Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет42/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   85
Әр түрлі жастардағы адамдардың өлең жырларынан үзінді.

  • Ең жақсы қазақ ақындарының өмірінен алынған әңгімелер.

  • Қазақтың мақал-мәтелдері.

    Ыбырай Алтынсарин бұл бөлімдерге енген ел әдебиеті үлгілерінің көпшілігін сол кезде шыққан жинақтардан алған болуы мүмкін (мәселен,
    В. Радлов кітабы
    Қ.М.)
    Сонымен бірге бірталай шығарманы ел аузынан өзі жазып алып, жинап қосқан. Өңдеген, әрлеген. Осы жөнінде Ыбырай шығармашылығын арнайы зерттеушілер үңіле түсер тұс аз емес.
    Мәселен, “Жиренше шешен”, “Қарақылыш”, “Тазша бала”, “Алтын айдар”, “Қарабатыр” ертегілернің Ы. Алтынсарин кітабындағы мәтінін басқа басылымдардағы мәтінмен салыстыра қарағанның өзінде бірталай өзгешеліктер байқалды.
    Ыбырай басылымында ертегі тілі басқа жазбалармен салыстырғанда әлдеқайда көркем, жанды. Ауызша баяндау нұсқасына жақын. “Жазушы” баспасынан “Қазақ халық әдебиеті” сериясымен шыққан көп томдық ертегілер жинағының төртінші томындағы (1989) “Қара батыр”, “Алтын Айдар” ертегілерін “Қазақ хрестоматиясындағы” Ыбырай бастырған сол ертегілермен текстологиялық салыстыру жасағанның өзінде Ыбырай Алтынсариннің өз мәнері, өз баяндау машығын айқындай түсерлік сөз қолданыс, сөйлем құрылымдары байқалды.
    “Ертегілер” жинағына “Қарабатырдың” Мәшһүр Жүсіп тапсырған нұсқасы (ОҒК қолжазба қоры, 1176 папка) енген.
    Бұл ертегіні Ыбырай “Қазақ хрестоматиясында” бастырған (1879). Одан ілгеріде жазба нұсқасы, басылымы болды ма деген мәселе анықтауды қажет етеді.
    Ыбырай Алтынсариннің 1994 жылы “Ғылым” баспасынан шыққан Таңдамалы шығармалар жинағындағы “Қарабатыр” ертегісінің мәтінімен “Ертегілердегі” мәтінді салыстырғанда көлем, мазмұнда алшақтық, айырмашылық байқалмады. Ал жекелеген сөз қолданыс, сөйлем құрылымында айырма бар. Және ол айырма Ыбырайдың жазу машығына, мәнеріне тән белгідегі айырма.
    Ыбырай жинағында ертегінің атауы “Қара батыр” (баланың атыҚ.М.) болып бөлек жазылған. “Ертегілерде” – “Қара батыр”. М. Жүсіп жазбасында ертегі былай басталады. “Орал тауын мекендеген елдегі бір шалдың баласы Қарабатырды жас күнінде жортуылшылар ұрлап алып кетіп, еліне апарған соң, қой бақтырып қойыпты. Ол балаға жөнді тамақ бермеген соң, бала қойдың далада сүтін сауып ішіп, сонымен күн көріп жүріпті. Бір күні бала далада қамығып жылап отырғанда, алдына бір қарға келіп қонады. Бала қарғаға айтты:
    – Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды ал сана, біздің елге бар сана, сағынып жүрген әкеме, тұмарымды бере қал сана...
    Бір күні бала далада қамығып жылап отырса, қасына қарғалар келіп қонады. Бала қарғаларға айтады:
    Қарғалар-ау, қарғалар,
    Қанды көрсе жорғалар.
    Құмарымды ал сана
    Біздің елге бар сана,
    Сағынып жүрген әкеме
    Тұмарымды беріп қуантып
    Жүрекжарды ал сана.
    Ыбырай Алтынсарин кітабында: “Қара батыр деген ерді бала күнінде түрікпен елінің жортуылшылары ұстап алып, еліне апарған соң қой бақтырыпты.
    Аш, жалаңаш сақтап, жөнді тамақ бермеген соң, бала қойдың далада сүтін сауып ішіп, сонымен күн көріп жүріпті. Бір күні бала далада қамығып жылап отырғанда, алдына бір қарға келіп қонады. Бала қарғаға айтты:
    – Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды ал сана, біздің елге бар сана, сағынып жүрген әкеме, тұмарымды бере қал сана...”.
    Ыбырай Алтынсарин ертегінің ауызша айтылу сипатын, стилін сақтап бастырған. М. Жүсіп біршама жазба тілдің стилімен әрлеп, жатықтандыра түскен. Ыбырай бастырған ертегі тілі жеңіл, нақ-нақ, оралымды, өзіндік ырғақпен оқылады.
    Бұл жерде сөз ұстартуға мүмкіндігі молынан жетіп тұрса, Ыбырай мақсатты түрде халық тілінің өз мүмкіндігін, өз байлығын барынша ашып тастайтын ауыз әдебиеті үлгілерінің өз стилін сақтайды.
    Ыбырай ауызша тілдің құрылымындағы инверсияны – сөздердің қалыпты орнынан әдейі, екпін түсіре ауыстырылып айтылу әдісін өзгертпейді. Уақиғаға ширақтық, жеделдік дарытатын сөз қолданыстарды қалпынша алады.
    Мысалы Ыбырай басылымындағы “Келіп тырна қонды” деген сөйлем Мәшһүр Жүсіп жазбасында “Тырна келіп қонды” болып келген. Бір қарағанда, сөздердің орны ауысқаннан мағынаға келер нұқсан жоқ. Бірақ “Келіп тырна қонды” бірінен кейін бірі келіп қонып, ұшып кетіп жатқан құстардың қимыл-әрекетінің жеделдігін, шұғылдығын үдете түседі. “Тырна келіп қонды” жайбарақат, асықпаған күйдің суреті.
    Келесі келіп қонған құстар қимылы да Ыбырай басылымында жедел, тез. “Келді қаз”, “Келді аққу”.
    М. Жүсіпте: “Қаздар келіп қонды”, “Аққу келіп қонды”.
    Немесе, мына баяндау.
    Ы. Алтынсарин басылымында:
    “Бұл ауылға келген соң, қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап жүрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамайды. Сөйтіп шаршап қалғып отырғанда, бір ыңырсыған кемпірдің дауысы шықты. Құлағын салып қараса, кемпір айтады:
    ... ... ... ... ... ... ... ... ...
    Сен тұра тұр деп кемпірді тоқтатып, шал айтады:
    ... ... ... ... ... ... ... ... ...
    М. Жүсіп жазбасында:
    “Бұл ауылға келген соң, қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап көрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамапты. Сөйтіп, шаршап, қалғып отырғанда бір кемпірдің ыңырсыған дауысы шықты. Қарлығаш құлағы салып тыңдаса кемпір айтады:
    ... ... ... ... ... ... ... ...
    Қасында отырған шалы: “Сен қоя тұршы”, – деп оны жылатпай, тоқтау айтқан кісі болып өзі де еңкілдеп жылай беріпті:
    ... ... ... ... ... ... ... ...
    Екі басылымда баяндауыш-етістіктің берілуінде айырма бар.
    “Ал “бір ыңырсыған кемпірдің даусы шықты” мен “ыңырсыған бір кемпірдің дауысы шығадының” экспрессиясы бірдей еместігін тәптіштеп жату артық.
    Ыбырайдың басылымындағы ертегі тілін “Қазақ хрестоматиясының”
    1879, 1906 жылғы басылымдары бойынша жаңадан баспа жүзін көрген (2003 жыл, “Қазақ университеті”, баспаға әзірлеген ф.ғ.д., профессор С. Садырбаев) мәтінмен салыстыруда Ыбырай шығармаларының кеңестік кезеңдегі (1955, 1988, 1994) басылымдарына редакцияға түсіп басылған өзгерістермен салыстыра қарау – Ыбырай шығармаларының текстологиясын жасаудағы тиімді тәсілдің бірі болмақ.
    Осы тұста, Ыбырай жинағындағы көпшілік мәтінді А.В. Васильевтің Орынборда шыққан “Образцы киргизской словесности” деген жинағындағы сәйкес ертегі мәтіндерімен де салыстырып қарау қажет. Себебі, Ыбырайдың жиған-тергені өзі қайтыс болғаннан кейін А.В. Васильевтің қолында болған ғой. Ол туралы нақты бір дерек – Ыбырайдың ізбасарындай болған Ғабдолғали Болғанбаевтың естелігі.
    Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған ертегілерді қайсыбір тұста өзіндік сөз мәнерімен, өзіндік сөйлем құрау тәсілімен жинақыландыра, ширықтырып, ширата түсу машығымен бірге, оның халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баяндау стилін қалпынша сақтауға ден қойғандығына, әр сөздің реңіне, бояуына, әсер күшіне, “сөздің сөзге түсірер жарығына” (Ғ.Мүсіреповше айтқанда Қ.М.) айрықша мән бергенін көреміз.
    Тасқа басылғанымен туындының, жазба әдебиет нұсқасы емес, ауыз әдебиетінің еншісі екендігін, оның кейінгіге ел аузында сақталған күйде жетуін, яғни түпнұсқаны сақтаудың жауапкершілігін де Ыбырай Алтынсарин саналы түрде жүзеге асырған.
    Жинақтағы шығармалардың қазақ әдебиетін, жазба әдебиетінің мәдениетін көтерудегі орны өлшеусіз.
    1994 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрген Ыбырай Алтынсарин жинағының түсініктеріне ғалым Жұмат Тілепов былай деп жазады:
    “Осы тұста, бір ескерте кетер жай: бұл тарауда біз автордың өзі жазған шығармалармен қатар, сондай-ақ, хрестоматия иесінің ел аузынан жинап, алғаш рет өзі хатқа түсіре отырып, ұстартқан, сондықтан өзі авторы секілді қабылданып кеткен, арғы түбі халықтық прозаның қатарына жататын ауыз әдебиеті нұсқаларын да Ыбырай Алтынсариннің төл туындылары ретінде беріп отырмыз.
    ... Оның үстіне дүниежүзілік әдебиет пен өнердің тарихында халықтық мұраларды жаңғыртып жазып, оларды өздерінің төл туындылары ретінде қабылдаттыру тәжірибесі өте-мөте мол.
    “...Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінің ішінде оның қазақтың аңыз-әпсаналары мен ертегілерін негізге ала отырып жазып шыққан туысы тосын дүниелерінің де жүру себебін осы принциптен деу ләзім” [104, 275 б.].
    “Қазақ хрестоматиясына” енген шығармалардың аударма шығармалар болсын, өз әңгімелері болсын ұзақ-сонар, қиял-ғажайып уақиғалар емес, адамның нақты өмірінен алынған әңгімелер.
    Ыбырай Алтынсарин тіл дамыту, ой дамыту үшін жазылған ойнақы, жинақы, ширақ шығармалар үлгісін көрсетті.
    Бұл шығармалардың жанрлық сипаты – жазылу стилі қазақтың жаңа жазба әдебиетіне негіз болды. Ыбырайдың “Шеше мен бала” т.б. шығармаларында диалогтық үлгілер бар. Драматургия элементі байқалады. Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары қазақтың жазба тіліндегі эпистолярлық жанр үлгісі.
    Ыбырай көркем аударманың мүмкіндіктерін ашты. Оның аударма әңгімелері тым жатық. Қазақтың төл туындысындай оқылады.
    Оның әңгімелерінің өзі түр, стиль жағынан жан-жақты сападағы, түрлі жанр жүгін көтеріп тұрған бай мұра.
    Ыбырай Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясында” сол тұста тасқа басылуда қағажу көріп, қақпайланып отырған қазақтың бай тілін кәдеге жаратты.
    Аудармашылық, білімге тарту мақсатымен жарық көрген оқулық қазақтің жаңа жазба әдебиетінің, жазба тілінің қалыптасуына орасан зор ықпал жасады.
    Ыбырай Алтынсарин “Қазақ хрестоматиясының”, “Сөз басында” “татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілі” деп аялай қорғаштаған туған тілін сақтап қалу үшін таза қазақ тілінде басылған тұңғыш кітап шығарды.
    “Қазақ хрестоматиясының” бұл бірінші кітабы кейін де бірнеше рет жарық көрді. Осындағы шығармалардың басылым жөнін Ыбырай Алтынсариннің
    1994 жылы “Ғылым” баспасынан шыққан таңдамалы жинағында ғалым Жұмат Тілепов нақтылы дәлел, деректермен жүйелі, тұтас қарастырды. “Қазақ хрестоматиясының” құрылымын, оған енген шығармалардың жөнін зерттеуге көп көмегі тиетін еңбек жасады.
    Ы. Алтынсариннің “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” еңбегі (1879) мен “Мұшылманшылықтың тұтқасы” (1884) еңбектері де мектеп оқушыларына арналып жазылды. Бұл шығармалардың ғылыми негізде жасалған оқу құралы ретіндегі маңызымен бірге қазақтың жазба әдеби тілінің жасалуындағы орны өлшеусіз. Жаңа жазба әдебиеттің тууы да сол еңбектердің жарыққа шығуымен жандана түсті.
    Ыбырай Алтынсариннің “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” еңбегі 1879 жылы жазылып, 1879 жылы Орынбор қаласында шықты.
    Бірде-бір орыс сөзін білмейтін қазақ баласына орыс тілін үйретудің тиімді жолдарын үйреткен бұл еңбектің құндылығы бөлек. Шет тілін үйренудің тиімді жолдарын Ыбырай Алтынсарин өз тәжірибесінен жинақтап, күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктерге сүйене отырып негіздейді. Шет тілін үйренудің қазақ оқу жүйесіндегі тұңғыш ғылыми негіздемесін жасайды. Еңбек қазірде де маңызды. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне үйретуде ұстаным боларлық мәнді, нақтылы, тиімді жүйе.
    Ыбырай осы еңбегінде қазақ тілінің ғылыми грамматикасын тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірді. Орыс тілінің грамматикасымен салыстыра қарастыруы арқылы тіл білімінің салыстырмалы грамматикасын қазақ тіліне пайдаланды. Оқу құралында нәрселердің аттары (зат есім), зат мақлұқтың қасиетінің аттары (сын есім), есеп аттары (сан есім), местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік), ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу), предлог деген сөздің бөлімі (жалғау), глагол деген сөздің бөлімі (етістік) деп, сөз таптары беріледі. Қазақ тілінен орыс тіліне аударудың үлгілері көрсетіледі. Сол сөз таптарына жататын негізгі сөздер, олардың жаққа, шаққа жіктелуі, жекешелік, көптік мәні, септелуі, орыс тіліндегі род категориясы ұтымды ұғындырылады.
    Ыбырай Алтынсариннің “Шариат-ул ислам” (“Мұсылманшылықтың тұтқасы”) еңбегі 1884 жылы Қазан қаласында араб қарпімен басылып шықты. 1894 жылы Орынборда орыс таңбасымен қайта басылды.
    Еңбек сол замандағы патша үкіметі тарапынан жүргізіліп отырған дін саясатына орай шықты. Ұзақ жылдар бойы бұл еңбектің негізгі мәні соншалықты ашылып айтылған жоқ, арнайы қарастырылып сөз болған жоқ, арнайы қарастырылып сөз болған жоқ. Бұл еңбек қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік өріс тапқан іргелі ыбырайтану ғылымының “ақтаңдағы” болып қалып отырды.
    Шәмшиябану Сәтбаева 1988 жылы “Ыбырай Алтынсарин тағылымы” атты жинаққа арнайы жазылған “Экзегетикалық дәстүрге үлес” зерттеуінде ыбырайтанудың ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бері өрістеп отырған ғылым арнасы екендігін көрсететін фактілер келтіре отырып, былай деп жазды: “Алайда зерттеулерден көбіне тыс, шет қалып жүрген бір еңбек
    Ы. Алтынсариннің “Шарият ул-ислам” – “Мұсылманшылықтың тұтқасы” атты 1884 жылы Қазан университетенің типографиясында араб әрпімен жарық көрген кітабы. Одан кейін қайта басылған емес. Атынан үркіп көбіне аталмай келді, ара-кідік аталса, терең зерттелмеді” [97, 197 б.].
    Аталған еңбек “Құран” негіздерін ұғындыру мақсатында, мектептерде оқытылатын дін сабағының қазақтарға анағұрлым ұғынықты оқу құралы есебінде жазылды. Ислам дінін ұстанып отырған халықтың “Құран” негіздерін татар молдары арқылы үйренуінің көптеген кері әсері болды.
    Бұл еңбектің жазылуындағы көп мақсаттың бірі – тіл тазалығын сақтау да болды.
    Ыбырай Алтынсарин ислам дінінің негізі ұстанымдарын қазақ баласына дұрыс тәрбие беруге бағыттады.
    Ыбырай Алтынсарин бұл еңбекті жазудағы мақсатын өзі айқын айтып береді.
    “... Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады... мүмкін болғанша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл – қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсілдерінің бірі ғой) мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бастап... Осы оқу құралын құрастыруға кірістім” [105, 324 б.].
    “Шарият ул-ислам” Ыбырай Алтынсариннің ХІХ ғасырда патша үкіметі тарапынан жүргізілген миссионерлік саясатқа қатысын да айқындайтын еңбек.
    Бұл еңбек сонымен бірге ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің қалыптасуында да өлшеусіз ықпалы болған жазба тіл мұрасы есебінде де аса бағалы.
    Мұхтар Әуезов 1927 жылы жарық көрген “Әдебиет тарихы” оқулығында Ыбырай Алтынсаринді “жүз жылдық дәуірге” созылған зар заман әдебиетінің дін мен мәдениет иісі шыға бастаған үшінші кезеңіне жатқызады. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын көп ұсынатын ақын Алтынсарин деп, айрықша бөліп айтады.
    Алтынсарин шығармашылығындағы дін жайын жүдеген өмірдің діннен тірек іздеуі деп қисындайды. Бұл тұста Мұхтар Әуезов Ресей империясының ХІХ ғасырда ұстанған дін саясатына соншалықты көңіл бөле қоймаған сияқты.
    М. Әуезов кейінде Ыбырай Алтынсариннің дінге қатысын кеңіте түсер мынадай түйін айтады. Бірақ бұл жерде де саясат ыңғаймен Ыбырайдың исламиятқа қатысын бір жақты ғана айтып өтуге мәжбүр болғандай...
    “Осының бәрінің тұсында ол патшалықтың отарлаушы, бюрократтық-чиновниктік аппараттарымен үнемі арбасып, қажымай күресуші және бір өзі екі бүйірінен (астын сызған бізҚ.М.) дұшпан көзбен қарап қадалған діншілдер қастандығына қарсы да алысушы болды. Осы соңғы жайдың өзін ғана алғанда, Ыбырай көрген қос қысымның (астын сызған бізҚ.М.) ол заманда қаншалық ауыр, зіл салмақты дерт болғандығын анық аңғаруымызға болады” [78, б.].
    М. Әуезов ХІХ ғасырдағы қазақты шоқындыру саясатын айтады, бірақ Ыбырайдың сол саясатқа қарсы өрістеген діни-ағартушылық ағымның сауатты өкілі болғанын айтпай, іркіп қалады.
    Қазіргі уақытты Ыбырайдың дүниетанымы, оның шығармашылығындағы діннің жайына қатысты мәселелер жаңа бір беталыста танылып, айтылып отырғаны белгілі.
    Осы орайда ілгергі тараушада айтылған Шәмбиябану Қанышқызы Сәтбаеваның пікірін және бір еске салғанды жөн көрдік.
    Ш. Сәтбаева Ыбырай Алтынсариннің 1884 жылы басылып шыққан “Шарият ул-ислам” еңбегіне ең алғаш түсінік берген ғалым. 1991 жылы “Жазушы” баспасынан Ыбырай Алтынсариннің туғанына 150 жыл толу қарсаңында шыққан “Ыбырай Алтынсарин тағылымы” атты жинаққа арнап жазған “Экзегетикалық дәстүрге үлес” мақаласында Ыбырай Алтынсариннің “Шариат ул-ислам” еңбегі экзегетикалық – діни негіздерді түсіндіру дәстүрінде жазылған кітап екенін айтады.
    Бұл кітапты жарыққа шығаруда Ыбырай орыс миссионерлері тарапынан талай тосқауылға тап болды. Ильминский Ресей империясы мектептерінде оқытылатын дін сабақтарына оқулық есебінде жазылған бұл еңбекті де “Қазақ хрестоматиясы” сияқты орыс қарпімен бастырып шығару керек дейді. Ыбырай Алтынсарин бұған батыл уәж айтады.
    “Бұл арада тағы бір ескерте кетуге қажет нәрсе – мұндай оқу құралды, менің басында ойлағанымдай, орыс әрпімен жазу мүмкін емес, өйткені мұндай дін кітабы, шариғат тұрғыларына толық сай құрастырылғанымен де, сыртқы жағынан қарағанда мұсылманша болмаған соң, қазақ арасында сенімді болмас еді, әр түрлі қолайсыз әңгімелер туғызар еді”.
    Қажым Жұмалиев 1960 жылы жарық көрген “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі” монографиясында Ыбырайдың дін жайын саясат жөнімен біржақтылау танытқанымен, Алтынсариннің негізгі ұстанымдарындағы ымырасыздық туралы нақты тұжырым жасады.
    “Кейбір күрделі мәселелер жөнінде Алтынсариннің Ильминский, Григорьевтермен де келіспейтін жайлары аз емес. Бірақ Ыбырай олардың ешқайсысымен араздасып, не айтысып-тартыспай-ақ өзінің ойға алған жұмысын іске асыруға тырысқан. Бәрімен де істесе білген. Бірақ ешқайсысының ықпалында кетпеген” [17, 42 б.].
    ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы дін жайын, миссионерлік саясатты өзінің Абай дүниетанымына арнаған “Хакім Абай” еңбегінде Ғарифолла Есім бағамдай келіп, қисынды түйіндер жасайды.
    Алайда сұңғыла зерттеушінің Ыбырай Алтынсаринге қатысты пікірі тым біржақты көрінетіндігін айтпасқа болмас.
    “Ислам философиясына үңілмей, Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа”, “Анығында, ағартушылық қоғам болмысының заңдылығы ретінде аңғарылатын мәдени қозғалыс, оның қозғаушы күші – ұлттық идея” деген аса тұщымды тұжырымдар жасап отыратын ғалым Ыбырай Алтынсаринді бұл тарихи миссиядан алыстата сөйлеген сияқты.
    “Қазақстанға, өкінішке орай, ағартушылықтың өңі айналған миссионерлік түрі келіп жетті. Мәселеге неғұрлым байыппен қарай білген жағдайда Қазақстанда ағартушылықтың екі түрлі көрініс тапқанын аңғарамыз. Оның бір мәдени дәстүрге, заман талабына сай прогрессивті бағыттағы реформалар жасауға ұмтылу, сөйтіп халықтың сана-сезімін ояту сияқты құбылыстар. Бұл кәдімгі мәдени жүйе бойынша жүргізілетін қажетті шаралар...
    Қазақ жұрты елдігінен айрылып, басы иіліп, тізесі бүгілген заманда ағартушылықтың жоғарыда айтылған жалған түрі – миссионерлік келді.
    Қазан төңкерісіне дейін христиан дінін уағыздауға қызмет еткен миссионерлік әрекетінің бет-пердесі аса бүркеле қойған жоқ. Оған дәлел
    Ы. Алтынсариннің, Ильминскийдің және сол сияқты халықты ағартуға келген басқа да орыс оқытушы мұғалімдерінің жүргізген жұмыстары” [89, 45-46 бб.].
    Ыбырай Алтынсариннің “Мұсылманшылықтың тұтқасы” кітабы араға бір ғасырға жуық уақыт салып барып, 1991 жылы “Қазақстан” баспасынан басылып шықты [79].
    Кітаптың алғы сөзінде Ақселеу Сейдімбек бұл еңбектің жазылуының екі түрлі себебі болды деп, бірін сол кезеңдегі мектептегі дін сабағына арналған оқу құралы есебіндегі міндетімен, екіншісін сол кездегі қазақ әдеби тілінің таза орнығуы жолындағы мүддеден туған міндетпен орынды байланыстырды.
    Осы жерде кітаптың туу тарихын, жазылу себебін Ыбырайдың өзі берген түсініктемедегі бір мәселемен байланыста қараудың орны бөлек болмағын айтқан жөн. Біздіңше, еңбек сол кездегі правословие дінінің қызметшілері тарапынан жүргізілген миссионерлікке, өзге дін өкілдерін шоқындыру саясатына да қарсы мәнде жазылған. Бұл өзі өткен тарихқа қазіргі жан-жақты баға беріліп отырған уақыт санамызға сіңіре бастаған шындық.
    Ыбырай Алтынсариннің кезінде өзінің жазған түсініктемесі де кітаптың мақсатын анық көрсетіп тұр.
    “...біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім” [106, 6 б.]. Бұл жерде “теріс бағыт” деп Ыбырай дінді шала, дүмшелікпен ұғындыруды айтып отыр.
    Еңбектің біссімілләсі, Абай айтқандай, “Махаббатпен жаратқан адамзатты” бір Құдайдың, Алланың құдіретін мадақтаудан басталады. Мұнан соң мақтау Мұхаммед Мұстафа салла аллаһу аллаһи уассаламға арналады.
    “Ләкин ислам мәнісін білмек әрбір мұсылманның өз басына парыз. Әлгі рәуіште мұсылманшылықтың шартын ел ішінде молдалары біліп, бөтендері білмегенмен, бұл білмегендердің мойнынан парыз түспейді. Парыз түсу түгіл, бұл мұқтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды. Құдай тағала өзі сақтасын, соның үшін бізбен қатар татар, түркі уа ғайри халықтар аят хадистің мұқтаж, керекті бұйрықтарын өз тілінше көшіріп, түсінетін кітаптар шығарып, діннің ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде әркім түсініп оқып немесе біреу оқыса тыңдаған қара халық түсініп отыратын бір де кітап жоқ. Сол себептен жалғыз кітап таныған молдалар болмаса көп қара халық өзінің діні не екенін де кәміл түсінбейді. Хатта көп адам осы қалыпша кәпір болып та жүрген шығар. Мұны көріп біз, Фақыр Қыпшақ руының Ибраһим Балғожа биұғлы, қарындас халқымыз қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен һәм қараңғы туғандарымызды түсінікті тілменен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістік” [106, 13 б.].
    Негізінде, бұл еңбек жөнінде ілгеріде мүлде айтылмады, аталған күннің өзінде кітап мақсаты көпе-көрнеу замана ыңғайына қарай бұрмаланып отырды.
    Философия ғылымының докторы Мұқаш Бурабаев “Ыбырай Алтынсариннің тағылымы” жинағына арнайы жазылған “Ыбырай Алтынсариннің көзқарасы” мақаласында былай деп жазады:
    “Алтынсарин дүниетанымының мән-маңызын анықтауда оның ислам мен халық діншілдігіне қарсы күреске арналған қызметі мен творчествосының бір қыры ерекше назар аудартады.
    Алтынсариннің ағартушылық және дінге қарсы қызметі өзара тығыз байланыста болды...
    Ол діннің қазақ қоғамы өмірінде ерекше орын алатындығын байқады. Сонымен бірге қазақ халқының өз бетімен діншіл еместігін, үстем таптың күштеуімен екендігін мойындады” [97, 292-337 бб.].
    Мақала 1991 жылы жазылған. Рас, орыс тілінде жазылған. Алайда, аударма түпнұсқадағы түпкі ойды бұрып тұр деуге негіз жоқ. Егер, мақала өткен ғасырдың 40,50,60-жылдарының басында жазылса, “түсіністікпен” қарар едік. Бірақ... “Айтылған сөз – атылған оқ”.
    Қ. Бейсенбиевтің “Шариат ул-исламға”, Ыбырайдың дүниеге көзқарасына уәж айта отырып, М.Бурабаев Ыбырай Алтынсариннің аталған еңбегінің “үкімін” шығарады.
    “Алтынсариннің діни мотивтерге баруының “өзіндік тұрғыдағы негізіне тоқталсақ, “Шариат ул-ислам” кітабы мен басқа шығармалары мазмұнының талдауы көрсеткендей, ол діндар болмаған, себебі Алланы дүние жаратушы ретінде мойындамаған, еңбекпен және әр түрлі ғылыми пәндерді оқу арқылы келген “ақиқаттың құдіреттілігіне” ғана құлай сенген. “Шариат ул-ислам” кітабын жазуы ойшылдың жеке басындағы толғаныстар әсерінен болған емес, көзқарасындағы дағдарысты жеңумен, идеялық тұрақсыздықтармен байланысты болған жоқ және де материалистік, атеистік бағыттардан шегіну де емес” [97, 305 б.].
    Жалпы, мұнан кейін де автор Алтынсаринді әр қырынан дінге қатысы жөнінен мейлінше зерттейді. “Сөйтіп, Алтынсарин мұсылмандықпен күресте саналы түрде “Шариат ул-ислам” құралын жазды” деп ой түйеді.
    Негізінде, бұл жөнде, тарихи ақиқатқа адалдық тұрғысынан, кімге де қатысы болсын, қай мәселеге қатысты болсын үкім айтуға абай болғанымыз жөн шығар.
    Сол тұрғыда “Шариат ул-ислам” дінтанушылар тарапынан бағаланып, сараланып жатса – құба-құп...
    Еңбектің мазмұны, тілі, жазылу жөні, мақсаты туралы сөзді Абай шығармаларындағы, әсіресе қара сөздеріндегі дін жайымен, Шәкерімнің “Мұсылманшылықтың шарты” (1911) еңбектерімен сабақтастықта қозғау, біздіңше, оның құндылығын, тарихи мәнін ашуға тартар тура жолдың бірі көрінеді. Ыбырайдағы, Абайдағы адамды, Алланы сүю парызымен, имандылық, мұсылманшылық жөнімен желілес, сабақтас ой иірімдері салыстыра зерттеу нәтижесінде көріне, ашыла түсері сөзсіз.
    Ыбырай мен Абайдың арасындағы екеуін аса туыстырып жіберетін шығармашылық бөлекше бітім тек олардың бұрынғы әдебиетте болмаған көркемдік үрдіс, үлгілерінде ғана емес, осы дүниетаным, дінтаным, дінге қатыстылық иірімдерінде де өзгеше бүтіндікке тартып жатқан таным табиғаты.
    Ыбырайдың дінге қайырылып отыруы мен Абайдағы дін жайында үндестік, үлгінің мол болуы, әрине ең әуелі екеуі де ден қойып отырған исламның негізгі шарт, қағидаларынан туған. Бұл мазмұнға қатысты жөн. Ал дін жайын сөйлеудегі сөз саптау, сөйлем құрудағы ұқсастық – кездейсоқ емес. Негізінде, Абайдың Ыбырай Алтынсариннің тасқа басылған еңбектерімен таныс болғандығы күмәнсіз. Ендеше, Абайдың қайсыбір тілдік қолданыс, жазба тілді жасаудағы машығында Ыбырайдың ықпалы бар. Жаратылыстан дарыған ақындық қуат Абайда артық болғанымен, оның Ыбырайдан алғаны, жаңа жазба әдеби тілді қалыптастыру жөнінде жоқ емес. Бұл да арнайы зерттеудің өрісі болатын бір мәселе.
    Ыбырайдың “Мұсылманшылықтың тұтқасы” еңбегі мен Абайдың қара сөздеріндегі діннің мәнін ұғындырудағы, ой құрап, сөйлем құраудағы, тіл қолданыстағы қайсыбір ұқсастықтар мынадай үлгілерде көрінер еді.
    Ы. Алтынсариннің кітабындағы әуелі бап – “Иман турасында”. Осы иманның жайына Абай бірнеше қара сөзінде 1, 13, 28, 36, 38 қайырылып отыратыны белгілі.
    Осындағы иманды ұғындырудағы тіл, стиль ұқсастығы сөйлемдердің етістік-баяндауышының растамақ, сенбек, иланбақ, т.б. түрінде көрінеді. Екі ойшылдың да сөйлем соңында керек көмекші етістігін жиі қолданып отырғаны байқалады.
    Сонымен бірге сөйлемнің соңындағы сөздің “деп” болып келуі, “болады екен” деп аяқталуы, “емес” сөзінің жиі кездеседі.
    Қазіргі баянду тілінде басымырақ қолданылатын етістіктің -ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарымен аяқталған сөйлем сирек кездеседі.
    Мәселен, Абайдың 15 қара сөзіндегі әрбір ой түйдегі “болады екен”, “қалады екен”, т.б. тіркестермен тұйықталып отырады. Мұндай орамның Ыбырайда болмауы қара сөз бен “Мұсылманшылықтың тұтқасы” кітабының жанрлық айырмашылығында болса керек. Ыбырай бірде сұрақ-жауап, бірде еркін баяндау, ғылым тілінен гөрі қарапайым тілмен ұғындыру үлгілерінде келіп отырғаны белгілі. Ыбырай бастан-аяқ бір формада жазып шықса, Абай әңгімелесе отырып, айтпағын қоздырып, жандандырып, ой шалып сөйлейді.
    Ал діни негіздерге анықтама беріп тоқталуында Ыбырай да, Абай да бір үлгіде сөз саптайды. Бұл гәптің де бірнеше себебін тарата талдауға зәру.
    Ыбырай: “Мәселен, біреу Құдай тағаланың жанбуынан алып келген намаз, руза реуішті бұйрықтарды растамаса немесе растығына көңілі бос болып шек қылса да кәпір болар. Иман пенделерде үш түрлі болар.
    ... Үшінші түрі – иман тақлиди. Бұл иман – өз ақылымен Құдайды танымайынша, ата-бабаларының ұстап келе жатқан жолы ғой деп иман келтіргендердің иманы болар” [106, 13 б.].
    Абай: “Енді бұл иман дерлік илануға екі түрлі нәрсе керек. Әуел не нәрсеге иман келтірсе, соның қақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып ақылы дәлел испат қыларға жараса, мұны яқини иман десек керек” [107, 31 б.].
    Жалпы, “Шариат ул-исламның” тілі де, негізінен, бұрынғы ауыз әдебиеті тілінде кездеспейтін, жазба тіл дәстүрін орнықтыра түскен сөз айшықтары, сөйлем оралымдарынан тұрады.
    Ыбырай шығармаларындағы дін мазмұнын, діни ағартушылық сарын жөнінде Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева мынадай ойлар айтқан: “Осы діни оқу құралында Ы. Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелеріндегі бірсырыпа ой-пікірлер, сарын-әуендермен сәйкестік, үндестіктер баршылық. Мысалы, оның “Өсиет өлеңдерінде” айтылатын “бәріміз бір адамның баласымыз, жігіттер, бір-біріңе қарасаңыз” деген жолдар “Мұсылманшылықтың тұтқасында” мынадай түрде кездеседі: “Дүниеде қанша адам болса, бәріміз бір атадан өрбіген ағайынбыз...” [97, 209 б.].
    “Қазақ хрестоматиясы” қазақ баласы “А” деп, Әліп, биді үйрене бастаған сәттен таныс, ыстық, білімнің бұлақ бастауындай, жақсылықтың, игілікті істің жарасымды жоралғысындай құлаққа сіңісті. “Кел, балалар, оқылық!” өлеңі “Бір Құдайға сыйынып” деп басталады. Ыбырай өз шығармаларында әрдайым Алланы аузына алып отырған. Нұрлы дүние, сұлу жаратылысты жаратқан Құдай дегенді айтудан танбайды.
    Құдайға шүкір айтар жас пен кәрі,


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   85




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет