-маңғұттар арасында әлдеқалай байланыстардың болуын жоққа шығармаймыз. Әйтсе де оларды бір-бірінен бөлек дербес этностар ретінде қарастырамыз [14, 229].
Маңғұттардың негізгі бөлігі Моңғолияда қалды немесе Қытай жерінде соғыс жүргізді. Мағұттар моңғол империясының сол қанатына қатысты болғандықтан да олардың Дешті-Қыпшаққа қарай қозғалуы негізсіз болатын. Империяның сол қанаты моңғол жері мен Қытайдың солтүстігіне иелік жасайтын. Солай дей тұрғанмен Жошы ұлысының түріктілді халқы арасында “маңғыт” этнонимінің кездесуінен моңғолдардың маңғұт тайпасының жекелеген топтарының Моңғолия, Забайкалье және Манчжуриядан батысқа қоныс аударғандығын аңғарамыз. Дәл осы ХІІІ–ХҮ ғасырларда Қазақстан халқы “моңғолдық-еуропалық нәсілдің” оңтүстіксібірлік антропологиялық типін құрайтын моңғолдық кейпіне енген еді [4, 88, 88].
Жошы және Шағатай ұлыстарында моңғол жаулаушыларының жаппай түркіленуге түскенін тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Сондай ассимиляциялану процесінен аз ғана маңғұт тайпасы да сырт қалған жоқ. Олар Шығыс қыпшақтардың тілі мен мәдениетін қабылдап, солардың арасына сіңіп кетті. Маңғұттарға бөлінген жұртты (көшіп-қону кеңістігі) бұрыннан мекендеп келе жатқан қыпшақ тайпалары далалық дәстүрге сай олардың этникалық атауын қабылдаған [16, 93]. Біздің ойымызша, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысында түрік-маңғыт-оғыз, қарлұқ, алтайлық, қырғыз және т.б. халықтар болғанымен моңғолдардың түріктену процесіндегі басты рольді ең саны көп қыпшақтар атқарды. Ноғай тілінің түрік тілдерінің қыпшақ тобына жататындығы да көп жайды аңғартады және жоғарыдағы тұжырымдарды қуаттай түседі.
Бұндай этникалық трансформация моңғол-қоңыраттардың жұртындағы қыпшақтарға да тән болды: олар түрік-қоңыраттарға айналды. Осы сияқты трансформацияны керейлер, наймандар т.б. тайпалар да бастан өткерді [45, 53]. Бұл пікірлер ғылыми әдебиетте толық қолдау таба қойған жоқ. Қазіргі қазақ жүздерінің құрамындағы ірі тайпалардың шығу тегін моңғолдарға апарып тіреу – басы ашық мәселе. Өйткені ол тайпалардың көпшілігі Түрік қағанаты құрамында да кездеседі. Демек, олардың қайсы негізі басым: түркілік пе, әлде моңғолдық па? Бұл мәселе біздің зерттеу тақырыбымыздан тыс болғандықтан одан әрі тереңдеудің қажеті болмас. Сондықтан маңғыт-ноғай мәселесіне оралайық.
Ноғайлардың арғы бабаларының Жайық бойын мекендегенге дейін бастапқы кезде қай жерлерден шыққандығы туралы мәліметтер шашыраңқы болса да кездеседі. Ноғайлардың өздері ежелгі тарихын былай баяндайды. 1863 жылы А.О.Рудаковский жариялаған қарноғай (солтүстік дағыстандық) аңызы бойынша, ноғайлар Бұхара, Хиуа, Үргеніш төңірегінде Шыңғысханның басшылығымен көшіп-қонып жүрген. Кейін оларды Бодрултай, Боргултай аталатын қалмақ хандары басқарып, шеттете бастаған. Сол себептен де ноғайлар өзбек ханның басшылығымен Алатаулы-Қырғыз аңғарына көшіп кеткен, одан әрі Мұса би басқарған Ака-Ока көліне барлық мал-мүлкімен көшіп кеткен [45, 53].
Бұл аңыздық нұсқа бойынша бірнеше тарихи шындыққа көз жеткіземіз. Біріншіден, көші-қон уақыты Шыңғысханнан (ХІІІ ғ.) Мұса биге (ХҮ ғ. екінші жартысы) дейінгі кезеңді қамтыған. Екіншіден, көші-қонның маршруты белгілі болады, ол – Мауараннахр–Хорезм–Алатау таулары арқылы өткен. Маңғыттардың Орта Азияда болғандығы туралы аңыздың жаңғырығын қырғыздың “Манас” эпосынан кездестіреміз. Қырғыз ақындарындағы “алтын ғасыр” кейде “ноғайлы кезеңі” деп те аталады [7, 388].
Ноғай аңыздарының бірінде олардың бабаларының Мауараннахрдан Еділге көшуін ислам дінін уағыздаушы Баба Тукластың (Баба Түкті Шашты Әзиз) есіміне байланыстырады. Ол Өзбек ханның (1312–1342 жж.) тұсында Алтын Ордада болған [48, 106–107].
Фольклорлық мәліметтерге жүгінер болсақ, ноғайлардың бабалары бастапқы кезде Алтын Ордада емес, Шағатай ұлысында өмір сүрген. Осы деректерді негізге алар болсақ, олардың атын ХІІІ–ХІҮ ғ. алғашқы жартысындағы Жошы ұлысына тәуелді тайпалардың арасынан іздеу мағынасыздық болар еді. Мауараннахрдан қазақ даласына көшіп келген қыпшақ-маңғыттар Жошының балалары Орда Ежен мен Шайбан әулетінің иелігіне тап болады. Осы әулеттің аса ірі қайраткері, қазақ фольклорында Әз Жәнібек деп дәріптелетін Өзбек хан ұлы Жәнібектің кезінде бір рудың (ноғай тілінде “ел” мағынасында қолданылған) бір ұлыстан екіншісіне өтуіне жол берілмеген. Халқының құрамын, көші-қон аймағын, салық жүйесін және жасақшылар жинау тәртібін өзгертпеу үшін осындай қатаң талап сақталған. Жәнібек ханның өлімінен соң (1357 ж.) бұл тәртіп өзгеріп, халықтардың кең көлемдегі көші-қоны орын алған.
Бұндай көші-қонның себебін нақты жазба деректер болмағандықтан тек болжамдауға болады. Қалай дегенмен де халықтың бұлайша жаппай көшуі әлдебір қарсыластан немесе жаудан қашып, бой тасалау емес еді. Бұл көшудің себебін әлсіреп, ыдырай бастаған Шағатай ұлысының құрамындағы қыпшақ тайпаларының, соның ішінде маңғыттардың да жаңа жер іздеуімен түсіндіруге болады. Бұл көшіп-қонудың күш-қуатын реттеуге ұмтылған жергілікті ақсүйектер оны Көк Ордадан тыс жерлерге бағыттай алды. Осылайша 1360 жылдары Жошы ұлысының сол қанатындағы тайпалар Еділге қарай қозғалды.
Қырым уәлаяты бұл кезде осы аттас түбекті ғана емес, сонымен бірге Днепрдің құярлығы мен Донның құярлығы арасындағы даланы да қамтыды. Бұл аймаққа көшіп-қонуға маңғыттардың да қатысқандығы туралы фольклорлық деректер кездеседі. Башқұрт аңыздарының бірінде Қырым ноғайлардың отаны деп суреттеледі. Ноғайдың этникалық жырларындағы батырлар Қырымда әрекет жасайды. Ал қазақтың “Ер Тарғын” жырында Тарғынның “Қырық сан қырым” халқынан шыққандығы айтылады.
Тоқтамыстың 1380 жылы Мамайды талқандауы Мамайға қарасты елдердің (рулардың) бытырап кетуіне алып келді. Бір кездері Мамайға еріп Қырымға барған маңғыттар алыс жерлерден баспана іздеуге мәжбүр болды.
Қырымнан көшкен маңғыттардың алғашқы және уақытша қонысы Кубань жағалауы болса керек. Оған дәлел, Мордва фольклорында, губан (кубандық) сөзі ноғайлық мағынасында қолданылады [47; 87, 104]. Осы сөзді башқұрттың халықтық шежірелері де қуаттайды, олардың куәлік етуі бойынша ХҮІ ғасырдың ортасында Қазанды орыстар жаулап алғанда Башкирияда тұратын көптеген ноғайлар аталарының мекені болған Кубань жеріне көшіп кеткен [45, 60].
Мағыт-ноғайлар көшінің келесі бір бағыты Терек өзенінің аңғары болды. 1524 жылы Түркияға барған орыс елшілігінің құрамындағы М.Тверинтинов Мәскеуге былай деп хабарлаған. “Мамайдың мырзалары Астраханьнан ноғайлардың Терек өзеніндегі ескі қонысына көшіп, Хвалын (Каспий) теңізіне қарай ауды” [45, 603]. Бұл бізге жеткен жазба деректің мәліметі. Осы мәліметті ноғай эпостарынан да кездестіруге болады.
ХІҮ–ХҮ ғасырларда болашақ Маңғыт жұртының негізін қалаушылардың Алдыңғы Кавказда болғандығы осы аймақтағы, Еділ бойы мен Орал бойынан аршылған көшпелілердің жерлеу кешендерінің мәліметтерімен де дәлелденіп отыр. Алтын Орданың соңғы кезіндегі маңғыт елінің Кавказ жеріне таралуы Кіші Ноғай Ордасы (Қазы ұлысы) мемлекеттік бірлестігінің пайда болуымен тығыз байланысты аталады.
ХІҮ ғасырдың соңы Жошы ұлысы Темірдің шапқыншылығымен ерекшеленеді. 1391 ж. жорықта ол Орталық және Батыс Қазақстанды көктей өтіп, Жайықтан асып Еділдің сол жағалауын тонауға салды. 1395 жылы оның әскері Әзірбайжан арқылы Солтүстік Кавказды жаулап алды. Терек өзені жағалауында Тоқтамыс толық талқандалды. Содан кейін Темір Еділ-Дон арасы мен Төменгі Еділ бойын қансыратып кетті. Осы екі жойқын шайқастың арасындағы кезеңді көптеген тарихшылар Ноғай Ордасының құрылуымен байланыстырады. Бұл кезең маңғыттар көшбасшысы Едігенің есімімен тығыз байланысты еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет