Құдайым қабыл қылсын намазыңды. Екі мың тоғыз жүз сом тартқан болсаң, Кәне, көрсет, подписка қағазыңды. Арызын айтып астам сөйлемек болған Жәмішбай ақынға аз-маз сөз айтысқан соң Шөже “әкесі өлгенді де естіртеді” дегендей, ащы айтады:
Өкпе-бауыр, жалы бар ма қара кердің? Жатса ұйқысы келмейді саналы ердің Көсілген көмекейің ақын емес, Суындай сөзің нәрсіз шалшық көлдің [78, 184 б.].
ХІХ ғасырда ел арасында Шөженің Құлтантаймен сөз қағыстыруы кең тараған. Кіммен сөз қағыстырса да әлдінің ұры мен парақордың пиғылы жат. Адымы қысқа, момынның өрісі кеңдігін айтудан танбаған, сойқан-сұмды әшкерелеуден, жалаулатып айғақтаудан танбаған Шөже – айтыста жеңіліс таппаған айтыс ақынының бірі.
Түбектің Жанақпен, Тезек төремен, Қарқабат, Құлмамбетпен айтыстары бар. Жанақ пен Түбектің айтысы ХІХ ғасырдың аяғында бірнеше басылым көрді. Сақталып жүрген айтыстары Түбектің аса әйгілі сөз дүлдүлі болғанын айғақтайды.
Тезек төре Түбекке үш жүзден асқан Түбек, озған Түбек деп сөйлейтін тұстары бар. Аталған айтыстардың басым көпшілігінде Түбек жеңіп отырған.
Жанақ пен Түбек айтысында да ру, жеке бастың артықшылық, кемшілігі текетірес сөз додасына түседі. Байлығын, барлығын айтысады.
Тезек төре мен Түбектің айтысында Тезек қара сөзбен сөйлейді. Жалпы Тезек төренің көпшілік айтысы белгілі ақындармен қара сөз дау түрінде келіп отырған.
Тезек төремен айтысында төренің патшаға жаққан қылығын, таңдап алған ханшасына тиісе сөйлейді. Өзі жаманда деген төреге Түбек айтарын айтып, елден жиып келе жатқан дүниесін, енді не жетпей, соны сұрап келгенін айтады.
Тегінде, ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының осындай бұйымтай дәметуі – айтыс барысындағы дәстүрлі желінің бірі. Бір-біріне оны мін етіп айтып, кейде ел үстінен күн көріп, сұрап, тіленіп жүрсің деп жатқанымен, бұл салттан ақпа-төкпе сөз құдіретінің, ақындықтың “құлдарының” ешқайсысы сырт қала алмаған.
Түбек Тезек төреге:
Мен өзім айт Жайнақтан тура келдім. Бураның сауырын ерге бұра келдім. Саурықтан бес түйе мен бес жорға алып, Алтындай кер құлынмен заулап келдім. Қыран бүркіт, жүйрік ат міне алмадым. Таба алмай осы екеуін сұрап келдім [78, б.] – дейді.
Тезектің бәйбішесі Найман елінің қызы екен, Төремен екеуі араз болып жүрген тұсы. Түбек екеуін татуластырып, сый-сияпатпен аттанады.
Айтыс ақындарында аразды бітістіріп, бітпеген дауды сөзбен бітіртіп, сөзге тоқтаған жұрттың осал жерін тауып, билік айтып отырған дәстүр, салт болған. Мұның өзі бір кездердегі би-шешендердің бір өнегесін, миссиясын белгілі бір жағдайда айтыс ақындары да атқарып отырғандығын көрсетеді. Айтыстың айтыла қоймаған ерекшелігінің бірі осы тұста да жатыр.
Түбектің өзін әйелімен Қарқабат досының табыстырып кеткендігі мәлім. Қарқабат пен Түбек дос. Қарқабат оны ұстаз тұтады. Түбектің үлкен ақын, адамгершіл азамат болғандығын Қарқабаттың оны арнайы іздеп, сағынып көріспек болып келе жатып айтқан мына бір сөздерінен де сезінеміз.
Сағындым достым, Түбек, ұстазымыз, Бір көріп қолыңды алмақ мұқтажымыз. Мұхиттың дариясындай сөзің терең. Өлеңге болмаушы еді қоспағыңыз Тіліңнен бал тамызған қайран Түбек, Айқасқан достым едің күнде білген. Жатыр деп төсек тартып, естіп келем. Шырғалап қауіпті ауру, қатты жүдеп [78, б.].
ХІХ ғасыр айтыстарының кейде үш адам айтысы болып келетін түрлері, орта тұстан түсінік беруші, немесе қыздырып дем берушілердің қосылып кетіп отыратыны бар. Түбек пен Құлманбет айтысы да сондай айтыс. Сөзге, айтыс, дауға Тезек төре де қатысып отырады.
Жалпы, ХІХ ғасыр айтыс ақындарының өмірбаян, айтысу деректері, жөндері жайлы кең, келелі зерттеулер қажеттігін 1942 жылы Сәбит Мұқанов баса айтты. Әрине зерттеулер болды, жалғасып та келеді. Соның ішінде Жамбылдың ақындық ортасын аса бір ыждаһаттылық, ғылыми сұңғылалықпен түгендеп, зерттеген М. Жолдасбеков, Жетісу, Шу, Талас, Тараз өңірлерінде жасаған әйгілі айтыс ақындарының әдебиет тарихындағы өлшеусіз орнын ғылыми тұғырлады. Ғалым Әселхан Оспанұлы “Қаратау шайырлары” еңбегінде оңтүстіктің әйгілі ақындарының айтыстарын арнайы қарастырды. Б. Омарұлы Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығын зерттеуінде ақынның айтыстары жөнінен тың тұжырымдар ұсынады.
С. Дәрібайұлы Сыр бойы ақын-шайырлары шығармашылығындағы жазба айтыс дәстүрін арнайы қарастырып, бұл өнердің ежелгі негіздеріне барлау жасады [45]. Сыр шайырларының жазба айтыстарын үш топқа бөлді:
а) танымдық айтыс; ә) жұмбақ айтыс; б) мысал айтыс [45, 42 б.].
Т. Тебегенов ХІХ ғасырдағы дәстүрлі айтыс өнерінің өзгешелік сипаттарын жан-жақты, жаңа пайымдармен аша түсті, айтыс жөнін зерттеудің ілгергі көкжиектерін көтерді [39].
Сыр сүлейлерінің жазба айтыс дәстүрі Л. Әбдіхалықова зерттеуінде жаңа қырларымен ашыла түсті [Әбдіхалықова Л. Сыр сүлейлерінің жазба айтысы: Автореф. филол. ғыл. канд. дис. – Астана, 2004. – 32 б.].
ХІХ ғасырда қазақтың дәстүрлі айтыс өлеңі көп түрленіп, көркемдік сипаты айшықталып өсе түскен өнер арнасына айналды. Ежелгі, ауыз әдебиетінің еншісі болып келген айтыс өлең ХІХ ғасырда дара ақындар айтысы түрінде көрінді. Қазақтың айтыс өнерінің небір дүлдүлі сол ХІХ ғасырдың бел ортасында жалпақ елге танылды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында айтыс өлеңнің өз зерттелу тарихы бар. Әріде Шоқан Уәлиханов өз тұсындағы қазақ өлеңін үлгі жөнінен 5-ке бөліп қарастыруында, айтыс өлеңді екі үлгіде көрсетті. Қайым өлең дегені, біздіңше, ауыз әдебиетінің айтысына да қатысты. Ал 5-түр өлең дегенге Шоқан Уәлихановтың ХІХ ғасырдағы жаңа үлгіні, өзі өлеңдегі татарлар арқылы келген деп айырып қараған үлгіні айтып, оған бірнеше түрді кіргізгені белгілі. Сол көп түрдің бірі – тағы да айтыс. Енді шығарушысы белгілі, аты аталып, мысалы келтірілген айтыс.
“5. Өлең. Бұл форма қазіргі кезде барлық жаңашыл ақындар тарапынан суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты көбірек айтылады. Өлеңнің жаңа түрін: Орынбай Қарауыл ішіндегі атеке – …тармағынан, Атығайдың жаңа қырғыз тармағынан шыққан Шөже ақындар насихатып, салт-санаға дарытушылар болды…
…Өлең деген, бұған дейін жоқ поэзияның ерекше формасының және атаудың қазақ даласына тарай бастағанына 50 жылдан асқан жоқ, бұл Қазан мен Тобыл татарларына қырға жол ашылғаннан кейін келген жаңалық.
…Татар поэзиясының формалары қазақтардың гармониялық дыбыспен ойға тұнып тұрған дәстүрлі батырлық жыр поэзиясының формаларын ығыстыра бастады.
Өлең төрт шумақтан тұрады, алғашқы екі шумақ және төртінші шумақ силлабикалық жүйеде бір ұйқасқа бітеді, үшінші шумақ ұйқаспайды. Мысал үшін, біздің ориенталистерге бүгін шығыс поэзиясындағы көлем мен өлшем тұрғысынан тек араб өлшемі ғана ыңғайлы деген пікірге өрнек ретінде “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының төрт шумақты жырының біріншісін ұсынамын…” [11, 166 б.].
Шоқан осы бесінші үлгіге қисса өлеңді де ән өлеңді де, тарихи өлеңді де, айтыс өлеңді де жатқызды деп түсінуімізге толық негіз бар. “Қазақ поэзиясындағы жаңа қондырғы форма” (Ш.У.) сол шығыстық дастан, дара ақындар айтысы, ән өлеңде қолданылды, өріс тапты, бекіді. Бүгінде отаршыл елдің ХІХ ғасырдың басынан бастап жүргізілген дін саясаты қандай мақсатын болсын исламның негіздерін жалпақ жұртқа өлеңмен ұғындырып, өлең сөзбен таратуға ықпал жасағанын білеміз. Ислам әуелде татар молдалары тарапынан оқылып, үйретілді де соның аяғы көбіне мұсылманша сауатты, оқыған молда ақындардың өлеңі арқылы насихатталды. Шоқанның өлеңнің 5-і түріне берген анықтамасының астарында сол құбылыс жатыр.
Шоқан татарлар арқылы діннің жайылуын, жабайы үйретуді жақтырмағанымен, қазақтың ежелгі жыр өлеңі жаңа сападағы өлеңге де ұласу фактісін қолмен қойғандай нақты саралады.
Қазақтың ғасырлар, мыңжылдықтар тарихындағы аса айқын, жарық жұлдызы – Шоқан феноменінің бір қыры, бір сыры оның осы қазақ поэзиясын үлгіге топтаған ғажап зерттеуінде жатыр.
Қазақ өлеңінің ғылыми теориясын өзгеше таным, түсінікпен тұжырымдаған. Шоқан әдебиет үлгілерін жиды, ақындар, жыраулар жайлы дерек мәлімет тапты, өлең түрлерін ғылыми сипаттама берді.
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің қай арнасы туралы сөйлесек те, сөзді Шоқаннан бастайтынымыз – бұлжымас заңдылық.
ХІХ ғасырдағы ақындар айтысы, жалпы айтыс өнері, айтыс өлең фольклористикада, әдебиеттану ғылымында сол Шоқан дәуірінен бері зерттеліп келеді. Ұзақ уақыттар бойы әдебиетіміздің көп асыл мұрасы сияқты – айтыс тартыс ауыз әдебиетінің еншісі есебінде зерттелді. Бірте-бірте зерттеу проблемалары күрделеніп, ауқым, аймағы кеңи түсті. Жекелеген зерттеушілер ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының табиғатындағы дәстүрлі айтыс өлеңмен туыс тұсты да, оның өзіндік белгілерін де аша сөйлеуге ауысты. Дәл, осы айырым, ажырату тұсында ХІХ ғасырдың айтысында атап-атап айтар, айқын өзгешеліктер, расында да аз емес.
Халық әдебиетінің үлгілерін жинап, бастыруында әйгілі В.В. Радлов айтыстарға да айрықша назар аударып, 1870 жылғы (ІІІ том) жинақта “Жанақ пен Түбек”, “Шортанбай мен Орынбай”, “Ұлбике мен Күдері қожа”, “Ақбала мен Боздақ”,“Жұмбақ” айтыстарды “қайым өлең” деген топтамамен жариялады.
Ахмет Байтұрсыновтың айтысқа байланысты түйін-тұжырымы – аса терең. Айтыстың туу, даму жолдары, түрлері терең ғылыми негіздемелер арқылы ажыраған. А. Байтұрсыновтың “Шығарма айтыс” термині ой қуып, сөз қуып жайдан-жай айтыла салынған сөз емес. Шығарма айтысты Ахмет Байтұрсынов шын айтыс емес дейді. Және бұл қазақта соңғы кезде шыққан дейді. Бастапқыда шын екі ақынның айтысы болса, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған дейді. Бұл – шын айтыс емес, шығарманың түрі дейді. Мұндай үрдістің ауыз әдебиетінде жоқ екендігін айтады [9, 409 б.].
А. Байтұрсынұлының айтыс жайлы тұжырымдары ХІХ ғасыр айтысының табиғатын тануда таптырмайтын өлшемнің үлгісі. А. Байтұрсынұлы “Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады” деп, ХХ ғасыр басындағы айтыс күйінен хабар береді. Мұның өзі айтыстың, дара ақындар айтысының ХІХ ғасырдағы аса жанданған әдеби үлгі, көркемдік арна екендігін айғақтай түсетін түйін.
Сәбит Мұқановтың айтыс табиғатын таразылаған тұжырымдарында Ахмет Байтұрсынов байқаған айтыстың жанрлық ерекшеліктері таратыла айтылады.
“Бертін, қазақ әлі ісләм дініне еркін араласқан кезде араб әрпімен хат таныған кезде, бұрынғы ауызша айтысқа жаңа түр қосылды, ол – қағазға жазып айтысу. Мәселен: Мұса мен Манат, Ақан мен Нұрқожа, Ақан мен Мәшһүр Жүсіп, Нұржан мен Сапарғали, т.б. Сонымен, бұрын ауыз әдебиетінің кең саласының бірі болған айтыс жанры біріншіден жазба әдебиет үгілеріне үлгі алудан бойын аулаққа салады” [9, б.].
ХІХ ғасырдағы, жалпы айтыстың табиғатын айрықша қарастырып сөйлеген жас ғалым Мұхтар Әуезов айтыстың жанрлық сырын көп аша сөйлейді [10].
Мұхтар Әуезов “Әдебиет тарихында” қазақ әдебиеті үлгілерін түп-төркінін тарта қарастырудың негізін салды. Әдебиеті ауызша әдебиет, жазба әдебиет деп үлкен екі салаға бөліп, ауызшаның жазбадан негізгі айырмасын атап айтты. Айтысты ауызша әдебиетке жатқызады. Оның арғы-бергі әдебиет үлгілеріне қатысын көрсетеді.
“Абайдың, әншілік өнері жақсы жігіттің белгісі сияқты саналған. Сондықтан ел ішінде қызық үшін сән түзеп, қыдырыстаумен жүретін салдар шыққан. Атақты ақындарға еліктеуден серілік молайып, бері келген заманда Біржандай сал, Ақандай ақын серіні шығарған. Бұлардың жайы қай елдің ортасында болса да, кейінгіге үлкен әңгіме болып қалған.
Соның барлығы айтыс ақындарының сарқыты” [10, 174 б.].
Ақындар айтысының ерекшелігін, билер айтысының өзіндік сипатын
М. Әуезов ауызша әдебиеттегі айтыстың екі түрі есебінде қарастырды.
Айтыс ақындарының өнерін мағына жағынан ру мақтаны өлеңдері, бас мінесу, ру арасындағы жуандық, зорлық өлеңі, білім – дін білімі таласы, құран аятын айтысу деп ажыратты.
Сыртқы түріне қарай айтысты “Әдебиет тарихында” М. Әуезов екі түрге бөлді. Қайым өлеңмен, қара өлеңмен айтылатын айтыс.
М. Әуезов “Әдебиет тарихында” ХІХ ғасырдағы Шөже, Кемпірбай, Жанақ, Сабырбай, Мұрат, Тоғжан, Біржан, Сара сияқты айтыс ақындарының атын атап, атағы жалпақ елге тегіс жайылған үлкен ақындар екеніне назар аудартады “Біржан мен Сара”, “Мұрат пен Жантолы”, “Кемпірбай мен Шөже”, “Сабырбай мен Тасыбай” айтыстарына сүйеніп, айтыс өлеңнің мағыналық түрлерін ажыратады.
Мұхтар Әуезовтің құнды да құнарлы еңбегі “Әдебиет тарихының” көп мәнінің бірі ғалымның әдеби мұраны ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің арасын ашып, айырмасын атап көрсете отырып талдап, таразыға тартуы.
Көп дүниенің жұмбағын ашар сол бір түйін-тұжырымдардың бүгінгі ғылым биігіне бір ойлана қарайтын тұсы мол.
Қазақ әдебиеті барлық жұрттың әдебиеті сияқты екіге бөлінеді: ауызша және жазба әдебиет дейді Мұхтар Әуезов. Ел аузындағы не ауызша әдебиет өнер-білімді сақтаушы. Алдыңғының артқыға тастаған мұрасы – білім. Ол ауызша әңгімелерден құралады. Ескіден қалған сол ретті сөзді бір ғана адам емес, жалпақ ел боп үйреніп, түгелімен есінде сақтайды. Көпке бірдей білім, тәрбие деп жасағандықтан, бүкіл бір елдің жалпы дүниеге көзқарасы да, өткен өмірді түсуінде бір-ақ түрде болады.
“Сондықтан ауызша әдебиеттің ішінде елдің белгілі ұғымын білдіретін, жалпы дүниеге көзқарасын сездіріп, өткенді қалай түсіндік кездесетін сөздің барлығы да бір-ақ адамға тиісті өнер емес, ол – көптің, жалпақ елдің сыбағасына тиетін өнер туындысы” [10, 20 б.].
М. Әуезов көрсетуінде кейінгі салт өлең мен батырлар өлеңдерінің шығарушысы жалпақ ел емес, жеке шығарушысы болғанымен де бұл шығарушысы ақындар сол сөздердің ішінде жалғыз өзінің көзқарасын, жалғыз өзінің ғана ұғымын айтпайды, олардың өлең, жыр ішінде айтатыны – түгелімен жалпақ елдің ұғымы мен жалпақ елдің көзқарасы.
Осындай қисындарды тарата келіп, М. Әуезов ауызша әдебиеттің негізгі шарт, белгісін былайша тұжырымдайды: 1) Ауызша әдебиеттің шығарушысы жалпақ ел дейміз. Ауызша әдебиет жұрнақтарының арнаулы шығарушысы жоқ. 2) Ауызша әдебиеттің барлық жұрнақтары күйге өлшеніп, арнаулы әнмен айтылады. Сол себепті оның сыртқы түрінде жазбадан айырмасы бар. Ол желпініп айтылады. 3) Ауызша әдебиетте бір жаққа қарай беттеген арнаулы бағыт болмайды. Оны елдің дін нанымы, елдің бейнелі салты, әдеті туғызды. Сондықтан ауызша әдебиет бірнеше түрге бөлінеді.
Ауызша әдебиет түрлері
1. Сыршылдық салт өлеңдер
2. Әңгімелі өлеңдер (батырлар әңгімесі, ел поэмасы, тарихи өлеңдер).
3. Айтыс-тақпақ
4. Ертегі, мақал, мәтел жұмбақ [10, 21 б.].
Жазба әдебиеттің тууы, оның шарттары, өзгешелігі туралы М. Әуезовтің сол “Әдебиет тарихы” оқулығында жасаған тұжырымы ғылым сөзі. Уақыт өлшемі өшірмес ақиқат.
“Әдебиет тарихының” “Зар заман ақындары” бөлімінде М. Әуезов бұл бөлімдегі өлең, жырды тарихи өлеңдермен қарастыруға, немесе соның арасынан келтіру керек еді, бірақ біз ол екі бөлімнің орнына ертегі мен айтыс өлеңдерді кіргіздік. Себебі: зар заман өлеңдерінің өзге барлық өлеңнен ерекше бір айырмасы барлығынан дейді.
“Біздің білуімізше, зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығын ауызша әдебиет десек, мыналарда жазба әдебиеттің басы деу керек. Не болмаса қазақ топырағында ең алғашқы жазба әдебиетті туғызған анасы осылар деу керек” [10, 192 б.].
Мұхтар Әуезов қазақтың жаңа жазба әдебиетін зар заман өлеңнің басталуы дейді. Жазба әдебиеттің қазақилық негізін М. Әуезов ұғындырмасында қабылдасақ – бұл ақиқат. Ал Әуезов тұжырымдамасына балама жоқ, болуы мүмкін де емес. Расында М. Әуезов ХІХ ғасырдағы қазақ жазба әдебиетінің жай-күйін ғылыми түйсін, даналықпен зерделеді.
Жазу кіргеннен кейін шыққанның бәрі жазба әдебиет, жалғыз ақынның жазып шығарған өлеңі жазба әдебиет деп, ел әдебиетін тарихшылар ауызша мен жазбашаны айыруда қолданатын ең оңай, ең сыртқы белгіге жүгінеді. Бір тұстан қисынды, зар заман ақындарында бұл беталыс болған, бірақ ауызша әдебиет пен жазбашаны айырудың жалғыз белгісі бұл ғана емес дейді
М. Әуезов. М. Әуезов бұл белгіге өзі ілгеріде екі түрлі әдебиеттің айырмасын атағандағы айырымды негіз етеді.
“Ол белгі: ел әдебиеті жалпақ елдің сөйлеп, әңгімесін өзінше қалыптап жүрген жұрнақтарынан туады. Оның ішінде елдің ұғымына, өз пікіріне жат нәрсе болмайды. Не жақсылық, не ескілік болса, барлығы да елдің өзінікі. Өлең қалаушы ақын болса, ол құр ғана жақсы айтушы, әшейін ғана шешен әңгімеші, өз жанынан елден бөлек ұғым, наным, пікір, ой туғыза алмайды дегенбіз” [10, 194 б.].
М. Әуезов жазба әдебиетті туғызатын, ең алдымен жалғыз ақындар дейді.
Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Ә. Қоңыратбаев айтыс табиғатын танытуда нақтылы, қисынды зерттеу жасады.
Ғылыми ойлары ілгерідегі айтыс зерттеулерін ілгері тартып, көп жұмбақтың ішіне бойлауымен құнды, елеулі. Ә. Қоңыратбаев түсініктемесінде айтыстың ежелгі үлгісі – қайым айтыс – айтыстың қарапайым айтушыға байланысты саласы. Жеке авторға қатысты арнасын авторлық айтыс дейміз деді. “Қайым айтыста фольклор әсері күшті, орындаушылары көпшіліктен шығып отырады” [56, 273 б.].
“Осы қайым айтыс ізінде ХІХ ғасырда ақындар айтысы туды…
Келе-келе қалыптасқан ақындар айтысының табиғатында қайым жоқ” [56, 274 б.].
Айтысты, соның ішінде ХІХ ғасырдың айтысын фольклор, ауызша әдебиет аясында ғана қарастыру жеткіліксіз көрінеді. ХІХ ғасыр әдебиеті бастан кешкен сан түрлі сапалық: түр, жанрлық өзгерту, түрленулердің айтыс жанрына да ықпал-әсері тигендігі даусыз.
Айтыстың дәстүрлі сипатына қарай, мазмұн, мәніне, орындалу орны, мақсатына қарай түрге бөлінуінде айтыс табиғатын зерттеушілердің бәрі бірауызды емес. Олай болуы, мүмкін де емес. Бүгінде ілгеріде, кейінде айтылған ойтолғақтарда және бір жүйелеп, айтыс туралы айтылар сөзді жалғастыра түсуге қажетті алғышарт жеткілікті.
Ә. Қоңыратбаев мына бір жайды назарға ұсынғанда, сол кемеліне келіп, кемері толған көкейтесті күйді толғады.
“Айтыс, импровизациялық өнерге қатысты пікірлер Шоқан, М. Әуезов,
С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев,
М. Ғабдуллин еңбектерінде тәп-тәуір айтылса да, бұл жанрда топастыру қазақ фольклористикасында бір ізде көріне бермейді. Мысалы, жоғарыда аталған зерттеушілердің еңбектерінде айтыс әдет-ғұрап, қайым, жұмбақ, діни ақындар, енді бірде бәдік, жар-жар, өлі мен тірі, жұмбақ, салт, қыз бен жігіт, ру айтысы, совет дәуіріндегі деп әралуан жіктелген. …М.Жармұхамедов болса, өзінің айтыс туралы еңбегінде оның санын он төрт түрге жеткізеді” [56, 274 б.].
Айтыстың, әсіресе ХІХ ғасырдағы айтыстың табиғаты тек фольклор аясында ашылмайды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің сан түрлі сапалық, түр, жанрлық өзгеру, дамуының айтыс жанрына да әсері мол болғандығында дау жоқ.
Ә. Қоңыратбаевтың айтыс түрлі өнердің басын біріктіріп тұрған синкреттік өлең деп келіп, оларды формасына қарай емес, туған дәуіріне, мазмұнына қарай бөлу, коллективтік, қайымдық-анонимдік, даралық айтыс деу мақсатқа жақынырақ екендігін алға тартуы айтыстың түрлі дәуірдегі түрін саралау. Осының даралық айтысы ХІХ ғасырдан бергі дара ақындар айтысы. Бұл тұрғыдан айтыстың ХІХ ғасырдағы ерекшелігі, дара ақындар арасындағы айтыс екендігі айтысты зерттеген еңбектердің көпшілігінде бар.
“Ә. Қоңыратбаев сол фактіні бекіте түседі. “Аноним айтушы көп ортасынан шықса, дара импровизатор профессионал айтушы дәрежесінде болған” [56, 274 б.]. Ғалым ХІХ ғасырда туған айтыс поэзиясын: а) ру айтыс (Жанақ пен бала), ә) салт айтысы (Ақбала мен Боздақ), б) жұмбақ айтысы (Сапарғали мен Нұржан), в) әлеуметтік айтыс (Біржан-Сара, Құлмамбет пен Жамбыл), г) совет айтысы деп беске бөледі.
Ә. Қоңыратбаев айтыстың, әсіресе ХІХ ғасыр айтысының аймақтық ерекшеліктерін көрсетеді. М. Әуезов айтыстың Жетісуда жыр үлгісінде келіп отырғандығын айырып атағаны сияқты, Ә. Қоңыратбаев Арқада туған айтыстарда импровизация дәстүрі, Сыр елінің айтысында (қаңлы Жүсіп, Нақып қожа) жазба дәстүр басым екені бір кездері әдебиетші Әлібек Қоңыратбаев зерттегенін айтты.
Ә. Қоңыратбаев кезінде А. Байтұрсынов айтысты зерттеуінде қазіргі айтыс көбіне екеуара айтыс емес, бір адамның шығарған, шығарма түріндегі үлгі деген пікіріне үйлес ой айтқан.
“Манат, Ақдәме, Ақсұлу, Рысжан сияқты қыз аттарын жеке айтушылардың өздері тудырса керек. Әдетте бір ақын ұзақ сапар шегіп қайтса, пәлен деген қызбен айтыстым деп, елге жаңа бір жыр жолдарын ала келетін болған.
…Айтысқа қыз образын, олардың мінез құлқын қосу – елеулі құбылыс” [56, 275 б.].
Сәбит Мұқанов айтыстың күрделі жанрлық жаратылысын тереңнен зерделеген зерттеушінің бірі – Айтыс өнері, айтыс өлеңге байланысты оның мына бір ойы әлі де көкейтесті.
“Айтыс жанрының туу, даму, өркендеу процестерін айрықша зерттеу қазақ халқының поэтикалық түсінік-түйсігі мен талап-талғамының жетілу жолдарын айқындап алуға мәнді арнаның бірі болары анық” [78, 35 б.].
М. Жармұхамедовтың “Айтыстың даму жолдары” (1976) еңбегі айтыс табиғатын ашудағы құнды зерттеудің бірі.
Айтыстың даму жолдарын көне замандардағы топталып, хормен айтылатын “Наурыз”, “Бәдік”, “Жар-жар” секілді тұрмыс-салт жырларынан басталатынын, дамуында қайымдасудың сан қилы белестерінен өткен бұл жанрдың әдебиетіміздегі кең арналы ақындар айтысына келіп ұласқанын айта отырып, ғалым айтыстың зерттелуіне жан-жақты тоқталады. Әуелдегі Әуезов жүйесіне, оның айтысты түрге дұрыс бөлгеніне назар аударады. М. Жармұхамедов айтыс табиғатын арнайы көне, айтыс туралы Шоқаннан бергі ғылыми негіздеу, зерттеу еңбектерге сүйене отырып айтыс өлеңдерін 1) Тұрмыс-салт айтысы: а) “Бәдік”, ә) “Жар-жар”, б) Қыз бен жігіт қайымдасулары, в) Төрт түлік мал туралы айтыс, г) Дидактикалық (тәлім-тәрбие) айтыс; 2) Ақындар айтысы: а) Жұмбақ айтысы, ә) Ру айтысы, б) Дін айтысы, в) Жазба айтыс деп топтастырып бөлуге болар еді дейді [34, 17 б.].
ХІХ ғасырдағы айтыстың өзіндік ерекшеліктері көп. Айтыстың эпоспен, ауыз әдебиетінің шағын жанрларымен байланысын егжей-тегжейлі қарастырған М. Жармұхамедов ХІХ ғасыр айтысына да бөлек сипаттама жасайды.
“ХІХ ғасырдың орта шенінде қоғамдық-әлеуметтік өмірдің түйінді мәселелерін терең бейнелеуде айтыс пен лиро-эпикалық жырлар өзара астасып, тарихи бір деңгейден табылып отырған. Қоғамдық мәселелерді көтеруі мен өзінің көркемдік ерекшеліктері жағынан бұл тұстағы айтыс өлеңдері жазба әдебиетке біршама жақындап, оның тарихи-әлеуметтік мән-маңызы арта түсті” [34, 26 б.].
М. Жармұхамедов айтыстағы ақындық тәсілге, айтыстың дәстүрлі сипаттарына кең тоқталды. Қазақ айтыстарының жанрлық табиғатын белгілейтін басты ерекшелігінің бірі деп, белгілібір айтыстың қайта жырлануда өсіп, түсіндірме қосылып отыруына “Бақтыбай мен Мәйкө қыздың айтысындағы” кейінде Бақтыбай қосқан кіріспе қосылып жырланғанын мысалға келтіреді. Ғалым мұндай тәсілмен айтысты ел арасында жырлау “Түбек пен Қарқабат”, “Мансұр мен Дәме”, “Әсет пен Ырысжан”, “Біржан мен Сара”, “Ыбырай мен Доскей” айтыстарында да мол ұшырасатынына назар аударды.
Сыдиықов “Ақын жыраулар” монографиясында ХІХ ғасырдағы сөз жүйріктері Абыл, Қашаған, Нұрым ақындардың дәстүрлі айтыс өнеріндегі өзіндік өрнегіне тоқтала отырып, айтыстың жанрлық, даралық сипаттарын айқындай түсер толғамдар жасады.
“Сыртқы көлемі мен түр ерекшелігіне қарағанда Абыл айтыстары бір-екі ауыз өлеңмен қолма-қол жауаптасу ретіндегі түре айтыс күйінде. Ақынның “қарсыластары” көбінесе қыздар болып келеді. Қыз бен жігіттің түре айтысы ойын-сауықтарда көп қолданылған. Бірақ, Абыл айтыстарына қарағанда түре айтыс қазақта тек ойын-сауықтарда ғана емес, атақты ақындар үшін де кездескен жерде жедел айтыса кетуге лайық үлгі болғандығын көреміз” [139,
42 б.].
Ғалым Темірхан Тебегенов ақындар айтыстарын әдеби шығармашылық жөнінен зерттеуде ақындар айтысын (соның ішінде ХІХ ғасырдағы айтыс та бар – Қ.М.) 1. Мұсылмандық ағартушылық айтыстар; 2. Еларалық-ұлтаралық айтыстар; 3. Жазбаша айтыстар деп бөліп қарастырды [39].
Ғалым әдеби дамудың қисындарын ғылыми негізде қанық ұғыммен қарастырып, бай мұраның барша зерттеу нәтижелерін сіңіре отырып, жүйелеп, жинақтайды. Айтыстың даму сипатындағы заңдылықтарға іштен алып анықтама жасайды.
“Қорыта келгенде айтарымыз – дін тақырыбындағы айтыстар – мұсылмандық-ағартушылық мақсаттағы шығармалар. Қазақ халқының ежелден табиғатқа, Көктәңіріге, аспан мен жерге байланысты ұғымдары ислам дінінің бас кітабы Құрандағы сүрелердің тіршілік туралы мазмұнымен толық сәйкес келеді. Тәңірілік және исламдық танымның ұштасқан, тоғысқан қалыпта келуі – қазақ ортасындағы діндарлықтың негізгі сипатын көрсететін ерекшелік” [148, 49 б.].
Әсіресе жазба айтыстар жөнінен саралауда байыпты таным, байқампаз барлауға барады. Олардың бірнеше басты өзгешелігін ашып көрсетеді.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңа танымның зерделі өкілі Амантай Шәріп айтыс өлеңдегі өзгерістің заманалық негіздерін қозғайды. Айтыстың шығарма түрінің өрістеу негізін А. Шәріп әдеби дамудан қозғайды: “Міне, осы ғылыми дәлел-дәйектердің өзі-ақ айтыс жанрының әдеби дамудың (ауызша әдебиеттен жаңа жазба әдебиетке ауысу) барысында жедел трансформациялана бастағандығын білдіреді” [Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. 296 б.]. Атап айтар бір мәселе, Амантай Шәріптің “Қазақ поэзиясы және ұлттық идея” монографиясы – қазақ әдебиеті тарихын зерттеп-зерделеудің жаңа концепцияларын негіздеген іргелі еңбек.
Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы көркемдік дамуы мәселелерін оның зерттеліп, игерілуі аясында қарастыруды көздеген диссертациялық жұмысымызды жазу барысында А. Шәріп ұстанымдарымен біршама жағдайда үндестік тауып отырсақ, ол зерттеуші еңбегінің жетегінде кете беру емес, уақыттың әдебиеттің теориялық тарихын түзудегі пісіп-жетілген көкейтесті мәселелерді алға тартуына орай туындаған объективті қажеттілікке маман есебінде үн қосу екендігін ескертуге тура келеді. А. Шәріп еңбегі әдеби мұраны әспеттеудің ендігі методологиялық негіздерін белгілі бір тақырып – “Қазақ поэзиясы және ұлттық идея” аясында мейлінше кең ауқымда алып, тауып сөйлеген ғылым сөзі есебінде ғылыми олжа.
ХІХ ғасырда айтыс жанры жаңа бір алымда көрінді. Дәстүрлі айтыс өлеңнің суырыпсалмалықпен бірге шығарма айтыс түрінде де жайылуы оның түрі мен мәніне нақтылы өзгеріс әкелді.
І. Орындалу шартына қарай бөлінетін түрі: 1) ауызша суырыпсалма айтыс; 2) шығарма, жазба айтыс.
ІІ. Айтыстың мәніне қарай бөлінген түрлері:
бас қағысу (қағытпа, қалжың) айтысы
ру айтысы
әлеуметтік айтыс
дүние сырларын жұмбақтаған, діни білім таластырған жұмбақ айтыс
билік айтып, бітімге келтіріп отыру мәніндегі шешендік билік айтыс.
Дәстүрлі айтыстың жанрлық баюы, толысып, түрленуі осындай қисындарға қарай бастайтындай.
Айтыстың, соның ішінде ХІХ ғасырдағы айтыстың зерттелу, жанрлық жақтан негізделу жөндерін тұтас танып-білу – ХІХ ғасырдағы ақындар айтысының өзіндік ерекшеліктерін, дәстүрлі сипатын, жанрлық табиғатын ашу жөндерін жасаудың бір шарты.
Бұл мақсатта ХІХ ғасырдағы дара ақындар айтысының өзінен, оның құрылым, тіл қолданыс, мазмұн мән, дәстүрлі сипаты мен дәуір әкелген жаңалық өзгешелігін әрі қарай зерттей түсуден табар олжамыз – өз алдына мол қазына.