Қызметіне байланысты киім түрлері
• Киімнің функциясы (этнобелгі, мүліктік-әлеуметтік, магиялық-ғұрыптық, сигнификативті)
• Салтанат киімі және әлеуметтік жікке байланысты киімдер (мысалы қарқара, қасаба батырлар киімі)
• Сал-серілер киімі
• Діндарлар киімі (мелде, ырда)
• Бақсы костюмі
• Қайтыс болған адам мен аза тұтушылар киімдері: кебін, тұл. Қаралы киімге қатысты жосын
• Сулық немесе жұмыс киімі (балықшы, аңшы-құсшы және шаруашылық қарекетіне байланысты киімдер)
Сал-серілер киімі
Көшпенді өркениеттің барша салтанатының көрінісі болып табылатын сал- серілер қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бар мәйегін бойына сіңіре отырып, қазақ қоғамында ерекше мәртебеге ие болды. Олар әрі әнші, әрі сазгер, әрі ақын болумен қатар ән-күй, фольклор үлгілерін таратушылар болып табылады. Ойын- сауық, той, көпшілік орталарда жиі бой көрсететін сал-серілер киімін ерекше сәнді болғанын қалап, елден ерекше киімдерді әдейі тапсырыспен тіккізген, себебі оларға халық, әсіресе сұлу қыздар ерекше назар аударған. Олардың жұрт назарын өзіне аударту үшін небір күлкілі, сайқымазақ, ақылға сыйымсыз киім үлгілерін ойлап тапқан. Олардың үстіне киген киімі күнделікті халық киген киім түрлерінен ерекшеленген. Егер олар киген киімді халық кисе, оны кимей та стап, қара құрым киізден киім тігіп киюге дейін барған. Бірақ қара құрым киізге қымбат мата араластырған, құндыз батсайымен әдіптеткізген.
Сән-салтанат киімдері
Қазақ халқы мереке, ұлы дүбірлі тойларда аста, сыйлы бас қосуларда, салт- дәстүрге байланысты бесік, тұсау кесер, сүндет, қыз ұзату сияқты тойларда міндетті түрде таза, ретімен, сәнді киінген. Қазақтар тойға жасануды, әдемі киінуді ұнатқан. Ақсақалдар бастарына түлкі тымақ немесе ақ қалпақ киіп, үстіне ақ жейде, бешпент сыртынан қаптал шапан немесе ішік киіп, беліне кездеме белбеу буынып, кең балақ шалбар, аяғына мәсі киіп той-думанның төрінен орын алды. Әжелер бастарына ақ кимешек, шылауыш, күндіктерін салып, үстілеріне ақ шағидан көйлек, жалаң бешпент, сыртынан оқалы шапан, түлкі ішіктерін киіп, белін жібек белбеумен буып, оюлы кебіс-мәсі киіп ортадан орын алады.
Жігіт ағасы ерлер бастарына ақ қалпақ, бөрік, ақ желетке, бешпент, оқалы шапан немесе шидем шекпен, жырық балақ шалбар, түзу табан етік киіп салауатын көрсетеді.
Келіншектер бастарына кестелі кимешек, шылауыш, түйреуіштерін тағынып, сәукеле, қызыл желектерін салады, желбір, кестелі көйлек, кестелі кәзекей, жекет, камзол, жанат ішіктерін киеді, жібек белбеу, кемер белбеу тағынады, құлақтарына алтын сырға, мойындарына алтын-күміс алқа тағып, білегі не білезік, саусақтарына жүзік салып, кестелі тізе қап, биік өкшелі көк сауыр, қызыл, шеттік етік сияқты етіктер киеді.
Жас жігіттер бастарына кестелі тақия, бөрік, малақай, қалпақ, үстеріне кестелі жейделер, кестелі кәзекей, бешпент, оқалы шапан, тайжақы ішік, кестелі шалбар, қайқы шоңқайма немесе түзу табан етік, бәтіңке киіп мерекеге барады.
Бойжеткендер мен жас қыздар зере, тақия, төбетай, қарқара бөріктерін үкілеп киіп, шаштарына шашбау тағып, құлаққа сырға, қолға білезік, сақина салып, мойындарына алтын-күміс алқалар тағып, қос етекті алты қиық, төрт қиық көйлектерін киіп, кестелі тізе кап, аяқтарына оюлы қызыл, көк, қара былғары етік немесе бәтеңке киеді.
Жас баланың тұсауын кескенде басына кестеленген үкілі тақия, үстіне ак көйлек пен кеудеше, бұтына сым, аяғына бопыш сияқты жаңа, таза киімдер кигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |