КҮН МЕН АЙ
Өте ерте заманда Жер – Ананы Күн мен Ай айналып жүріпті. Таң атқанда Күн төңірекке нұрын шашып көкжиектен дөңгелене көкке көтеріліпті. Қызарып ұясына батқан шақта, толықсыған Ай сүттей жарығын көпке сыйлапты.
Күн соңынан сансыз күндер, жыл соңынан жүздеген жылдар өтіпті. Бірде Күн мен Ай бір сұрақтың шешімін таба алмай, өзара өкпелесіп қалады. Сондағы кінәмшіл сұрақтың қысқаша мәні мынада еді: – Күн жақсы ма, Ай жақсы ма?
Күн айтады: – Мен Жер бетіне сәуле, жылу таратамын. Адамдар ерте тұрып еңбек етеді. Жолға шығып, ұзаққа сапар шегеді. Ұяма батқан соң бүкіл тіршілік атаулысы бір сәт дамыл тауып, демалады.
Ай да уәжді сөзден қалыспайды: – Мен Ай десе аймын. Сен айналаны қараңғыға бояған сәтте түндерді аппақ нұрға бөлеймін. Ақындар айлы түнде жүрегіне жақын жанды өлеңі мен жырына өрнектеп қосады. Балалар ай нұрына шомылып жасырынбақ ойнайды.
Күн мен Айдың өзді-өзін мақтай сөйлеген лебіздерін Жер – Ана байыппен тыңдап, былай депті: – Күнім мен Айым, екеуіңнің сөздерің көңіліме дөп тиді. Сендер болмасаң, мен бусанып жатпас ем. Көсегем көгермес еді. Бірің жылу дарытып, топыраққа түскен дәнге жан бітіресің. Ал Ай болса, мызғыған тіршілікке сұлулық әкеледі. Шаршаған жанға қуат дарытады. Сондықтан екеуің де маған қымбатсыңдар. Күн де, Ай да әманда бірі оңымнан, бірі солымнан туа берсін.
Жер – Ана толғана тұрап: – Менің бағыма орай Күн мен Ай мәңгі жасай беріңдер, – деді. Күн сол сәтте сәулесін молынан төге түсті. Ай да сол мүлгіген түні төңіректі керемет сұлулыққа бөледі.
Содан бері Жер – Ананы мекен еткен төл перзенттері өздерінің ұлын еркелетсе «Күнім» деп, қызына мейірлене «Айым» дейтін болыпты. Дүниеде одан жақсы теңеу болмайтынына еш күмән келтірмепті. (235 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Күн мен Айдың сөзге таласуы.
Жер – Ананың байыпты толғанысы.
Күннің сөзі.
Айдың сөзі.
Тірек сөздер: Күн, Ай, Жер – Ана, кінәмшіл.
Достарыңызбен бөлісу: |