Киімнің негізгі түрлері: -баскиім
-сырткиім
-шалбар
-аяқкиім
Баскиімдер ұлттық киімдердің мәнерлі де ерекше бөлігі болып саналады, олардан халқымыздың эстетикалық талғамын аңғарамыз. Ұлттық киімдердің ерекшелігімен қоса адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай, киген киімі сонымен бірге жүздің, рудың ерекшеліктері де жақсы сақталған.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елінің тұрмысындағы өзгерістерге байланысты, мәдени өмірінде де өзгерістер болды. Осыған қарамай жүздердің, рулардың, дәстүрлерінің сақталып қалуы, халықтың қоғамдық және мәдени өміріне өз әсерін тигізді, нәтижесінде жүз бен рудың ерте заманнан келе жатқан киім үлгілерінің ерекшеліктері сақталынып қалды.
Баскиімдерде жиі географиялық, ру-тайпалық ерекшелік байқалады. Мысалы, ұлы суреткер М. Әуезов еңбектерінде сегіз сай уақ тымақ, үш құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған алты сай найман тымақ, төрт сай аласа тобықты тымағы деген біртекті баскиімнің сан алуан түрлері аталатындығын, оны суреткер мұрасын зерттеген доктор Е. Жанпейісов еңбегінде атап өтеді. Бұған қоса аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, Қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген түрлері де ел арасында айтылады.
Ерлердің баскиімдері Еркектің баскиімі сан жағынан онша көп емес:
қалпақ, бөрік, тымақ (жекей, құлақты, жаба салма, төрт, сегіз сайлы, дөңгелек төбелі, шошақ төбе);
кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар);
жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа және т.б. );
қырпу (іштік бөрік);
Тақия Тақия – кішігірім сәтен, барқыт сияқты маталардан әртүрлі тәсілмен (сыру, кестелеу)тігілген баскиім. Оның қалыңдау, жұмсақ маталардан астар тігіп, арасына кейде жұқалап жүн немесе мақта салып жасайтын түрлері де болған. Ерлерге арналған тақияның кестелісі де, кестесізі де болады. Тақияны төбесін төрт сай немесе дөңгелек төбелі етіп тігеді. Тақияны, еркектер үлкен баскиімнің астынан міндетті түрде киілетін баскиім ретінде ұстанған.
Жібек пен алтын немесе күміс зерлермен кестеленген барқыт тақияларды көбінесе жігіттер киген. Ерлерге арналған тақияның кестелісі де, кестесізі де болады. Тақияның орта жастағы, қарияларға арналған түрлері онша кестелеп әшекейленбейді. Тақиялар көбіне «тандай», «ирек», «қабырға» тігістермен сырылады.
Ал дөңгелек кепештің төбесі шошақ, тақия сияқты қабырғасы бөлек бола- ды. Кепештің бұл түрін де қатырып алған соң инемен немесе бізбен кестелейді. Осылайша кестеленгеннен кейін астарлап барып қусырады. Өңі тұтынушының қалауынша таңдалады да көбінде орта жастан төменгі ер-азаматтар киеді. [Халел. Н. «Ұлттық мирас»].
Тақияның кейбір түрлерінен көршілерден ауысқан өзгерістерді байқауға болады. Шыңжан қазақтарының найман тайпасындағы қызай руында «қызай тақия» деп аталатын тақия түрі жиі ұшырасады. Оның керегесі көлбеу, төбесі тегіс, жалпақ дөңгелендіре салынады. Балаларға арнап тігілген мұндай тақиялар барқыт, мақпал сияқты асыл кездемелерден тігіліп, астарының арасына жұқа киіз немесе қатырма салып сырады. Төбесінің дәл ортасынан және қабырғасының төрт жағынан айналдыра жұп өрнекті қошқар мүйіз, құс қанат формалы ою бастырып, зержіппен кестелейді. Етегінің жиегіне зермен біркелкі ара тіс ирек түсіреді. [«Қазақтың дәстүрлі киім-кешектері». «Іле халық» баспасы, 2006].
Қалпақ Қалпақ ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлер баскиімі. Оны күз бен көктемде, салқын таулы өңірлерде жаз айларында таңертеңгі және кешкі мезгілдерде киеді. Төбесі шошақ биіктеу, етегі кең келген бұл баскиім күннің сәулесін, суық өткізбейді, желге қақтырмайды, жауын-шашында пана, сәнді де сәулетті киім. Оны ақ киізден немесе қалың матадан тігеді. Қойдың ақ жүнінен, ақ қозының күзем жүнінен, көбіне ешкінің ақ түбітін қосып басқан шымыр жұқа ақ киізден тігеді. Ол негізі екі бөліктен құралады. Олар қалпақтың төбесі және етегі (кейде қайырмасы) деп аталады. Төрт сайдан тұратын қалпақтың сайларының арасына қара барқыттан сыздық салып қайып тігеді. Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәрізді болады. Қалпақтың етегін жоғарғы бөліктің етегіне сыздық салып қондырады. Қайырма етегі мен төбесін түрлі түсті жібек матамен тыстаған немесе ою-өрнек салған түрлері де кездеседі. Төбеден төгілдіре шашақты маржан тағылады. Кейде қайырма етегінің алды- арты жырық келеді. Көбіне жиегіндегі қайырмасы қара, қызыл, күрең түсті барқытпен әдіптеледі.
Мұрақ Мұрақ – лауазымды адамдар киетін екі жағы қошқар мүйізденіп келетін, сән-салтанатқа киілетін қалпақ. Жай уақытта киюге қолайсыз. Мұрақ жайында мақал-мәтелдер көп. «Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты», «Қалмақ абзалы – мұрақ , көрпе абзалы құрақ», дейді. Мұраққа қарап халық мансапты – адамды айырады. Мұрақ қалпағын елбасы, төре, билер киген. Мұрақты оюлап, өрнектеп, әртүрлі алтын-күмістелген жіптермен тігеді. Ою-өрнек жібіне қарай мұрақтар жылтырап көрінеді. Мұрақты көбіне иесі әртүрлі жиын, жиналыс, той-томалақ, сән-салтанатқа киеді. [Б. Кәмалашұлы. «Қазақтың байырғы салт- дәстүрлері». Өлгий, 2005].
Тымақ Тымақ – биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етектен тұратын, аңның, малдың терісінен тігілген қысқы баскиім. Суықтан, бораннан корғайтындай мол пішіледі. Сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тыстайды. Оның іші тері, сырты шағи, пүліш, барқыт, дурня, тағы басқа матамен тысталады. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды. Екі құлақтың сырт жағынан бастыра матадан жалпақ екі бау тағылады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе арша сияқты берік ағаштан тиек жасап кадайды. Оны құрысқақ дейді.
«Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп суреттеген:
Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысқақ.
Әдебиеттерде тымақтың сан ондаған атаулары кездеседі. Қазақтың рулары мен тайпалары ішінде тымақтың тігілу ерекшеліктері әртүрлі болады. Осыған байланысты атаулары да ру-тайпасына, кейде үлгі ерекшелігіне, таралған аумағына қарай әртүрлі болуы ықтимал. Тымақ түрлерін атасақ арғын, найман, үйсін, жалайыр, каракесек, керей, жекей, күйеу тымақ, жіңішке ұзын төбелі керей тымақ, төрт сай аласа төбелі тобықты тымақ, сырмалы алты сай найман тымық, сегіз сай уақ тымақ, қайырма, қыпшақ төбе, сегіз сай, төрт сай, төрт сай үйсін тымақ, шошақ төбе тымақ, үкілі тымақ, М. Әуезов шығармаларында Торғай тымағы, Семей тымағы деген түрлері аталады.