8–сынып
БЕЙТАНЫС БАЛА
Сәкен ауылға келген. Жылдағы әдеті. Атасы мен әжесіне келгенше асығады. Олар да Сәкенді сағына күтеді.
Ауыл рахат. Балалар көп. Бір–бірімен ойнайды. Лезде-ақ танысады. Жатырқамайды. Бірінің үйіне бірі емін-еркін кіреді. Тосырқау, бөтенсу атымен жоқ, – дейді Сәкен.
Бірде Сәкен ауыл балаларымен ойнап жүргенде өзі секілді бір бала араларына қосылды. Алғашқыда үндемеді. Сөйлеген де жоқ.
– Мынау бала сәлемдесуді білмейді екен, – деді Асқар.
– Қалай жағдайың? Қайдан келдің? Кімнің үйіне қыдырып келдің? – деді Серік.
Бейтаныс бала өз жағдайының қалай екендігіне жауап бермесе де, көшенің арғы басындағы Көшербай атаның үйіне келгендігін айтты.
– Бұл бала сәлемге жауап беруді де білмейді екен, – деді Асқар және де тақпақтай.
– Жарайды. Ендеше кел. Бірге ойнаймыз, – деді Серік.
Түс мезгілі жақындаған сайын күн де алқызылданып, ыси түсті. Төңіректі қайната бастады. Анау үйден де, мынау үйден де:
– Ау, Асқар, кел үйге. Басыңа күн өтеді. Жетеді ойнағаның, – деген ағасының, одан соң:
– Серікжан, болды түге. Келсеңші үйге. Шақырмаса келмейсің. Ми қайнатар ыстық болса да жүре бергені несі? – деген дауыстар естілді.
Сәлден соң-ақ, көше бойындағы балалардың дауыстары, сөйлегендері сап тиылды. Бәрі дерлік үйді–үйлеріне тарасты.
– Кешке жақын ойнаймыз, – деді Асқар қоштасар сәтте.
– Қараңғыда тығылыспақ ойнағанға жетпейді, – деді Серік те ойын ірікпей айтып.
Кеш түсе балалар және де көшені у-шуға бөледі. Күлген, шаттанған балалар дауысы. Бейтаныс бала да келді. Бұл жолы жанында атасы.
Асқар мен Серік қосарлана:
– Ассалаумағалейкум, ата, – деді.
– Уағалейкум ассалам, – деді бейтаныс баланың атасы балалардың сәлемін құп алып.
– Жарайсыңдар. Өсетін, өнетін балалар осындай болады. Сәлем – сөздің атасы. Сәлемдесу – әдептілік. Сендер сәлем бердіңдер. Мен сәлемге жауап бердім. «Алланың нұры жаусын!» деген сөзді сендер де мен де бір-бірімізге сыйладық. Жақсы тілек көсегені көгертеді, – деді Көшербай ата.
Бейтаныс бала атасының сөзіне құлақ түрді. Сәлем беру де, оған жауап қату да үлкен сабақ екен-ау дегендей кеудесіне, ойына, көңіліне түйіп қойды. (355 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Сәкеннің ауылға келуі
Бейтаныс баламен танысу
Сәлемдесу – сөз әдебі.
Тірек сөздер: ассалаумағалейкум, уағалейкум ассалам.
Достарыңызбен бөлісу: |