Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012



бет30/39
Дата06.01.2022
өлшемі397,5 Kb.
#11903
түріМазмұндама
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   39
Байланысты:
Мазмұндамалар жинағы 5-9 сынып

БАТЫР МЕН ЖЕЗТЫРНАҚ

(ертегі)
Ерте, ерте, ертеде қалың елге жау шауыпты. Жаудан кек алмақ болып, жас жігіт жорыққа аттаныпты. Жігіт алғашқыда талай-талай қырлардан өтіпті. Көлбей аққан өзендерді артқа тастапты. Таулы, тасты жерлерді де қиялай шауып басыпты.

Жаудың жеріне жетіп, оларды жермен-жексен етіпті. Жігіт батыр атаныпты. Мерейі тасып, еліне қайтыпты. Қайтар жолда қалың қамысы өскен нулы жерге ат басын тіреп, азын-аулақ демалыпты.

Сол кезде аспаннан түсті ме, қалың қамыс арасынан шықты ма, бір сұлу қыз батырды көріп, жақындай түсіпті. Батыр дала төсіндегі қызғалдақ гүлдердің бір шоғын жинап, сұлу қызға ұсыныпты.

Сұлу қыз инабатты қылығымен батырдың ұсынған гүлдерін қолына алады. Бірақ саусақтарын көрсетпейді. Жеңі ұзын көйлегінен саусақтарын шығармаған күйі батырға жақындай түседі.


Батыр балалық шағында атасы мен әжесінен көптеген әңгімелерді есітіп, құлағына құйып өскен болатын. Жезтырнақтар лезде сұлу қызға, бірде ақ сақалды қарияға немесе арлан қасқырға айнала алатындығы есіне түседі. Саусағын көрсетпегені – оның жезтырнақ, мыстан кемпір екендігінің дәлелі деп ұғынады жас батыр.

Батыр артқа сәл ғана шегініп, сұлу қызға айбарлы тілмен үн қатады:

–Сен сұлу қыз кейпіндегі жезтырнақсың. Көзіме көрінбе. Сен нағыз аяр мыстансың. Жоғал, – дейді.

– Батыр, қатты кетпе. Мен саған ыстық су, тәтті тамағыңды әзірлеп берейін, – деп сұлу қыз сызыла тіл қатады.

Батыр иілмейді. Тұлпарына қарғып мініп, бәлелі, жалалы жерден тез арада аттанып, еліне қарай бет алады. Күн жүреді. Түн жүреді. Батыр бір кезде қалың, ну орманға кезігеді. Орманның ішіне кіре бергенде қарсы алдынан ақ сақалды, еңсегей бойлы қария жолығады.

Үлкенге ізет көрсету салтымен, батыр тұлпардан түсіп:

– Ассалаумағалейкүм, ата, – деп сәлем береді.

– Уағалейкүмассалам, – деп қария жауап қатады.

Батырмен сәлемдескенде қария саусағын көрсетпейді. Ұзын жеңді көйлегінің ішіне жасырған саусақтарын батырдың көзінен таса ұстайды. Батырдың көңіліне күдік кіреді. Қарияның жезтырнақ екенін жүрегі сезеді. Сөйтеді де:

– Сен және де маған жолықтың ба? Жауды жеңіп, ата-анаммен аман-есен қауышуды ниет етіп ем. Жолымды кес-кестеме, жауыз жезтырнақ, – деп батыр тұлпарына бір-ақ қарғып мінеді. Елін бетке алады. Өзенді, көлді, таулы, тасты жерлерден желіп өтіп кетеді.

Елдің шетіне аяқ басым-ау деген кезде батырдың қарсы алдынан дәу арлан қасқыр шыға келеді. Батырға ұмтылады. Тұлпардың үстінен құлатпақ болады. Батыр жанындағы үлкен шоқпарын жуан жұдырығына қысып алады. Мықтап ұстаған бойы қасқырдың қақ маңдайына соғады.

Қатты соққыдан қасқыр шалажансар күйге түседі. Сәлден соң, мерттіккен қасқыр ақ сақалды қарияға, одан соң сұлу қызға, кейін жезтырнақ мыстан кемпірге айналып, сеспей қатады.

Батыр тұлпарына мініп, еліне таң ата жетеді. Қарсы алдынан ата-анасы, туған-туыстары, бауырлары шығып, ел-жұрты батырмен қуана қауышады. Жауды, жезтырнақты жеңіп келген батырдың ерлігіне қалың халқы дән риза болды. (370 сөз)
Мазмұндау жоспары:


  1. Батыр жігіттің жорығы.

  2. Сұлу қызға кезігу.

  3. Батырдың күдігі.

  4. Ұзын жеңді қария.

  5. Арлан қасқырмен арпалыс.

  6. Жезтырнақты жеңуі.

  7. Елімен қауышқан батыр.

Тірек сөздер: аяр мыстан, ассалаумағалейкүм, уағалейкүмассалам,

ну орман, жезтырнақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет