53
түбірден туындаған байғұстық, байғұстау сөздерінің мағынасын
да осыдан шығарады («мүсәпірлік, сорлылық»). Ал байғұс сөзі күні
кешеге дейін, тіпті Абай заманында, Абайдың өзінде екі-үш іргелес
мағыналардың бірі – жоғарыда көрсетілген «мүсәпір, бейшара» де-
ген, екіншісі – «жалпы кедей адам», бай дегеннің антонимі, үшіншісі
– «жалшы, бақташы» мағыналарда қолданылған. Мысалы, Абайдың:
Бай байғұсым десіп деп,
Шақырып қымыз берсін деп, –
деген өлең жолдарындағы байғұс – малшы, жылқышылардың біреуі.
Байғұс сөзінің ілгергі ғасырларда «кедей, жоқ адам», мағынасында
жұмсалғандығын мына мысалдар да дәлелдейді. Сәкен Сейфуллин
жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінде:
Бай кісі мен байғұсты
Бәрін бірдей тең көрген, –
деген жолдар бар. Мұнда байғұс сөзі – бай сөзінің антонимі, яғни
қарама-қарсы мағынаны білдіреді. Бұхар жырауда да байғұс – жарлы
сөзінің синонимі:
Өтермеден кетер ме
Жарлы менен
байғұстар.
ХІХ ғасырда түзілген екі тілдік сөздіктерде де байғұсты «бедняк,
бедный, бедняжка (с оттенком сожаления и участия)» деп аударғанда,
бұл сөздің түпкі мағынасы бір болғанмен, бірде әлеуметтік топ ата-
уы – жарлы, кедей деген сөздердің синонимі болса, бірде аяу реңкі
бар бедняжка сөзімен аударылған. Бұл жерде мағына реңктері жақын
болғанмен, екі сөзді қосып жіберген. Сірә, ертеде байғұс сөзі – жалпы
белгілі бір әміршінің қол астындағы бағынышты адам, яғни қарашы
сөзінің синонимі болып та қолданылғанға ұқсайды. Ал қарашы –
ілгергі орта ғасырларда (ХVІ ғасыр жазбасы – Жалайыр Қыдырғали
бидің шежіресінде) ханның қасындағы кеңесші (осы кітаптың
сөзтізбесінен қарашы сөзін қараңыз), ал кейінгі кезеңдерде ХVІІ-ХІХ
ғасырларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтар айқындалып, бай-
лар экономикалық жағынан хан үйлерінен кем түспейтін дәрежеде
күшейген кезде, олардың айналасында да қарашы тәрізді әлеуметтік
топ пайда болады. Бір кездерде байғұс сөзі осындай топты да атаса
керек. Мысалы, Катанов жинаған мақал-мәтелдердің ішінде «ханның
ісі қарашыға түсер, байдың ісі байғұсқа түсер» деген мәтел бар. Абайда
да жоғарыда келтірілген мысалда байғұс сөзі осы мағынада көрінеді.
Ал ХVІІІ ғасырларда байғұс сөзінің бұл мағынасы көмескіленіп,
енді «жарлы, кедей» деген әлеуметтік топ атауына айналғаны бай-
қалады. Бұл сөз бай атауының қарама-қарсысында тұратын антонимі
54
болып қолданылады. Оның бұл тұста беретін мағынасы «жалшы, жал-
дама еңбек адамы, малай, қызметші, күндікші» (Букин сөздігінде).
Демек, байғұс сияқты кірме сөздің мағыналық қозғалысы (өзгерісі)
соңғы бірер ғасырдың өзінде құбылып отырғаны байқалады. Оның
«жалшы, қызметші» мағынасы ескіріп, «бейшара, мүсәпір» сияқты
мүсіркеу реңкі бар мағыналары тұрақтала түскен.
Достарыңызбен бөлісу: