Байланысты: Қазақ халқының ұлттық киімдері (копия)
Шекпен – түйенің иірілген жүнінен тоқылатын сырткиім. Шекпеннен су да, жел де өтпейтіндігі былай тұрсын, су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Сондай-ақ ол матадай емес, өте берік әрі жеңіл, тез тозбайды, ұзақ киіледі. Шекпенге арналған жіп арнайы жіңішкелеп иіріліп, өрмекпен тығыз тоқылады. Шекпендік матаны иіріп, өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Шекпеннің қиықтары тік етіп шапан үлгісінде пішіледі де, жаға, өңір, етегінің қиықша үшкілдері өрнекті матамен таспаланып, білтеленіп тартылады. Жеңі көбіне қондырма жеңді болып келеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың ма тадан қайырма немесе тік жаға салады. Шекпеннен су да, жел де өтпейді. Мақта матамен астарланады. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма немесе тік жаға салады. Шекпеннің астарлап тігілгені сулық орнына, ал арасына жүн немесе мақта салып тігілген түрі жеңіл қаптал шапан орнына киіледі.
Шекпеннің түрлері бірнешеу. Қызғылт сары түйе жүнінен, (кейде шымқай ақ қой жүні араластырылып) оңқай-солақай иірілген жіптерді қаз тандайлап тоқыған түрі айрықша әсем түрін шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен аталады. Бұрынғы уақытта мұндай жазғы сырттық киімге дәулетті адамдардың ғана колы жеткен. Ботаның немесе тайлақтың боялған жүнінен тоқылған шекпенді жастар сәндікке киеді. Иірілген түйе жүніне түйін жіп қосып тоқылғанын биязы шекпен, боз тайлақтың жүнін бір тін етіп иіріп, өрмектеп тоқылғанын боз шекпен деп атайды.
Күпі Күпі – түйе мен қойдың жабағы жүнін ішіне қаратып, ұзыннан-ұзын сырыған, сыртын әртүрлі матамен тыстап тіккен, пішімі кең, етегі тобыққа дейін түсіп тұратын суықта, аязда киетін сырткиім «Айтжан үстіндегі тер сіңген ескілеу түйе жүнді ауыр қара күпісін шешіп, желпінді». (С. Сейфуллин. Шығ.) Ішіктен бір ерекшелігі жел соққанда күпіден жел өткіштеу келеді. Қазақтың күпісі С. Руденконың пікірінше екі мың жылдан астам тарихы бар көне киім түрі. Күпінің тысына барқыт, мәуіт сияқты әрі қалың, әрі кір көтеретін, бір түсті мата пайдаланады. Күпінің көбіне түймесі болмайды, желбегей қаусырынатын етіп, етегі кен үлгіде тігіледі, жағасы көбіне тік болып келеді. Күпі әрі қарапайым, әрі жеңіл, бірақ жылылығы тері тоннан кем емес. Күпі жылы, жеңіл тек кыста ғана емес көктем, күз айларында да киюге қолайлы, бай да, кедей де, бала да, әйел де киетін киім түрі.
Шапан – қазақтың ең көп тараған, аса қастерлі, кәделі сырткиімдерінің ертеден келе жатқан түрі. Тысы мен астарының арасына жүн немесе мата салынып, сырты шұға, барқыт сияқты әдемі, әрі мықты матадан қапталып, іші астарланады. Шапанды жібек, тоқыма, мақта, жүн маталардан, кейде күдеріден де тігіледі. Сал-серілер мен ауқатты қазақтардың шапандарын тігуге ерекше жібек, барша сияқты бағалы маталар пайдаланылған. Олар көбінесе Бұхарадан әкелінген. Шапандардың екі өңірін алтын жіптен жасалған оқа салып әшекейлеген.
Шапанның басты ерекшелігі жағасы, өңірі, жең ұштары әдемі ұлттық ою- өрнекпен кестеленуінде. Кесте өрнектер ер адамның да әйелдердің де шапандарына салынған, бірақ әйелдер шапанының әсемделуі ерлердің шапандарына қарағанда өте нәзік болады. Кейде жиегіне әдемі болу үшін бағалы аң терілері нен, басқа қымбат матадан зер, бұлық (түрлі матамен көмкеру) немесе жұрын салынады. Шапанға түйме, әйелдер ілгек, қапсырма қадайды немесе сыртынан белбеу буынады. Жаз маусымында киетін шапандар жұқа, күз бен көктемде ки етін шапандар қалың болады. Тігілетін матасының өңіне келсек, әйелдер шапаны ашық өңді, ерлер шапаны баран (қара) өңді болып келеді. Шапанның негізгі, дәстүрлі пошымы ұзындығы тізеден сәл төмен болып, жеңінің ұзындығы саусақ ұшын жабуы керек. Қазақ шапандарының алдыңғы 2 өңірі, артқы бойы, екі жеңі және жағасы ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті мен алдыңғы өңір бойдың қусырылар екі жақ етегіне мықынға жеткенше етегін кеңейту үшін екі үшкіл шабу қойылады. Бел жағы тарлау келеді. Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Жең түптері кең келеді де, оны жең түп, ойынды, колтырмаш деп атайды.
Бешпент Бешпент жеңілдеу тігілген астарлы шапан мағынасында қолданылады. «Кимесем екі бешпент сән болмайды» (Халық әні). Сөз төркініне келсек басқа түркі тілдерінде де кездесетін осы тұлғалас сөздің төркінін көптеген ғалымдар зерттеген. Олардың пікірі бойынша бұл сөздің төркіні түркі тілінде дегенге саяды. Э.В. Севортян еңбегінде сол пікірлерді келтіре отырып сөз төркіні түркі тілдерінен шықты дегенге күмәндана қарайды да бірақ өз тарапынан еш нәрсе ашып айтпайды. Э.В. Севортян күмәнін қостайтын деректі біз парсы тілінен табамыз, пәшім - жүн, жабағы, ал пашминэ жүннен жасалған мата және осыдан жасалған киімдер деген мағынасында. Осы тұлғалы сөз парсылардан арабтарға өткен, араб тілінде, бишт плащ іспеттес киім.