Өлгенше бұзылмаған шабысың-ай.
Өлімің адамзатпен бірдей болып,
Кетті ғой қалың елге дабысың-ай.
…Ор болып қалушы еді – шапқан жерің,
Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.
Атығай, Қарауылға олжа салған
Бота тірсек, қыл сағақ сандал керім.
Ақан сері Құлагерді құшып, қатты құлады. Жақсы жігіт, ақылды әйел, әдемі қыз, адамның кәрілік пен жастығы, өмірдің қызуы мен қызығы тербеген ақпейіл Ақын адам жасаған жамандық құдығының қара батпағына қорғансыз жанын кірлетті.
Сері Ақан әншілік өнерпаздығының үстіне үлкен лирик ақын. Оның
ХХ ғасыр басында баспа жүзін көрген “Мылтық пен мергеншілік” өлеңі Абайдың “Қансонардағысымен” туыс көрінеді. Аң аңдыған аңшының құмарлығы, сақ қимыл, астарлы әрекетінің аясында шынайы сурет, қимыл-қозғалыс сәттің бар қалтарысы қамтылып түскен өлең.
Мылтық шаңқ еткенде жерді жарып,
Көздеген көп жеріне тисе барып,
Асығып жан-жағына қарап мерген,
Мақтанып бауыздайды қоразданып.
…Қанын сүртпей пышағын қынға салып,
Жаны шықпай тірсегін тесе салып,
Ат пен тымақ өзектің ар жағында,
Сүйретіп оған барар бір дем алып.
Ақан өлеңдерінде серілік өмірдің сәні де айқын жырланған. Оның “Торыны таң асырып мінген қандай” өлеңінде ғашықтық қызық дәурен, қызды ауылға қас қарая келіп, таң асырып аттанған ер жігіттің желдей ескен көңілі жатыр.
“Торыны таңға байлап мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай”, –
деп басталған сезім жыры – бозбала дәуреннің қимасы мен қызығының қысқа ғана жырбаяны.
Ақан “Адамның біліміне ақыл серік” дейді, үйде құр отырма, талап қыл, ойыңды жұмса, тұрмысыңды түзе дейді.
А. Жұбановтың Ақан серінің ұлғайған шағындағы өнерпаздық күйін ашуында Ақанның ақындық алымының бір қырын және байқаймыз.
Мұндағы ақын термесінің сазы мен өлең құрылымы, ән өлеңдері жаңа бір түрді, Ақан ашқан түрді меңзейді.
“Жасы алпысқа келгенде де Ақан ән салуын қоймады. Бұл кездерде жас шағындағы өлең-әндерінен басқа тақырыпқа көшеді. Бұрынғыдай шырқап салатын дауыс күші де әлсірейді. Сондықтан ба, Ақан ақын насихат, толғау сияқты сөздерді термемен айтады. Бірақ Ақанның термесі біз білетін жыраулардың төкпе жыр музыкасына ұқсамайды. Оның термесінің өзі құрылыс, ырғақ жағынан бір төбе болып тұрады.
Белде, белде бел асар,
Белгілі жерден ен асар.
Әлдилеген ақ бесік,
Келіншекке жарасар… –
деп басталатын сөздермен, мелодияның аса кең емес, шамалы көлемде болып, орындаушыға жәйлі терме кетеді” [70, 80 б.].
Тегінде сал-сері шығармашылығы халықтың дәстүрлі үлгі-өнеге үйрету мектебінің бір арнасы.
Көкбай ақынның “Салдарға” деген өлеңіндегі жадағай қызық қуған желөкпе, парықсыз қаңғыбас – бір бөлек.
Көкбайдың өлеңінде салдардың арғы астары айтылмаған сырт кейпі ғана бар.
Бояулы ер, түлкі тымақ, ақ үзеңгі,
Көк белбеу, саптама етік, шапан өңді.
Мал бағып, еңбек етпей, ат сабылтып,
Құдайдың қас әуресі таптың нені.
Сал әуре қыз-келіншек басын сүйеп,
Үкіден бастарына таққан шені
Оқу мен өнер білім жұмысы жоқ
Сергелдең серіліктің бар ма жөні.
Жас күнде оқу оқып, білім алсақ,
Таусылмас қазынаның болар кені.
Өткізген жас өмірді босқа жатып,
Ал, салдар, бірінші рет көрдім сені [74, 308 б.].
Көкбай сөзінің астары мынадай. Ақын бұрынғы дәстүрлі өнердің ендігі күнде кәсіп болмасына меңзейтіндей. Жалпылдап, өнерге сүйенбей, көпке еріп нан жеп жүрген жайдақтарға айтқандай.
Ал Сал-сері – шын мәнінде халық сүйген өнерпаз,елдің қадірлі, керек адамы болатын. Олардың бір бойында ақыл-парасат та, күш-қайратта, әдемілік, тектілік те, саусағы майысқан шеберлік те, қалт еткенді қағып түсер ептілік-мергендік те жетіп артылатын.
Сал-серілердің сырт бітімі, болмыс табиғаты өз өлеңдерінде көп ашылған қазақтың әйгілі Жаяу Мұсасы “Ақ сисада”:
– Мен айтсам, параңды айттым тілім ұзын
Достарыңызбен бөлісу: |