Мазмұны кіріспе 3 зейін туралы жалпы түсінік


Зейіннің физиологиялық негізі



бет4/12
Дата27.05.2022
өлшемі82,51 Kb.
#35722
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
1.2 Зейіннің физиологиялық негізі.
Зейіннің физиологиялық тетіктер арқылы қажетті де мәнді әсерлерді таңдауы белсенді ми қызметінің және жалпы тәннің сергектігі арасындағы байланысынан болады.
Адамның сергектік деңгейін оның сырт кейпін бақылай танумен бірге мидағы әлсіз ток қуатын анықтайтын электроэнцефаллограф (ЭЭГ) аппараты арқылы да білуге болады. Әдетте, сергектік 5 күйде көрініс беретіні дәлелденген: терең ұйқы, қалғып – мүлгу жағдайы, сабырлы сергектік, белсенді сергектік, шектен тыс сергектік. Тиімді зейін тек сабырлы және белсенді сергектік жағдайында болуы мүмкін, ал басқа кейіп кездерінде зейін сапасы кеміп, кейбір қызметтерін ғана орындай алуы ықтимал. Мысалы, мүлгіген жағдайда адам бір не екі әсерге ғана жауап беріп, қалған тітіркендіргіштерді тіпті сезбейді. Сондықтан да шаршаған анна ешбір әсер елеместен, терең ұйқыға берілуі мүмкін, ал нәрестесінің сәл ғана дауысынан оянып кетері сөзсіз.
Зейін механизмдерінің іске қосылуында бағдарлаушы рефлекстің рөлі өте күшті. Бұл құбылыстың негізі–адамдар мен жануарлар ағзасының сыртқы орта өзгерістеріне сай тума қалыптасқан жауап бере алу қабілеті. Мысалы, сәл ғана сыбырдың өзінен мысық елең етіп, дыбыс шыққан тарапқа құлағын түреді. Қызықты да жауапкерлі жұмысқа шомған оқушылар кенет есік ашылудан, жұмыстарын қоя салып, назарын есік жаққа еріксіз аударады. Бұл рефлексті И. П. Павлов “немене?” рефлексі деп атаған.
Зейіннің таңдамалылығы ағзада болып тұратын күрделі процестермен байланысты. Әдетте, қоршаған орта арасынан қажетті әсерлерді саралап алуда екі топ ағза тетіктері іске қосылады: перифериялық (шеткі) және орталық. Перифериялық механизмдерге сезім (түйсік) мүшелерінің икемдесу әрекеті жатады. Әлсіз дыбысты ұғуға орай адам дыбыс шыққан тарапқа мойын бұрады, сонымен бір уақытта сезімталдығын күшейту үшін тиісті бұлшық еттер құлақ жарғағын кереді. Ал күшті дыбыста жарғақ кернеуі босаңсып, миға өтетін жағымсыз әсерді басады.
Зейіннің орталық тетіктері бір жүйке ошақтарының қозуына байланысты басқа жүйке көздерінің тежелуі негізінде іске қосылып барады. Туындау әсері күшті болған қозу өзімен бір уақытта жүріп жатқан әлсіздеу процесті басып, психикалық іс - әрекеттің бағыт – бағдарын айқындап отырады. Сонымен бірге, бір–біріне қуат қосатын бір уақыттағы әлденеше тітіркендіргіштердің бірігіп, әрекетке түсуі де мүмкін. Қозулардың мұндай өзара байланысты ықпалы қажет болған әсерді таңдап, психикалық әрекеттің белгілі бағытта жүруіне негіз қалайды.
Зейін әрекетінің физиологиялық көрінісін түсінуде Ч. Шеррингтон ғылыми дәлеледеп, кейін И. П. Павлов кең қолданған жүйке процестерінің индукция заңы үлкен маңызға ие. Бұл заңға орай ми қабығының бір аймағында туындаған қозу оның басқа бөліктерінде тежелу пайда етеді (бір мезгілді индукция) немесе мидың сол бөлігіндегі тежелумен орын ауысады (бірізді индукция), себебі нақ қозу пайда болған аймақ өзінің сол қозу үшін тиімді жағдайымен ерекшеленеді, сондықтан да бұл арада әсерлер жіктеліп, сарапталады, жаңа шартты байланыстар түзіледі, яғни бұл аймақ нақ сол мезетте – үлкен ми сыңарларының жасампаз, шығармашыл бөлігі сипатына ие. Ал мидың басқа бөліктерінің қызметі бұл уақытта адамның астар саналы немесе автоматтандырылған әрекетімен байланысып жатады.
Зейіннің физиологиялық негіздерін айқындауда доминанта принципі (A. A. Ухтомский) де жетекші мәнге ие. “Доминанта” түсінігі нақты бір мезетте жүйке орталықтарының қызметіне ықпал жасап, уақытша үстемдік етумен психикалық болмысқа бағыт – бағдар беретін қозу ошағын білдіреді. Доминантаның ерекшеліктеріне байланысты жүйке жүйесіне беріліп тұрған импульстер бірігеді әрі жинақталады, сонымен бірге басқа орталықтардың белсенділігі шектеліп, қозу ошағының әрекеті күшейе түседі. Үстемге қозу көзінің пайда болуына тек тітіркендіргіштің күші ғана емес бұрын болған әсерлердің және жүйке байланыстарының өткен тәжірибеден қалыптасқан іздері де негіз бола алады.
Бірақ жүйке қозғалысының индукция заңы да, доминанта жөніндегі тағылимат та динамикадағы зейін құбылысын, әсіресе оны ырықты сипатын толық ашып бере алмайды. Оның себебі адамдарды жануарларға тән болмаған өз зейінін мақсат бағдарлы басқара алу қабілетінің болуында. Мақсат қою мен оны нақтылап отыруда зейін туындайды, тұрақталады және ауысып тұрады. Қозуды басымдау ошағының пайда болуын бірінші және екінші сигналды жүйкелердің өзара ықпалды байланысымен түсіндірген жөн, себебі қозу тілдік (екінші) сигналдың таңдамалы иррадиациясымен бірінші сигнал жүйесіне өтеді. Өз кезегінде, алғашқы тітіркендіргіштер сөздік баламаға келіп, мақсатты нақтылауға себін тигізеді де қажетті қозу көзінің одан әрі күш алуына көмектеседі.
Сонымен, зейін табиғаты өзара бір – біріне тәуелді байланысты болған ми құрылымының біртұтас жүйесінің іс - әрекетімен байланысты, бірақ олардың зейін түрлерін реттеудегі ролі бірқалыпты емес.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет