Қазақтың неке киімдері Дәстүрлі той киімдері халықтың діни-магиялық, және эстетикалық талғамын анықтайтын, мейлінше күрделі киімдер мен сәндік бұйымдар. Дәстүрлі киімнің нышандық-әлеуметтік функциясымен бірге саналы түрдегі магиялық жүктемесі болған. Бұл киелі киімнің сәндіктен басқа басты қасиеті жаңа құрылған отауды жаманшылықтан, сұқ көзден сақтап, бақытты өмір, ұрпақ, байлық, айналасына деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерді дарыту болған. Той киімін тігуді, зергерлік заттарды жасауды отбасында бақытты, көп балалы аналар сияқты шеберлерге сеніп тапсырған.
Қазақтың үйлену дәстүрі негізінен құда түсіп, қалың төлеу жолымен жасалған. Үйлену дәстүріне байланысты екі жақтың туыстары өзара малдан басқа біріне-бірі қымбат маталар, киімдер сыйлаған. Қалыңдықтың ата-анасы алғашқы келісімнен кейін-ақ тойдың ең негізгі бөлігі, қалындықтың киіз үйін, күймесін, сәукелесін дайындаған. Қыздың жасауына да аса зор көңіл бөлініп, «жасауды алты жастан жасасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Жасауға жақсы дүниелермен қатар сәукеле, киім-кешек, әсем әшекейлі тағымдар берілетін болған.
Той киімінің түсіне де үлкен мән берілген. Күйеу жігіт пен қалыңдықтың киімдері түстері жылы қызыл, қоңыр-қызыл, қызғылт-сары, сары болған. Сәукеле және күйеу жігіттің шапаны да қызыл матадан тігілген. Той киімдерінің түстеріне толығырақ тоқталсақ: қызыл түс қанның түсі, күш, бақыт, құт-береке, құмарлық, құнарлылық, ер жету, бой жету, махаббат, от, күннің символын білдірген. Ақ түс тазалық, киелілік, билік, байлық символы. Тойға арналып тігілген киіз үйлерді де ақ түсті киізден жасаған. Алтын мен күміс асыл немесе табиғаттан тыс күштердің пайда болу белгісіндей бақыт пен байлық түстері санаған. Жасыл-жастық пен көктемді білдірген. Көк, қара түстер қолданылмаған.
Қара түстер бақытсыздық пен кедейлікті білдірген. Бүгінгі күні қалыңдық, күйеу жігіт киімдерінің дені европалық стильге көшкенімен, әсіресе дәстүрлі «қыз ұзату» тойларында ұлттық киімдерді жиі кездестіріп жүрміз.
Күйеу жігіт киімі Қалындығын алуға баратын жас күйеу көп адамның ішінен өзін айтпай таны татындай «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелері мен жас қыз- келіншектер күйеуді киімінен тануы үшін ол басқа жігіттерден ерекше көрінуі керек. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, кестелі жарғақ шалбар, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді, күлкіге немесе сөзге қалады. Күйеудің сыртқы шапанынан басқа да ішінен киілетін жұқа жібек кестеленген шапаны кейде жібек шапан орнына қамзол киген. Күйеу жігіт басына киізден жасалып кестеленген биік қалпақ немесе жиектері бағалы аң терілерімен көмкерілген бөрік, аяғына байпақты саптама етік киген. Қыстыгүні күйеу жігітке сырткиім орнына қымбат теріден жүні ішіне қаратылып, сырты қымбат матамен қапталған, әдемі безендірілген тон тігілген «Күйеу жігіт киімі» ғасырлар бойы қалыптасқан, оның кейбір бөліктері ғана осы күнге жеткен. Мысалы биік киізден жасалған күйеу жігіттің қалпағы, қалыңдықтың сәукелесі бізге сақ заманынан жеткен.
Қалыңдық киімі Көйлек. Көйлек тігілетін маталар әртүрлі болған. Егер күнделікті киілетін көйлектердің маталары қолдан тоқылған жүн, мақта маталар болса, той көйлектерін жұқа қымбат жібек, жартылай жібек, атлас сияқты маталардан тіккен. Көбіне көркем әдебиеттерде көйлектің түсін қызыл етіп суреттейді, көйлектер ашық түсті маталардан да тігілген. Көйлектің етегін сәби көтеруі жеңіл болсын деп ырымдап бүкпеген. Жеңдері, етегі, кеуде тұсы, жағасы, кейде етек бүрмелері кестеленген.
Шалбар мен дамбал (ішкі және сыртқы). Көйлектен көрініп тұратын бөліктері ғана кестеленіп, зерленеді.