260
«Жетімдерге жем бердім, Жесірлерге жер бердім» дегенде жетім
де, жесір де – осы күнгі мағынада келіп тұр.
Қолға түскен тұтқындарды қамайтын орын негізінен зындан
болғаны белгілі. Бұл – қазірде де түсінікті сөз. Ол – жерді тереңдетіп
қазылған шұңқыр. Бұрын асыл бұйымдарды немесе керек заттарды
сақтау үшін қазылған орды қандақ деп атаған. Бұл – парсы сөзі, түбірі
қандан – «қазу». Қандақта негізінен зат (қазына) сақталады.
Қазыналы қандағы
Есепсіз түрі мол еді («Алпамыс батыр»).
Қандақ – әдейі қазылған ор, ал ордың адам қамау үшін қазылған
түрі – зындан.
Патшаның сол күнде
Қазулы оры бар еді,
Қуанып халқы жүгіріп,
Қандақтың аузын ашады.
Домалатып баланы
Зынданға әкеп тастады («Алпамыс батыр»).
Бұл жыр жолдарында қандақ – қазулы ор, ал оның адам қамауға
арналған тұсы зындан деп аталатыны байқалып тұр.
Қолға түскен батырдың өзін ғана емес, астына мінген атын да
қамауда ұстайтын болған (жақсы атты жаудікі деп қоя беру, өлтіріп
тастау – жылқы малының қадірін білетін түркі-монғол халықтарында
болмайтын салт, сондықтан оларды қамайтын жайдың арнаулы атау-
лары болған. Солардың бірі – әлек сөзі).
Әлек. Қобыланды батыр жырында:
Баланы тастап зынданға,
Шұбарды салды әлекке, – дейді.
Бұл сөздің мағынасын келесі жолдар түсіндіре түседі:
Темір үйді салдырды,
Темір үйге тастады
Шұбар атты кіргізіп.
Бұл – түркі тілдеріне араб тілінен ертеректе енген сөздердің бірі
болар. Араб тіліндегі әлек түркі тілдеріне бірнеше мағына беретін
болып қалыптасқанға ұқсайды. Қазақ тілінде бұл күнде әлек сөзі
«әбігер, әуре» және «азап» мағыналарында қолданылатын болса,
ноғай тілінде әлек сөзі – «өлім, қаза». Кірме сөздің семантикалық
қозғалысын о баста «азап, әуре», одан «өлім, қаза», одан «азап
шектіретін, қазаға ұшырататын орын» (темір тор, темір үй) болып
жұмсалған деуге болады. Бұл жердегі әлекке салу етістігі қазіргі
қолданыстағыдай «әуреге салу, әбігерлеу» дегенді емес, «қоршауға
әкеліп салу, темір үйге кіргізу» деген мағынада келген, бұл сөз қазақ
261
тілінде «азаптайтын темір тор, темір үй» мағынасында кездеседі.
Өте сирек қолданылған ескіліктің бірі. Түсіндірме сөздіктерде әлек
сөзінің біз көрсетіп отырған мағынасы берілмеген.
«Темір тор» мағынасындағы әлек сөзі ескі жырлардың өзінде
де сирек кездеседі. Алпамыстың Байшұбары сияқты өте күшті асау
жылқы болмаса, жалпы ат атаулыны темір торға қамамай-ақ ұстауға
болатыны белгілі, сондықтан ат қамайтын «түрмелерді» қазақтар
біле бермеуі де мүмкін.
Тұтқын болғаннан кейін оны босанып қашып кетпейтіндей етіп
ұстайтын амал-шаралардың болатыны белгілі. Қазақ қауымында
бұларды атайтын сөздер де ескіліктер қатарынан табылады. Олар да
мағыналары күңгірт тартқан, бұл күнде қолданыстан ығысқан сөздер
болып келеді. Солардың бірі – ақбұрғы.
Ақбұрғы. Тұтқынның мойнына салынатын кісен.
Ақбұрғылап мойнына
кісен салып,
Апарып темір үйге бөлек бағар («Арқалық батыр»).
Ақбұрғы, сірә, ағаштан жасалатын болу керек. «Арқалық батыр»
жырының екінші бір жерінде: «Ақ кісен, қол – шеге, мойнында –
ағаш» деген жолдар бар. 2006 жылға дейінгі сөздіктерде бұл атау
тіркелмеген. 2006 жылғы қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме
сөздігіне біз қостық. Ақбұрғы қазақтың ертеректегі өмірін суреттеген
өлең-жырлырда ғана сақталған. Сыртқы жаулармен жер үшін, елдік
үшін соғысып өткен қазақ халқының тілінде ұрыс-шайқас кезінде
тұтқынға түсу не тұтқын алу сияқты қарекеттерге қатысты сөздер
мен тіркестер аз болмаған. Соңғы ғасырларда (XIX-XX) ұмыт болған
бұл сөздер өлең-жырларда сақталған ескіліктердің бірі саналады.
«Алпамыс батыр» жырында қолжіп, бәзір деген сөздер – аяқ-қолды
байлайтын тұсаулар атауы бар:
Бір шіренгенде ақырын
Үзілді қолжіп танабы.
Босанған соң екі қол
Аяқтың бәзірін алады.
Бұлар да қазақ, қырғыз сөздіктерінде тіркелмеген. Қолжіпті
құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына қарап түсінуге болады:
Достарыңызбен бөлісу: