Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет23/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Гауһармын таразыға салынбаған
Қылышпын қынабынан алынбаған.
Керейдің Сегіз атты саңлағымын
Секілді жанған оттай жалындаған, –
деп ән шырқаған сырлы өнерпаз. Сегіз серінің өмірбаян деректері, белігілібір шығармасының туу себептері, сақталу, таралу жайынан мәлімет, әңгіме аз емес. Ендігі шаруа Сегіз шығармаларының көркемдік сипаттамасы: түр, жанр жағынан, өлең теориясы тұрғысынан талдап; басты сарындар төңірегінде топтастыра отырып тұжырымдау, жүйелеу.
Сегіз сері шығармаларының дені – ғашықтық жайы басым айтылатын қисса-дастандар, ән-өлеңдер. Бірақ Сегіз серіде азаматтық үн, әлеуметтік сарын, заманға, қоғамға ашынып, ащы айту, айғайлап айту жөнінен де мін таға алмаймыз. Сегіздің шығармаларынан біз өзімізге тарихтан аты белгілі көп тұлғаларды көреміз. Исатай, Махамбет, Үбі, Есеней, Жәңгір, Шомбал, Жолымбет, Шман, Нияз, Есет, Көтібар, Арыстан, т.б.
Оның көп жырлаған, көп тоқтаған жайының бірі – әйелдер. Олардың мінез-құлқы, сырт сұлулық пен жан тазалығы, ағайын арасындағы орны, ата-баба дәстүріне адалдығы, т.б. Бұл тақырып – қазақ әдебиетіндегі ежелгі тақырыптың бірі. Жақсы әйелдің ер азамат тіршілігінде алар орны жайлы жырау бабалар көп айтты. Ауыз әдебиетінде, халық эпосында әйел бейнесі сан қырынан көрінді.
Сегіз серінің қас-қағым сәттен ғажайып әсер тапқан сұлулық жасаған көңіл-күйі, сезім сырлары жан әлдиі – лирикасы өзгені өз сиқырымен баурайды. Сегіз мұрасынан арғы-бергіні бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған қанатты тіркестерді, қып-қысқа өлеңге бақиды сыйғызған, өмірді тұтас кіргізген шешендік түйіндерді де көп табамыз.
Сегіз Сері адам жалғыздың жан күйін жеткізуге шебер. Ал адам мен орта, қоғам мінезі, дәуірдің саясаты жөнінен ащы, айғайлап айтуында да мін жоқ. Көп шығармадағы ащы мысқыл, уытты мін-сын Сегіз шығармашылығының сатирамен туыс тұсы.
Сегіз серінің көпшілік өлеңі тәрбиеге тартып жатқан, ізгілікті үндеген насихат, өсиет, өнеге түрінде келеді.
“Ерге сын” толғауы – жігіттерге арнау. Екі сөйлеме, тоқтамды бол, бос күлкі, өнерсіз жүру, өсектен сақтандырады. Пайдаңды тигіз дейді.
“Дүние-ай” термесі саналуан теңеуге толы. Байлауы жоқ дүние, алдамшы жалғанның қызығы мен шыжығы, астан-кестен арпалыс тірліктің мың өшіп, мың тұтанған сәуле жарығы, ағыны қатты өмір дарияның буырқанып, бұлқынған сәті мен тып-тымық, момақан күйі алма кезек алмастыра, салыстырыла келеді.
Адамзатқа дүние
Алғашыңда айдайсың.
Бастан өтер кезіңде
Қараңғы терең сайдайсың.
Небір кереғар құбылыстың басын буған тіршіліктің ұлы үйлесімі жайлы аса шебер, аса шымыр шыққан шығарма.
Сегіз сері халықтың шешендік өнерін дамытушы, ұштай түскен сөз зергері. Оның тіршілік пәни жайлы толғаулары небір отты тіркеске, нақыл сөзге, шешендік ой ағым түйіндеріне кенде емес. “Түйе үстінен ит қабар, арам пиғыл жаманды”, “Көлік етпе жылқы деп, жүрісі өнбес шабанды”, “Ер көңілі аш болған”, “Жігіттің тұсындағы асқар белі”, “Ұстаның көрігіндей гүріл қағып”, “Арудай әсем еркелеп, мың бұралған Ақбұлақ” сияқты орайы келген, орнымен айтылған теңеу сөз айшығын Сегіз серінің шығармасынан көп кездестіреміз.
“Ақбұлақ” өлеңі табиғат сиқырына бас ұрған ақынның сезім шалқары. Аса сұлу өлең. Сылдыраған сұлулық келісімі. Сұлу судың әсем қозғалысы, Қимас мекен. Жайлы жаға. Адам баласының алыпқашқан көңілін арнасына түсіріп, жанын тыныштандырар табиғат құдіреті.
“Орал тау” өлеңінде Оралдың географиялық тарихи орнын былайша келтіруінде Сегіз серінің білім-білігі де байқалып жатыр:
“Бітеген екі құрлық ара жігін”.
“Бұғыбай батырға сәлемінде” Сегіз мынадай теңеулер табады:
Естуші едім Бұғыбай,
Қиындықты көрген деп,
Айсыз, меңіреу түндерде,
Жол табатын мерген деп.
Сегіз сері – көңіл күй сәтін, адамның түрлі жағдайдағы жай-күйін сол қалпында өзгенің жүрегіне қонақтатар шебер.
Ішім толған қайғы дерт,
Жылы сөзбен жұбатып,
Көңілімді аша кет, – дейді.
Ақын жақсымен жолдас бол, өтірікке бой алдырма. Жорыққа шықсаң, жақсылармен ақылдасып шық. Жазықсыз елге ұрынба. Мақтаншақ, өтірік, өсекке құмар болма, жасқаншақ, ез болма, ашулы барқылдақ болма, көп тыңдап, аз сөйле, орынсыз шалқыма, бас құрсаң жайлы бол, сұлуды таңдап сүйіп ал, барымта, ұрлық, дау жанжалдан қаш дейді. Өнер, білім үйрен дейді. Бұл өзі сөз өнерін тізгіндеген арғы-бергідегі айтулы ақын-жыраудың бәрінде дерлік көп айтылатын, халықтың рухани тазалығын сақтап қалу, елдікті ұстап тұрған таза, текті қасиеттерді көтере, биіктете түсу дейтін түпмақсаттан туған, халықтың өзін өзі сақтап қалу инстиктісінен туған құбылыс болса керек. Тұлпарды тай күнінен баптағандай, жас ұрпаққа ғибрат, уағыз айту, үлгі-өнеге көрсетіп отыру біздің бұрынғы өткен бабаларымыз өз еркімен қалап алған парыз, борыш.
Сегіз Сәтбай бидің баласы Иманжан туғанда берген батасында да ең әуелі, бақ-дәулеттен бұрын азаматтық, елдік, халық намысын айтады. Қазақтың қаймақтары атанған игі жақсылардың – ел бірлігін, азаттықты қорғаған аруақты бабалардың атын ауызға алады. Бұл Батада қазақтың ел қорғаған батыры, сөз шыңдаған шешені бірі қалмай түгел аталады. Төзімді, сезімді, намысқой, сабырлы, қажырлы, қарулы, алымды, азулысы – бәрі-бәрі өнеге етіледі. Солардай бол деп, тілек айтылады.
“Сегіз серінің ғақлия сөзі” дейтін шешендік толғау да өмірдің тиянағы мен тайғанағы жайлы сөйлейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет