КҮНІЛЕСКЕН. XV-XVII ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулары
мен батырлар жырларында күңкілдескен көп жаман деген өлең
жолы кездеседі. Мұндағы күңкілдескен деген сөзді «наразылығын
ашып айта алмай, ренжіткен адамның сыртынан сөз ету» деген
мәнде түсінуге болады. Ал бірақ, біздіңше, бұл сөздің дұрыс тұлғасы
күнілескен болуы мүмкін. Ол күнде сөз түбірі – күні болмақ. Күні сөзі
көне түркі тілінде «қызғаныш, қызғанған» дегенді білдірген. Осыдан
туған қазақтың күндеу («көре алмау, қызғану»), күндес, қырғыздың
күнү, күнүлөш («күйеулері бір әйелдер») деген сөздері бар.
Күні («қызғаныш») деген есім сөзден -ле жұрнағы жалғанып,
етістік туады (балтала, қолда дегендердегі сияқты), яғни осы күнгі
күндеу етістігінің о бастағы тұлғасы көне түркі тілдегідей күнілеу
болуы керек. Ал күнілеу, күнілесу «күндеген, қызғанған, көре
алмаған» деген мағынаға ие сөздер болып шығады. Бұл сөздің ер-
теде қолданылған көне тұлғасы келекеле күңгірттеніп, бір жерде
күңкілдескен (мұның да түбірі күні болуы мүмкін), екінші жерде
күйбеңдескен (мысалы, Шалкиізде: «Күйбеңдескен көп жаман Сөзі
тигенге ұқсайды»). Үшінші жерде қоңқалаған (тағы да Шалкиізде:
«Қоңқалаған көп жаман Сол жақсыны көре алмас») болып құбылып
отырған. Белгілі бір тұрақты тіркестің ішіндегі сөздердің құбылуы
сол құбылып өзгерген сөздің күңгірттенуінен, түсініксіздігінен туа-
тыны мәлім.
КІРІС. Қазақтың эпостық жырларындағы, Махамбет сияқты
жаугершілікті толғаған ақын-жыраулар тіліндегі кіріс сөзі контекс-
ке қарасақ, көбінесе «жақтың тартпа бауы, кермесі, адырнасы»
мағынасында жұмсалған. Мысалы, «Қыз Жібектегі»:
Саржанның кірісі
Тартуға келмей үзілді.
«Ер Қосай» жырындағы:
Он атқа алған бұқаржа
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Атқаныма шыдамай,
Кірістен кетсең саған серт! –
деген жолдарда кіріс адырна, тартпа, керме бауды аңғартады.
Көне дәуірлер мен орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерін-
де кіріш – жақтың кермесі, яғни адырна (ДС, 309; Фазылов, I, 607;
Құрышжанов, 146). Демек, қазақ тіліндегі кіріс – көне замандар-
дан келе жатқан байырғы түркі сөздерінің бірі. Ертеректегі түркі
тілдерінде «қуруғ йығач егілмес, қурмыш кіріш түгүлмес» деген
110
мәтел болғанын Махмұт Қашқари көрсетеді (МҚ, I. 198). Қазіргі
қазақшаға келтірсек, бұл мәтел «құрғақ ағаш иілмес, тартылған
(құрылған) кіріс түйілмес (түюге келмес)» болар еді.
Кіріс сөзін С.Аманжолов алшын диалектісінің, яғни Қазақстанның
батыс өлкесінің сөзі деп санайды (Аманжолов, 134). Ал фактілерге
қарасақ, қазақ даласының тек алшындар жайлаған аймағы емес, өзге
өңірлерде туған өлең-жырларда да адырна мен кіріс сөздері қатар
кездеседі.
Кіріс сөзін қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі де, екі тілдік
сөздіктері де бермеген. Ал Ә.Қайдаров кіріс-ті жақтың екі ортасының
түйіскен жері, жақ ортасы деп таниды, яғни кіріс – жақ атушының
адырнаны созғанда, жебені ұстап тұратын жері дейді де бұл сөз
кір- деген етістік түбіріне -іс жұрнағы жалғанып жасалған деп са-
найды (Кайдаров, 31). Зерттеуші Ғ. Мұсабаев та кіріс сөзін «гнездо
лука (жақтың ұясы)» деп аударады. Демек, ол да кіріс сөзін жақтың
оқ орнықтырып ұстайтын орта тұсы, оқ ұясы деп түсіндіреді. Ал
біздің топшылауымызша, бұл сөз қазақ тілінде негізінен (көбінесе)
«адырна, керме бау, жақ тартпасы» мағынасын берген және ол кіру
етістігінен емес, керу етістігінен жасалған болу керек. Кер- етістігі
«тарту, созу» мағынасында түркі тілдерінде «атам заманнан» бар сөз
(ДС, 300), -іш (қазақша варианты – -іс) жұрнағы – етістіктен есім ту-
дыратын қосымша. Сонда керіш (керіс) сөзі «керілген нәрсе, керме,
тартпа» дегенді білдіреді.
Керіш сөзіндегі е дыбысының қысаң і-ге ауысуы – түркі тілдері
үшін жат құбылыс емес. Демек, көне керіш тұлғасы – қазіргі керме
сөзінің баламасы болып шығады (-ме жұрнағы да етістіктен есім
тудыратыны белгілі). Бұл түбірден кереге сөзі де жасалған тәрізді,
өйткені кереге де – киіз үйдің керілетін бөлшегі.
Ал жақтың оқ орнықтырып ататын орта тұсы «Ер Қосай» жырын-
да айтқандай, қуыс деп немесе суреттеме түрде басқаша аталса керек:
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Көне түркі тілдерінде бұл мағына йа бағры (жақ бауыры) деп
берілген (ДС, 221). Кіріс сөзі бұл күнде ұмыт бола бастағандықтан,
әртүрлі жазылып та жүр. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының 1963
жылғы басылымында:
Кірестен оғы өтеді
Сансызбайға жетеді, – деп жазылған.
КІРІШ. Бұл сөз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Ен дария емшек сүтім кіріш тартар, –
деген жолда кездеседі. Сондай-ақ Бұхар жырауда:
111
Ат тұяғы тимеген
Ақ кіріш тас суда бар, –
деп келеді. Кейбір басылымдарда дәл осы жол ақ кірпіш тас деп қате
жазылып жүр. Кіріш сөзіне «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында «ақ,
аппақ» деп біршама дұрыс түсінік берілген. Көне түркі тілдерінде
кіршен сөзі «бетке жағатын ақ нәрсе» дегенді білдірген. Қазақтың
ертеректегі тілінде де кіріш сөзі ақ деген сөздің синонимі ретінде
жұмсалған тәрізді. Оған ақ кіріш тас, емшек сүті кіріш тарту деген
тіркестер дәлел. Кириш сөзі «ақ балшық» мағынасында қазіргі ноғай,
түрік тілдерінде қолданылады. Кирәч сөзі әзірбайжан тілінде де
«гипс, алебастр» деген мағынада жұмсалады. Бұлардың барлығында
да тастың, минералдың ақ түсіне қатыстылық бар. Сөз төркініне
үңілушілердің бірі – Б.Сүлейменова орыс тілінен енді деп жүрген
кірпіш сөзінің өзін осы кіріш сөзімен жанастырады (Этимол. сөздік.
109-111). Ал орыс тіліндегі кирпич сөзі бұл тілге түркі тілдерінен
енген деген пікір де айтылып жүр (Шипова, 183).
КІШІЛІК. Жырларда және XVIII-XIX ғ. ақындарында кішілік
сөзі кездеседі. Мысалы, Алмажан Азаматқызында:
Алмажан сынды бейбақты
Кішілікке алуға, –
деген жолдар бар. Сырт қарағанда, мұндағы кішілік сөзі кіші деген
сөзден жасалған (кіші әйел, тоқал) сияқты болып көрінеді. Ал,
шындығында, бұл сөздің түбірі – көне түркі тілдеріндегі кіші /кіс
сөздері. Махмұт Қашқаридің көрсетуі бойынша, кіші сөзі «біреудің
әйелі» дегенді білдірген, «үйлену» дегенді кіші алу деген (қазақ
тіліндегі қатын алу, қазіргі әйел алу дегендермен салыстырыңыз).
Демек, кішілікке алу «әйел етіп алу» деген мағынада. Сірә,
«кішкентай» мағынасындағы кіші сөзінің актив қолданылуына бай-
ланысты және қатын, әйел, зайып, жұбай сөздерінің тіл кәдесін
әбден атқаруына орай «біреудің әйелі, жұбайы» деген ұғымдағы кіші
сөзі қазақ тілінен мүлде ығысып кеткенге ұқсайды да тек кішілік
тұлғасында көненің көзі ретінде некен-саяқ жұмсалып келгені
байқалады. Е.Жанпейісов кішілік сөзі бір кезде тіпті еркекке де
қатысты айтылған болу керек деп топшылайды да бұл сөз «құл»
мағынасын берген болу керек дейді (Жанпейісов, 44).
Достарыңызбен бөлісу: |