112
тұратын, жұқаша қабық» деген түсінік берілген. Мұның, әрине,
жоғарғы тұрақты тіркестегі қағанақ-қа еш қатысы (жақындығы) жоқ.
Қағанақ Будагов сөздігінде де «послед от ягненка» (Будагов,
ІІ том, 18-бет), ал Радлов: қағанақ – қазақ тілінде «уызды пісіріп
жасаған тағам» (вареное первое молоко после отеления) деп береді
(Радлов, ІІ том, часть 1, 1899, 73-бет). Мұны бір халық өлеңіндегі
қолданысы дәлелдейді:
Қойым жайып келемін бозғанаққа,
Өзім тойып келемін қағанаққа…
Ал қарық болу сөзінің мағынасы «бір нәрсеге жарыды, кенеліп
қалды, жетісті» екендігі мәлім. Демек, қағанағы қарық – «піскен уыз
сияқты тәтті тағамға кенелді (әбден тойды)» деген ұғымда айтылған
бейнелі тіркес. Енді сағанақ сөзінің мән-мағынасын іздесек, бұл сөз-
дің мағынасын «Түсіндірме сөздік»: «керегенің қоспасындағы шолақ
ағаштар», – деп береді (ҚТТС, 8-том, 92-бет). Демек, сағанақтың сары
деп бейнеленуі сары (көне тұлғасы – сарығ, одан «қазақшалануы»
сарық) дегеннің сөз тіркестеріндегі әр алуан мағыналарының бірін
көздегендік болар және ол тіпті де түске қатысты болмауы да мүмкін,
ол бейнелі мағына «тұтас» дегенді де, «ұзын» дегенді де тағы осындай
семалық сипаты (мағыналық реңкі) бар қолданыс болар. Ал тұтас фра-
зеологизм, «Түсіндірме сөздік» біршама дұрыс көрсеткендей, «мәз-
мейрам, мәре-сәре» деген ыңғайда жұмсалады, тіпті, дәлірек айтсақ,
«үйі берік, тамағы тоқ» немесе «көйлегі көк, тамағы тоқ» дегеннің
синонимдік қатары деуге болады, яғни «тұрмысы жақсы, бар керекке
кенелген» деген ұғымда жұмсалады. Бұл бейнелі фразеологизмдегі
қағанақ та, сағанақ та – бұл күнде ұмыт бола бастаған сөздер немесе
тұлғаның (сөз пішінінің) өзі болғанмен, мүлде басқа мағына беретін
диалектизм (жергілікті сөз) ретінде көрінеді. Мысалы, диалектолог
мамандардың мәліметтеріне қарағанда, қағанақ – Семей, Абай аудан-
дары тұрғындарының тілінде «лампаның шынысы» дегенді білдіреді
(ДС, 1969, 180-бет). Орта Азия халықтары тілінде сағана/согана сөзі
де бар, ол – «мазардың алдыңғы бетінде кішкене төрт бұрышты етіп
қалдырған кішкентай көздері (одан өліктің аруағы шығып кетуі ке-
рек) (Г.П.Снесаров Реликты домусульманских верований и обрядов у
узбеков Хорезма, М., 1969, 110-бет).
Біз талдап отырған сағанақ сөзінің осы сағана/согана сөзіне
қатысы болуы да мүмкін: кереге де – төрткөзденген зат қой. Мұны
этимологтер іздестіре жатар.
ҚАҒЫЛУ. Бұл күнде қағылу сөзін қағу етістігінің ырықсыз етіс
түрі деп ұғамыз. Сондықтан «Қобыланды» жырындағы:
113
Не қылсаң да, маған қыл,
Бұрылға сірә қағылма, –
деген Құртқаның сөзіндегі қағылма етістігін «соқтықпа, ұрынба»
деген сөз деп ұғынамыз. Бұл тұлға осы мәнде жеке тұрып кемде-
кем қолданылады. Жоғарыдағы ұғымда қақтықпа сөзі кәнігі. Ал
қақы- (қақу) етістігі көне түркі тілдерінде «ашулану, өшігу» дегенді
білдірген. Біздің контексіміздегі қағылу сөзінің мағынасы да «ашу-
лану» дегенге сай келеді. Біздіңше, қақтығу мен қағылу дегендер
осы қақы- түбірінен өрбіген. Бірақ екеуі бір-біріне жақын екі түрлі
мағынада қолданылған: қағылу – «ашулану», қақтығу – «соқтығу,
ұрыну».
Достарыңызбен бөлісу: