Кердағай – күнелікті жұмыс етігі.
Партаубай етік – балықшылар етігі, қара саннан келетін былғары етік.
Шәңгі – аң аулағанда киетін етік Көн етік – күнделікті киілетін қарапайым жұмыс етігі.
Үй артына мал келсе, Бақандама, келіншек. Көн етігің күрпілдеп, Ел қыдырма, келіншек. (Беташардан) Киіз етік – қыстыгүні киетін қысқы аяқкиім. Оны киізді қалыпқа салып басып шығару әдісімен жасалады. Етіктің басы мен қонышын бөлек, екі бет етіп пішіп алып, тігістіктеріне былғарыдан немесе жақсы иленген қайыстан сыздық салып отырып қайып, қусырып тігеді. Етіктің басын былғарымен қаймалайды, қонышын жұқа былғарымен оюлап көмкереді. Өкшелігіне сірі салып бүрмелеп, сыртын, басының үстіне өрнектеп қайып тігеді. Киіз етіктің де басын былғарымен жұлықтайды. Басына қалып салып отырып, табандығын бүрмелеп, былғары ұлтарақша салып, ұлтан, өкше қағады. Киіз етік аяз тартпайды, өзі әрі жұмсақ, әрі жеңіл, әрі сәнді. (С. Қасиманов.) Әйелдер мен қыз-келіншектерге арналған аяқкиімдер:сырлы былғарыдан әміркен етік, былғары етік, құмырсқа бел, қызыл етік, аң, тай терісінен тігілген жарғақ мәсі», ешкі терісінен тігілген көзел етік, өкшесі биік, қыз-келіншектер киетін биік өкше етіктер бағалы. Бұған қоса жез өкше етік өкшесі жезбен әшекейленген етік, жібек етік, қызыл етік т.б. Кәкімә етік әйелдер киетін биік өкшелі етік түрі.
Бұл аталған етіктермен қоса сән үшін киелетін етік түрлеріне мыналар жатады көк етік, көксауыр, көксауыр құрым етік, базары етік, сармантай, жекей табан, биік өкше етік, жібек етік, опайке етік, кестелі етік т.б.
Көксауыр етік – малдың сауыр терісінен өңделген былғарыдан сәндеп тіккен аяқкиім түрі. Көксауыр жақсылап иленген көкке, кейде жасылға, қызылға қандыра бояған өте сапалы былғары. Көксауырмен көбіне кебісті тігіп, әшекейлейді. Ондай кебістерді «көк сауыр кебіс», «көк ала» кебіс деп атайды. Көк сауыр етікке әртүрлі ою-өрнек бастырады. Осындай материалдан тігілген кебіс те көкше кебіс немесе көксауыр кебіс деп аталады.
Мөкі – мәсінің сыртынан киюге арналған кебістің бір түрі, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқкиім. Бұрын кебісті галош орнына киген. Оның басын жұмсақ кара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік өкше етіп тіккен. Оны оюлармен, тұмсығын сызықтап күміс, зер жіптермен әшекейлеген. Кейде кебістің өкшесіне бірнеше қабат ұлтан салып шегелеп, тұмсығын домалақтап жасаған.