ОРАЗДЫ, ЖИЫРЛЫ. Көне жырларда:
Ораздының он ұлы
Жиырлының жалғызы, −
немесе:
Ораздының ұлы өсер,
Жиырлының қызы өсер, −
деген жолдар бар. Мұндағы оразды сөзі «бақытты» деген сөз: ораз –
парсы тілінде «бақыт» дегенді білдіреді. Ал жиырлы деген сөз ешбір
түркі тілінде жоқ. Тегі, контекске қарағанда, бұл сөз жиырлы емес,
черлі болуы керек. Араб жазуындағы бір таңба әрі ж, әрі ч дыбысын
білдірген. Арабша жазылған нұсқадан қазіргі жазуға көшіргенде қате
оқылып, қате жазылған болуы керек. Сонда: «бақыттының он ұлы,
шерлі адамның (бақытсыздың) жалғызы» деген қарама-қарсы образ-
ды білдіретін сөздер болып шығады.
ОРДАЛЫ ЖЫЛАН. Әдетте орда сөзін жеке алғанда ханның,
батырдың т.б. ордасы, орталық мекенжайы деп түсінеміз, ал тарихи
шығармаларда Алтын Орда, Ақ Орда сияқты хандықтардың атауын
білдіретін сөз деп білеміз. Бұл күнде орда сөзі белгілі бір мемлекет
басшысының қызмет бабындағы орталық мекенжайы деген мағынада
қалыптаса бастады: «Ресей президентінің ақ ордасы, Қазақстан
ІІрезидентінің ақ ордасы».
Ал ордалы жылан, ордалы құлан дегендердегі орда сөзінің
мағынасы бұдан басқаша. Көне түркі тілдерінде орду сөзінің бір
мағынасы «жылан, тышқан сияқтылардың індері мен басқа да жан-
жануарлардың тұрақтары» деген болған (ДС, 370). Сонда ордалы
жылан – «белгілі бір жерде індері көп, шоғырланған жыландар, көп
жылан», ордалы құлан – «белгілі бір аймақты жайлаған құландар
үйірі» дегенді білдіреді екен.
ОРЫНДЫҚ. Қазірде өте түсінікті жиі қолданылатын сөздердің
бірі – орындық. Ол – адам отыратын үй жабдығы (орысша стул).
138
Бұл сөз өткен дәуірлерде де болған. Көне түркі тілінде орунлуқ –
«1) тақ, 2) тұрғы (бір нәрсенің тұратын, жататын тұрғысы)» (ДС, 372).
Қазақ тілінде де ертеде орындық сөзі бір нәрсенің тұрғысы дегенді
білдіргені байқалады. Махамбет өлеңінде кездесетін:
Орнықты қара сабадан
Қымыз ішер күн қайда? –
деген жолдардағы бірінші сөз орнықты емес, орындықты болуы
керек, өйткені жерді азырақ шұңқырлап, үлкен сабаларды соған
қоятыны белгілі, демек, осы шұңқыр – сабаның орындығы (тұрғысы)
немесе саба қоятын төрт таған арнайы орындық та болған. Төсек те
жалпы алғанда – тұрғы (жататын жер, орысша ложе), сондықтан жа-
татын кереует сияқты ағаш төсекті де ертеде қазақтар орындық деп
атаса керек. Мысалы, Доспамбет жырау:
Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім – өкінбен! –
дейді. Мұндағы орындық деп тұрғаны – биік ағаш төсек, зерлі деп
отырғаны – не өрнектелген (инкрустацияланған) төсек болар, не зерлі
жамылғысы бар төсек болар, қайткенде де мұндағы орындық қазіргі
отырғыш (стул) емес, төсек және ол төсек образ үшін алынып тұр.
ӨЛЕ ТОЙДЫ. Көбінесе күнделікті сөйлеу тілінде қолданылатын
өле тою деген тіркес бар. Осыдан барып өлгенше жеді, өлгенше
ішті деп те айта береміз. Бұлар – «мейлінше тою, көп жеу, көп ішу»
деген мәнде айтылатын сөздер. Түптөркінін іздестірсек, мұндағы
өле сөзінің «дүние салу, өлу» мағынасындағы өл- сөзіне еш қатысы
жоқ екен. Өл- етістігі – саха (якут) тілінде «тою» деген сөз. Демек,
ертедегі түркі тілдерінде қолданылған өл- «тою» сөзі мен қазіргі
тіліміздегі той- сөздері плеонастық қатар түзіп, яғни екі тұлғадағы
«тою» мағынасындағы екі сөз қатарласа айтылып, «мейлінше тою»
мағынасын беріп тұр. Әрине, «тою» мағынасын беретін өле сөзі
қазақ тіліне якут тілінен енген деуге болмайды. Бұл – сірә, өте ер-
теден қалған көненің көзі болар. Мұндай қалдықтар, сарқыншақтар
(реликтілер) қазақ тілінде аз кездеспейді.
САҒЫНУ, САҚЫНУ. Бұхар жырау Абылай ханға:
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба, –
деп ақыл айтады. Мұндағы сағыну сөзі – «біреуді көруге аңсау»
мағынасындағы сағыну сөзімен бір емес. Бұл жерде сағыну сөзінің
139
түбірі – сақ-. Көне түркі тілдерінде сақ- етістігі «ойлау, толғану, түю»
дегенді білдіреді, ал осы түбірден жасалған сақын- етістігінің бір
мағынасы «ойлау, есептеу» болған (ДС, 486). Бұл тұлғаның «ойлау,
ойлану, ниеттену» мағынасы ертеректегі қазақ тілінде де жұмсалға-
нын жоғарыдағы Бұхар толғауы танытады. Жаулық сағыну тіркесі,
осы күнгі тілімізше айтсақ, жаулық ойлау дегенді білдіреді.
Сақын- етістігінің мағынасы – «сақтану». Көне, орта ғасырлардағы
түркі тілдерінде «сақтану, қорғану» мағынасында қолданылған
сақын- тұлғасы ертеректегі қазақ тілінде де орын алған. Оған Шал-
киізде кездесетін:
Алп, алп, ал сақын,
Аңдып жүрген дұшпаннан жүз сақын.
Күле кіріп, күңіреніп
Шыққан достан мың сақын, –
деген жолдар мысал бола алады. Махамбет ақынның:
Мен тауда ойнаған қарт марал
Табаным тасқа тиер деп
Сақсынып шыққан қияға, –
деген жолдарындағы сақсыну сөзінің түбірі де сақын- болуы мүмкін.
«Қорғану, сақтану» мәніндегі сақыну тұлғасы «күні кешегі» Махамбет
заманындағы қазақ тілінде қолданыстан шығып қалып, ұмыт бола
бастағандықтан, сақсыну деп өзгеріп айтылуы әбден ықтимал.
Достарыңызбен бөлісу: |