Аббар көшу. Бұл тіркестің мағынасы мәнмәтінге қарай топшы-
лап түсіндіріліп жүр. ҚӘТС-де аббар көшу – «суыт көшу, сыпы-
ра көшу» деп түсіндірілсе, ҚТАС-де «ұзақ көшу» деп танытылып-
ты және мұны Қытай қазақтарының ерекшелігі деп тіркепті, ал
келтірілген мысал Шалкиізден, XV-XVI ғасырлардағы ноғайлы
циклінің үлгілері екені белгілі. Демек, аббар көшу Қазақстанның ба-
тыс аймақтары тұрғындарының тілінде сақталса – бір жөн, ал Қытай
қазақтары тілінің жергілікті сөзі болып танылуы неғайбіл. Бұл – сірә,
Шалкиіздерді оқып отырып, жобалап топшылай салған таным болар.
Аббар сөзінің мағынасы түгіл, өзін не көне түркі тілдері сөздігінен,
не арабша-қазақша, парсыша-қазақша сөздіктерден таба алмадық.
Аббар – шеттілдік сөз екені даусыз, бірақ нақты тұлғасы (сыртқы
түрі – айтылуы, жазылуы) қандай дегенді іздестіру керек болады.
Бүгінгі қазақтар оқитын ескі өлең-жырлардың ішінде тек Шалкиізде
кездесетін сөз. Демек, ертеректегі ноғай тілінде қолданылуы мүмкін,
не біздің күнімізге тұлғасы өзгеріп, мағынасы күңгірттеніп жеткен
қолданыс болуы ықтимал.
Достарыңызбен бөлісу: |