АЯҚКИІМДЕР
Eуразия Ұлы Даласының шығысында атты жасақтардың күшейе түсуіне себепкер болған металл үзеңгінің пайда болуы олардың аяқкиіміне де өзгерістер әкелді. Жалпы салт атты мәдениеттің классикалық өкілдеріне саналатын көшпенділерде етіктің екі сыңары да бір аяққа арналған қалыппен, табаны түзу, оң солы бірдей етіп тігілетін болған, мұндай аяқкиімдер әсіресе көшіп-қонған кезде, қыста, аяқ астынан шапқыншылар келіп тез жиналған кезде ыңғайлы да төзімді, ұзақ уақыт киілген. Қазіргі етіктер қисық табан үлгісімен екі аяққа екі қалып салу әдісімен тігіледі, олар қазаққа кейінірек, онда да европалық аяқкиім ықпалымен тарала бастаған.
Тағы да бір «жаңалық» орта ғасырдың басында қосылды. Ол ерге мініп түсуге, ат үстінде шайқасуға таяныш, сақтандырушы үлкен міндет атқаратын етік өкшесінің пайда болуы өз заманындағы озық прогреске саналғандығы мәлім. Бұл жөнінде бүгінге дейін бізге жеткен Орхон, Енисей, Талас, Дунай аралығындағы кең алқаптағы көне түркі заманына қатысты балбалдар, тас ескерткіштер мен бәдіз жазулар баяндайды. Көшпенді бабаларымыз бұдан басқа да аттың шабысын үдету үшін өкшеге қоса металдан жасалған аттың бүйіріне тебінетін батқы (штор), таяныш қызметін атқаратын аяқкиімнің қонышының артына салынатын металл сырық – тіреме сиякты етіктің қосымша бөліктерін ойлап тапқан. Орта ғасырдағы ата-бабаларымыздың киім мәдениетіндегі ашқан жаңалықтары Еуразия аумағына жаппай таралып, жалпы адамзат игілігіне қызмет еткен.
Етікшілік өнері тері, былғары өңдеумен байланысты қалыптасқан. С. Касимовтың айтуынша, қазақ арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан, былғарымен айналысатын шеберлерді етікші дейді. Тоқым, шілия, белдік, жүген, құйысқан сияқты былғарыдан жасалған мүліктерді де сол етікшілер тігеді.
Аяқкиімдердің түрлері
Аяқкиімдер өкшелі, өкшесіз болып бөлінеді. Өкшесіз аяқкиімдерге: мәсі, пима, кебістің кейбір түрі жатады. Бұған қоса – жас сәби киюге арналған өкшесі жоқ, иленген теріден жүні ішіне қаратылып тігілген байпақбас тәрізді болып келетін тері етік бөйтік.
Етік сыртынан киетін, қыста аяқты тоңдырмайтын, қойдың және аңның иленген жүні ішіне қараған терілерінен жасалған байпақ тәрізді мұйық (МХР, Қостанай, Семей, Көкшетау) деп аталған. Мұйықты Қазақстанның солтүстік аудандарында «ұйық» деп те атайды. Бұрын керуендер, қалашылар, жылқышылар аязда түнгі күзетке киген. Мұйық етіктен сыпырылып түспеуі үшін оны қайыс баумен байлайды.
Жергілікті жұмыс аяқкиімдерінің тағы бір түрі шәркей – ірі қараның иленбеген терісінен жасалған өкшесіз жеңіл аяқкиім, шабата, жекеден, ағаштың қабығынан тоқылған жұмыс аяқкиімі, көннен бүріп тігілген түрін көн шабата дейді. Бұдан басқа сыры шоқай, шабата, шәркей, шөптер, шәрке, шепік, мекі кебіс сияқты жеңіл аяқкиім түрлері бар. Былғарыдан етік киюге шамасы келмейтіндер, әсіресе егде жастағы адамдар жазы-қысы сірімен қаптаған киіз байпақпен жүрген.
Достарыңызбен бөлісу: |