Әскер жиып аттандық, Бекетай еді тұрағым, Айғайлап жауға тигенде Ағатай, Беріш ұраным, – деп басталатын жолдары тарихи жыр (өлең) үлгісінде туған. Бірақ ақын әрбір өлең жолына үнемі мағыналық жүк беріп отырмайды, осы себепті де өлеңнің мағынасына қатыстығы аз жолдар – эпостық жыр стиліне тән жанама, қосалқы жолдар көбірек кіріп кеткен (үзінді келтіреді – Қ.М.).
…Әрине, бұл Махамбеттің кінәсі емес, жанрдың кінәсі, эпостық жыр жанрының ерекшелігі. Бұл қазақтың күллі эпостық-батырлық жырларына тән ерекшелік” [30, 175 б.].
Бұл түйіндерінің де тарихи жырдың жанрлық сипаттамасын жасауда үлкен орны бар.
Тарихи жырлар жайлы зерттеулер тұжырымдарды ілгеріде аталған еңбектерден басқа В. Радлов, Ә. Диваев, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев,
Х. Сүйіншәлиев, Б. Уахатов, М. Жармұхамедұлы, К. Сейдеханов, С. Садырбаев, Ж. Тілепов, Б. Адамбаев т.б. ғалымдардың ғылыми өрісінің бір қыры болды.
Тарихи жырлар мәселесі қазақ фольклористикасында “Қазақ тарихи жырларының мәселелері”, “Қазақ эпосы” (Р. Бердібаев), “Қазақ фольклорының тарихилығы” т.б. сүбелі еңбектерде жан-жақты қарастырылып отыр.
Тарихи жырларды арнайы зерттеген ғалым С. Сәкенов мәселенің ғылыми мәніне бойлата түсер қисынды пайымдамалар жасаған. Зерттеушінің тарихи жырлардағы сюжеттік тұтастану құбылысын нақтылы зерттеулер негізінде айқындай түсуі – ғылым олжасы [..., 201 б. Сәкенов С. Әдебиеттанудың өзекті мәселелері. – Алматы, 2002. – 431 б.]
Тарихи жырдың ғылыми негіздеріне қатысты басқа да ғылыми еңбектер қорғалуда. Соның бірі Әнуар Тарақовтың “Өлең-толғаулар және тарихи жыр-дастандардағы Абылай хан тұлғасы” атты кандидаттық диссертациясы [65]. Қаншалық зерттелгенімен, тарихи жырлардың көркемдік жөндерін айғақтау жалғасын таба бермек.
Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовтың мына тұжырымы сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай ғылыми айналымға түсіп келе жатқан “тарихи жыр, тарихи өлең, тарихи поэма, нақты тарихи эпос, тарихи эпос”, т.б. атаулардың жанрлық сипаты, жаратылыс табиғаты жайлы ой-пікірдің ғылыми түсінігі іспетті.
“Біздіңше, ХVШ ғасырдағы оқиғалар мен қайраткерлер туралы шығармалар өзінің жанрлық даму барысында тарихи жыр деңгейінен біршама өтіп, батырлық эпосқа жақындаған. Ол түсінікті де, өйткені бұл шығармалар жазылып алынғанда болған оқиғадан бір ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен еді. Және ол дәуірде ауыз әдебиетінің, әсіресе эпостық дәстүрі өте күшті болатын.
Ал Бекет, Досан, Жанқожа туралы шығармалар тарихи жыр қалпында хатқа түскен, олар ол деңгейден өтіп үлгермеген. Рас, ХVШ ғасырдың да,
ХІХ ғасырдың да тарихи жырлары жанрлық құрылымы жағынан біркелкі емес; онда көптеген жанрлар араласып, ұштасып жатыр, яғни жанрлық синкретизм сипаты бар” [66, 26 б.].
Тарихи жырлардың арғы негізі тым ерте дәуірлерде жатқандығы даусыз.
ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар сол ежелгі әдеби әдістің де, кейінгі ортағасырлық түрік эпосының жаратылысының да, кейінгі дәуірлердегі батырлық эпос, тарихи өлең-жырлардың да даралық сипаттары дарыған көркемдік құйылым. Сөз өнерінің алтын жамбысы.
Сонау бір замандардағы “Оғуз қаған” жырының өзі есте жоқ ескі күн, ілгергі әдеби үрдістің үзілмеген бір желісі еді.
“Демек, “Оғуз қаған” ескерткіштерінің ХІІІ ғасырға тән соңғы редакциясы жасалған кезге дейін-ақ, одан көп бұрын, шамамен VІІІ-ХІ ғасырларда орта ғасыр түріктері этностық жыр туғызатын қоғамдық-әлеуметтік жағдайда тұрды және ең маңыздысы өздерінің этностық жыр туғызатындай осы жағдайлары бар кезде бұл халықта сол этностық жырды жасай алатындай рухани мәдениет те, әдеби мектеп те бар болды: ХІ ғасырда жазылған “Дивану луғат-ит түрікке” кірген көркемдігі тамаша жорық жырларын, өте нәзік сезім тіліне құрылған махаббат жырларын туғызған әдеби мектеп пен 13 мың жолға жуық “Қудадғу білік” дастанын туғызған ақындық мектеп бар еді” [136, 11 б.].
Қ. Өмірәлиев әдеби түр, жанрды айқындаудың байламын сол бір арғы негіздерге жүгіне отырып жасаудың қисынын қалдырды.
“Оғуз қаған” қай жанрда туған шығарма? Бұған жауап беру үшін әуелі “Оғуз қағанның”, біріншіден, тақырыбы мен сюжеті, екіншіден, геройлары және олардың әрекеті, үшіншіден, баяндау тәсілдері мен тілдік құралдары анықталуы тиіс. Осы үш сала белгілердің тоғысуы негізінде келіп “Оғуз қағанның” жанры танылмақ [136, 54 б.].
ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар, жаңа сипаттары өз алдына, әдеби үрдістің арғы арналарына тартып жатқан қисындары негізінде де ауыз әдебиетінің дәстүріне соғатын тұсы бола тұра, ауыз әдебиетінің тұтас еншісі емес.
Мұндағы фольклор дәстүрінің өзі жаңа кезең, жаңа заманда жаңа шығарманың тууына себепші көп фактордың бірі ғана.
ХІХ ғасырдағы ғана емес, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы үлгілерінде де фольклор дәстүрі айқын. Солай болуы әдеби дамудың өзіндік үрдісі, айқындауды артық көретін ақиқаты.
Қилы кезеңдерде қазақтың ауыз әдебиеті халықтың рухани мұратының игілігі болды. Фольклордың да, жазба әдебиеттің де қызметін атқарып, екеуінің де сыпатын бойына дарытты деген Рахманқұл Бердібаевтың қисыны да – дәл осы тұста тарихи жыр жөнінде де көп шындыққа бастап жатқан бір ғылыми таным [137, 21 б.].
Қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі алған белес-биігі әдеби мұраны ішіне ене зерттеуге ғылыми негіз болмақ. Тарихи жырдың табиғаты әлі де талай жұмбағын ашпаған сырлы, сиқырлы әлем.