37
ген ұғымда жұмсалған деп ойлаймыз. Бұл тұлға қазірде әдеби тіл
нормасында қолданылмайды деуге болады, дегенмен ауызекі сөйлеу
тілінде жұмсалуы мүмкін.
Алғаным сөзін біз эпостар тілінен және өткен кезеңдердегі ақын-
жыраулар тілінен кездестіреміз. Мысалы, «Алпамыс» жырында
Байбөрі бай бәйбішесіне:
Рас па сөзің, алғаным,
Алаша төсек салғаным,–
дейді. Бұл жерде Байбөрі жасы ұлғайып қалған әйеліне аруым, жа-
рым дей алмайды. Сірә, өткен кезеңдерде күйеуінің әйеліне үй
ішінде айтатын қаратпа сөзі немесе жалпы өз әйелін атауы үшін
айтылатын сөз – жоғары поэтикалық бояуы бар жарым, жұбайым,
қосағым деген сөздер де емес, кейінгі кездерде мүлде тұрпайы сипат
алып кеткен қатыным деген сөз де емес, өткенде қазақ тілінде онша
жиі қолданылмаған арабтың әйелім сөзі де емес, бейтарап мәндегі
алғаным сөзі болған болу керек. Сондықтан:
Алғаным асыл ару деп, –
деген өлең жолын Асанқайғыдан кездестірсек,
Алғаным мен балдарым…
Артымда қалған алғаным, –
деген жолдарды Махамбет ақыннан ұшыратамыз.
Сөз төркіні айдай анық: алу етістігінің есімше тұлғасы, ол зат есім
қызметін атқарып, «алған әйелі, жұбайы, зайыбы» деген ұғымға ие
болған тәрізді. Бірақ бір ғажабы – алғаным сөзі ескі жырларда әйелге
де, еркекке де қарата айтыла берген, сірә, қосағым, жарым, жан жол-
дасым деген сияқты жыныстық айырым мағынасы жоқ сөз болу ке-
рек. Мысалы, жоғарыда келтірілген мысалдардың көбі әйелге қарата
айтылған болса, мына жолдарда ер адамға айтылған қаратпа болып
келеді. Мысалы, Ер Қосайдың анасы Арубибі ері – Ақжонасқа:
Айналайын алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын, –
деп назданады. Сол сияқты Алпамыстың анасы – Аналық Алпамыстың
әкесі – Байбөріге: Мақұл десең алғаным – дейді. «Қыдырбайұлы
Қобыланды» деген жырда:
Сонда кемпір егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Алғаным еді Қыдырбай…−
деген жолдарды оқимыз. Тіпті бұл жердегі алғаным сөзінде тәуелдік
мағына жойылып кеткенге ұқсайды, сөз осы тұлғада «қосақ, жар,
әйелі, күйеуі» дегенге меңзейді.
38
Өткен ғасырда қазақ жерінен жинаған материалдарды түркі тіл-
дерінің салыстырма сөздігіне енгізген Л.Будагов алған сөзін «алған
әйелі, ері» деп аударады да жақша ішіне өлеңдерде «сүйіктім» деген
мағынада келеді деп көрсетеді (Будагов, II, 392). Бұл жерде сөздікші
талдап отырған сөздің сырын дұрыс таныған сияқты. Егер алғаным
сөзі әйеліне қарата айтылғанда, ал етістігіне қатысты екені көңілге
қонымды (әйелді алады) болғанымен, ер адамға қарата айтылғанда,
сөздің түпкі мағынасы шықпайды (күйеуді алмайды, күйеуге шығады,
ерге барады). Демек, жырларда қолданылған алғаным тұлғасы мета-
фораланып, «сүйіктім, аяулым» деген сияқты мағынада жұмсалған
деп табамыз.
АЛДИЯР. Қазақтың эпостық жырларында, ертегілерінде, Махам-
бет жырларында хан, сұлтан сияқты әлеуметтік дәрежесі жоғары
адамдарға қарата айтылатын алдияр сөзі жиі кездеседі:
Алдияр бас хандарым,
Жаңа келді Қамбарың...
Алдияр тақсыр ханымыз.
Шоқан алдияр сөзін «Алла жар болсын» дегеннен шыққан деп
таниды (Валиханов, I, 226). Кейінгі этимологтер де осы пікірді
қуаттайды (Этимол. сөздік, 32). Қырғызша-орысша сөздіктің ав-
торы К. К. Юдахин де алдияр – араб, парсы сөзі (Алла + йар) деп
табады да монархтар мен хандардың құрметті дәрежесін (титулын)
білдіретін, орысша «ваше величество» дегенге сай тарихи көне сөз
деп түсіндіреді (Юдахин, 49). Біздіңше, бұл – жаңсақ пікір.
Ертеректе, хандық дәуірде қазақтар қолданған алдияр сөзі
монғолша алдар сөзімен төркіндес болу керек. Алдар «даңқ, атақ,
мәртебе, дәреже» дегенді білдіреді. Бұл сөз қалмақ тілінде де бар.
Алдияр қалмақша «ұлы» деген мағынада. Алдияр қазақ тілінде жеке
тұрып та, алдияр тақсыр, алдияр хан сияқты тіркестер түрінде де
қолданылған. Бәрінде де ол «мәртебелі, ұлы» деген мәнді білдірген.
Ал бұл эпитет хан, бек, сұлтан сияқты билеушілерге ғана айтылғаны
мәлім. «Алдияр деген сөзді қазақтар хандарға айтқан, бұл сөз кейде
алдияр тақсыр деп те келеді» (Будагов, II, 392).
Шынында да, бұл сөз орысша «ваше величество» деген тәрізді
құрметті титулды (дәрежені) білдірген. Әрине, алдияр сөзі қазақ
тіліне монғол немесе қалмақ тілінен кейінгі ғасырларда енді ме
әлде ежелден түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз бе – әзірге кесіп айту
қиын. Сірә, бұл сөз түркі тайпалары тілінде монғол шапқыншылығы
кезінен (XIII ғ.) бастап қолданылған болар. Оның үстіне ханда-
39
ры тек қана Шыңғыс әулетінен болып келген қазақ қоғамында сол
хандарға монғолша алдияр (ұлы, мәртебелі) деп айту орын алған болу
керек. Өйткені алдар/алдияр сөзі көне түркі тілінде жоқ, өзге түркі
тілдерінің де барлығына тән емес.
Достарыңызбен бөлісу: