АУЫЛ САЛТЫ
Бекзаттың атасы алыстағы ауылда тұрады. Бұрын қалаға келіп тұрушы еді. Соңғы кездері бірлі-жарым малына қарап, үйден шыға алмай жүр. «Демалыс кезінде келерсің» деп жазады әр хатында атасы. «Ата, дем алатын кез де таяу, барып қайтам, шын сөзім» деп жауап қатады Бекзат та.
Атасына берген уәдесін орындауға асыққаны соншалық оқу жылы біткен күннің ертесіне-ақ Бекзат жолға шықты. Ауылдағы атасын көріп, мауқын басып, дастархан басында әңгімелесті. Сүт қатқан шай ішті, тілді үйірер ірімшік жеді, таңдайына бал боп тиген май талқаннан ауыз тиді.
– Немереңіз келіп, көзайым болдыңыз ба? – деп ауыл адамдары әпсетте үй ішіне лық толды.
– Ә, қуанышта шек жоқ. Атасын ұмытпаған Бекзаттың қадамына гүл бітсін. Бір жасы мың болсын, – деп атасының көңілі көтеріңкі.
Көңілді отырыс түннің бір уағына дейін созылды. Ерте сойылған қой еті қазаннан түсіріліп, жөн сұрай келген ауылдастарының алдына тартылды.
– Әңгімеге көңіл бөліп, әрдайым мән-жайды аңғармайсың, – деп ауылдың үлкендерінің бірі Бекзатқа қой басының құлағын кесіп берді. – Ал, жей ғой, балам.
– Рахмет, ата, – деді Бекзат ақ сақалды қарияның ұсынған қолынан сыбағасын алып
Ертеңіне атасын көрші қонаққа шақырды. Бекзатты да шақырды. Дастархан басында күні кешегідей көпшілік. Шайды сораптап, нанды үзіп жеп, әңгіме-дүкен құруда. Бекзаттың атасы сөйлегенде, өзгелері тыңдай қалады, сабыр сақтайды.
– Көпті көрген, ел таныған, – дейді бірі.
– Халықты тыңдай білгеннің арқасы да, шіркін. Әлі де сый-құрметке ие, – дейді екіншісі.
– Әңгімесі көкейге қонады. Жасы егде тартса да уәжді сөзін айтсаңшы, – деп үшіншісі қостай сөйлейді.
Тамақ желініп болған соң, атасы мен немересі үйге қайтты.
– Мінеки, балам, ауылдың көне, әрі ғибратты салтының бірі осы. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ауыл ағасы алдынан шығады» деген. Екі күннен бері ауылдастар саған жайылып жайлау, жиналып төсек болып жатыр. Бұнысы – көпшіл бол, көпті тыңдай біл дегені. Көптің алғысын ал, кем болмайсың, – деді атасы Бекзаттың бетін, келте қиылған мойылдай шашын сыйпалап.
Бекзат орнынан аунап түсіп, атасының еті қаша бастаған сіңірлі қолын қыса түсті. Алақаны ып-ыстық. (296 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Бекзаттың атасына берген уәдесі
Атасының үйіндегі көңілді отырыс
Көрші үйге қонаққа бару
Ауылдың көне, әрі ғибратты салты
Тірек сөздер: ірімшік, көзайым.
СЫБАҒА
Күн суытып, аяз қарып, жолға шығу қиындап кетті. Сөйтіп, Сағат қысқы демалыста атасының ауылына бара алмады.
«Қаңтарда ауылға барам, ата» деген ем. Өтірікші болдым, мінеки, – деп Сағат өкіне, бармағын тістеді.
Атам сенің келе алмайтыныңды білмейді емес, біледі. Анада: «Қар қалың түссе, ауылға барам деп әуреленбей–ақ қойсын» деп жазыпты хатында. Қысқа арнап сойылған соғымнан атам саған сыбаға алып қойыпты, – деді үлкен ағасы Медеу.
– Атам қашан да өзін емес, бізді ойлап жүреді, – деді Сағат аптыққан көңілін басып.
Сағат пен Медеу атасының ауылына жазғы демалыста бір-ақ барды. Атасымен мәре-сәре құшақтасып, амандасты. Күні бойы атасының жанынан бір елі қалмай, шөп жинасты, қораларды жөндеуге көмектесті.
Кеш түсе кең дастархан жайылып, піскен ет салынған табақ атасының алдына тартылды.
Атасы сырбаз қозы сойған екен. Сонымен бірге сүрленген қазы мен бір жапырақ кепкен ет көзге бірден-ақ байқалды.
Атасы сүрленген ет пен қазыны Сағаттың алдына жақындатып:
– Же, балам, – деді.
– Ата, мен жаңа ет жегім келеді.
– Ә, асықпа, балам, оны да жейсің. Алдымен қыс бойы сақтаған сыбағаңнан ауыз ти, – деп атасы көне қоймады.
Сөйтті де:
–Ілгеріде қой сойылып, қол қусырып күтсе де, соғым кезінде келе алмаған мейманы сыбағасы асылмаса «Мені есіне алмапты. Өзі жеп қойыпты» деп өкпелейді екен. Сол сияқты қазы мен осы бір жапырақ ет сенің сыбағаң, – деді. Атасы сөзін қайтадан жалғастырып:
– Ілгеріде ілулі тұрған осы сүр етпен қазыға көз түскен сайын «Сағатжан қашан келер екен, сыбағасынан тезірек дәм татса екен» деп, жақсы ниетпен жүруші ем, – деді етті пышақпен ептеп болған соң.
Атасы, Сағат және Медеу дастарханға қол созып, дәм татып отырды. Сағат атасының берекелі көңіліне, бір асым етті өзі келгенше сақтап, сарғая күтіп жүрген пейіліне бір жасап қалды. (255 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Қысқы демалыс
Сағаттың өкініші
Атасының ауылында
Кешкі ас
Сақталған сыбаға
Тірек сөздер: сырбаз қозы, сүрленген ет, мәре-сәре.
Достарыңызбен бөлісу: |