56. АҚЫНДАРМЕН ҚАЛАЙ ҚАТЫНАСУ ЖӨНІНДЕ
АЙТЫЛАДЫ
Шайырлар бар сөзден кесте төгуші,
Кісілерді мақтап, даттап-сөгуші.
Қылыштан да өткір, ащы тілдері,
Қылдан нəзік ойларының іздері.
Ұққың келсе жырдың нəзік сөздерін,
Естіген əр сөздің тінін көздегін.
4395 Ақын жанның теңізіне енеді —
Бейне інжу, гəуһар, жақұт тереді.
Мадақтаса — мақтауы елге жетеді,
Егер сөксе — масқара, қор етеді!
Жақсылықпен араласып жүр, досым,
Шоқ тіліне ілінбе (өртер), біл, досым!
Мақтау күтсең — көңілін тап, сүйінсін,
Сүйініштен тілімен бал үйірсін.
Не қаласа, бергей түгел, аяма,
Ая өзіңді от тілінен аяла!
Достарыңызбен бөлісу: |