ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН
Жансая әліппемен қоштасатын күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.
Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы – Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.
Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен біргелікте дөңгелеп би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы нымшалары өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.
Ата-аналар жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол
шапалақтады. «Керемет!» деп әр ән, би өлең сайын өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.
Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.
– Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.
– Иә, апай! – деді Жансая қатты қуанып.
Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі деп Жансая таңдана қалды.
– Үйге келген соң, Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне жеткізгенше әңгімеледі.
– Қуанышың қуанышқа жалғассын, – деді атасы.
– Сауатты болды деген осы, – деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.
Жансаяның көңіл-күйі әбден балқыған. Бақытты балалықтың сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған әліппенің құдіреті болатын. (192 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Жансаяның дайындығы
Қоштасу мерекесі
Шәкірттердің өнері
Ата-аналар қошеметі
Жансаяның қуанышы
Әліппенің құдіреті
Тірек сөздер: мөр, мақтау грамотасы, мектеп директоры.
Достарыңызбен бөлісу: |