ҚАРЛЫҒАШТАР ҚАЙТҚАНДА
Райхан биыл мектепке барады. Қызығы сол, жаңа оқу жылына ол жаз бойы дайындалды. Ағасы дүкеннен дәптер, қалам, сөмке сатып әкелді. Атасы бойына құйып қойғандай әдемі ақ жібек көйлек томпиған аяғына шап-шақ су жаңа қызыл туфли сыйлады. Бір күні көйлегі мен туфлиін киіп, мектепке баратындай сән-салтанатпен үй ішіндегі айна алдында ерсілі-қарсылы жүрді, өзіне жарасып-ақ тұр, көзі нұрлана түскен. «Тезірек» оқу жылы басталса» деген ой қылаң етті.
– Аға, мектепке баруға қанша күн қалды? – деді.
– Әлі он күн бар, Райхан, – деді ағасы қос қолының саусақтарын жайып.
– О–о, әлі де көп екен, – Райхан шыдамсыздана сөйледі. Мектепке тап бүгін не ертең барғасы келіп, жүрегі алып ұшты.
– Асықпа, жаным. Он күн деген не, тәйірі. Көзді ашып-жұмғанша өтеді де шығады, – деді атасы қою қасты қабағын ашып.
Шынында да, он күн зымырап өте шықты. Мектепке баратын күні Райхан ерте оянды. Қолы мен бетін жылы суға жуды. Есік алдына шыққан еді, күздің күні суып-ақ қалыпты. Ауа салқын тартқан. Бағана сымдарында қысыла, қымтырыла қарлығаштар қонақтаған. Бұрынғыдай емін-еркін ұшып жүргендері жоқ.
– Аға, – деді Райхан, қарлығаштар жаурап қалыпты. Ұша алмайды бәрі де.
– Райхан, мінеки күз түсті. Енді олар жылы жаққа ұшып кетеді. Топтанып, қауымдасып келер жылдың көктемінде тағы да келеді, – ағасы да қарлығаштарға қызыға қарады.
– Айналайын, қызым. Қарлығаштарға «Ұшқанда қанаттарың талмасын» деп тілек айт та, мектебіңе бара ғой. Көшеде құрбыларың күтіп қалды, – деді атасы Райханға жақындай түсіп.
– Қарлығаштар, ешқашан шаршамаңдар, келер жылы да біздің үйді ұмытпай ұшып келіңдер. Ал мен кеттім мектепке. Сау болыңдар, – деп Райхан кіп–кішкентай қолдарын бұлғады.
Атасы мен ағасы сезімтал Райханның соңынан ауладан шыққанша қарап қалды.
Райхан мектептен келгенде қарлығаштар бағана сымдарында жоқ еді. Райхан күні бойы қарлығаштар мен жаңа тапқан құрбыларын есіне алды. Қарлығаштармен қоштасып, жаңа достармен қауышу оны соншалықты рахат күйге бөледі.
Біраздан соң Райхан құрбыларымен бірге қарлығаштар ұшып кеткен бағана сымдарының астында қаннен қаперсіз ойнап жатты. (290 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Мектепке дайындық
Күткен уақыттың келуі
Күздің салқын ауасы
Қарлығаштармен қоштасу
Тірек сөздер: қымтырыла, қауышу, қаннен қаперсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |