Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет56/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   85
Екі жақты бір тілді (жаңа тіркесҚ.М.)
Сөйлейтін сөзге шешенмін,
Қынапты қара қылышпын,
Салып кетсем кесермін…
Жұрт жүйрігі болған соң (жыр шығарған – Қ.М.)
Сөзді неге таппалық
Сұрағаның сөз болса,
Әрі-бері сөйлейін,
Таудан шыққан бұлақтай,
Ылдиға құйған ақтарып
сұлу қылып сөйлейін
Қас жорғаны мініп ап
Түскен жаңа келіндей…
Қара сөзді ақын “атасы арзан қара сөз”, “Мылжыңдаған көп сөз” деп кеміте атайды. Бұл толғауда да адам асар асулар, адам алар биіктер, адам тоқтар түйіндер алға тартылады.
Мынадай жұмыр түскен, шымыр түскен сөз түйіндері жыраудың сөз өнеріндегі алымы мен қарымының айтып жеткізе алмас қуатына куә.


Азда қайрат жоқ деме,
Лақтырған бір кесек.
Мың қарғаны қашырған,
Дүние деген бәйтерек.
Біз боз торғай асылған.
...Асыл пышақ соқтырсаң,
О пышақты сақтайтын
Күміс сауыт қын болар.
Ер жігіттің ажары
Белінен өрген ұл болар.
Ақ сұңқар құстың атасы
Айдыннан таңдап қу алған.
Тәуекелшіл ер жігіт
Адаспай жүріп жөн табар
Қараңғы түскен тұманнан.
Сурет тілі бұл толғауда да кем емес.
Ақ төстері аңқиып
Қараша қайтар күз күні.
Қараша қаздар аспанда қалқып ұшып, қайтып барады…
Мұрат ақынның шығармашылық мұрасының айтуы бір арнасы “Қазтуған”, “Шалгез”, “Қарасай Қази” жырлары.
“Қазтуғанда” Қазтуған жырау жырлары да, Мұрат ақынның өз сөздері де аралас келген.
Х. Досмұхамедұлы түсініктемесінде Қазтуғанның қоныспен қоштасып айтқаны деп берілген. Жырдың аралас келгенін Х. Сүйіншәлиев, М. Мағауин де айтты. Б. Омарұлының пікірі де солай. С. Мұқанов Мұрат өзі ғана шығарды дейді. “Бұл поэманың ескіден сақталынуы, оны Мұраттың өзі ғана шығаруы – поэманың идеялық жағынан байқалады” [9, 155 б.].
С. Мұқанов идеялық жағы деп, орыс отаршылдығының пиғылын ашатын мәнін айтып отыр.
Ей жақсылар, жақсылар!
Бұ қоныстан кетпесең,
Бұны талақ етпесең
Қынама бешпет киерсің,
Арбаға мәштек жегерсің,
Жасауылды жасаң деп,
Одамаңды одақ деп,
Қасына соның ерерсің!
Ақылы кетіп сасқан жұрт,
Құлдан туған төрені
Ақсүйектің ұлы деп,
Оған да тізгін берерсің.
Кәпірден болар хәкімің,
Ықтиярсыз көнерсің
Үй басына мал санап,
Адамға ақша төлерсің,
Аталық бар ма, қайран жұрт.
Күндердің күні болғанда
Қайғыға шіріп өлерсің.
Бұл тұста Мұрат жырды негізінде өзі шығарғанымен, арасында Қазтуғанның да сөзін қосып отырғанын ескерген жөн. Мәселен, “Аламан” (1991) жинағында басылған “Қазтуған” жырының 11 түйдегі “Белгілі биік көк сеңгір” (“Бес ғасыр жырлайды”, 1989) атты Қазтуғанның өз жыры. Тек соңғы:


Байтақтың басы патшалар
Батуға жалғыз аса алмас.
Көп жандар көзін салар деп,
Мен заманнан қорқып барамын.
Кейінгі өскен жас бала,
Кіріптарда қалар деп,
Күндердің күні болғанда
Обалы маған қалар, –
деп, келетін тармақтар Мұрат сөзі сияқты 12 түйдекте де Қазтуғанның “Мадақ жырындағы” оралымдар орын ауыстырғанымен, негізінде сол қалпында түскен. Түйдектің аяғын сол айтары асқан қарға бойлы Қазтуғанның қайғыланып, елден ауған күйі қайырады. Бұл да Мұрат қосқан сөз болса керек. Әйгілі “Мадақ жыры” ешбір болып, жатқан оқиға жайды, күйді баяндамайды, батыр жыраудың өзін жеткізген, болмысын ашқан сурет-жыр. Жырда сол адыра қалған көк Жайық, қайран Нарын, Тайсойған мен Дендер, Сағыз бен Жем, Ойыл, Қиыл, Еділ мен Аштархан сынды қоныс мекендердің арғы-бергі жайы сөз болады. Осындағы Тайсойған, Сағыз бен Жем, Нарын атауларын Қазтуғанның төл жырларында кездеспейді. Мұнда Мұрат ақын мұңын әріде өткен бабалардың өксігімен қосып, қоюландыра түседі.
Жыр үлгісі “Үш қиянға” келеді.
“Шалгез” жырында да Шалкиіз жырау сөзі мен ақын сөзі аралас. Мұнда ел қорғаған батырлардың бірінен бірі асып түскен күш-қуаты, қайталанбас өзгеше бітімі жыр тілінде сөйлейді. Жырда дәстүрлі батырлық эпостың стилі айқын.
Мұрат ақын өз жанынан өлең-жыр туғызған хас шебер. Соған қоса өткен жыр мұрасын қайта жырлап халыққа жеткізуші, сақтаушы. Мұрат Мұрын жырауға он төрт батырдың жырын үйретіпті. Ақынның өзіндік жыршылық дәстүрі, өнер мектебі болған. Мұрат – өлең үлгісі жөнінде де, жыр-толғауындағы басты сарындар мәнінен де, осы жыршылықты ұстану дәстүрінен де байырғы жыраулық өнерді жалғастырушы, дамытып түлетуші.
Соған қоса оның шығармаларында тек жыраулық өнер шеңберіне ғана симайтын өзгешелік, ерекшеліктер айқын. Ақын, айтыс ақыны. Көңіл күй адам жаратылысы жайлы толғауларында жалпыдан гөрі ақындық “меннің” шындығы басым. Заманның құйтырқы, түлкі тұрпатын ғажайып дәлдікпен ашу жағынан әрідегі жыраулардан гөрі берідегі жаңа сипатына ойысып бара жатқан, ойысып барып Дулат, Абай өлеңіне айналған көркемдіктің ауылын айналып, жырдағы жаңа биіктік өлшемдерге қол созып, созғанда да қоршап алып қалып жүрген күйдегі ақын.
Мұрат өлеңдері түр, жанр жағынан да әр қилы сипатта. Жалпы Мұрат мұрасы әлі де аша түсуге, айтыла түсуге зәру. Мұраттың үйрену мектебі бірнеше арнадан тұрса, Мұраттан қалған үлгі мектебі де бір ғана түрде емес.
Мұратта әзіл-оспақ әжуа, қалжың түрінде де, мадақ, қошемет, мін сын түрінде де келетін арнау өлеңдер де бар.
Мұраттың Ғұмар Қазыұғлына, Тұрарбай болысқа, Бегалыға, Айжарыққа, Қожа болысқа, Боранбайға айтқаны дейтін өлеңдер бар.
Той бастар жырлары: “Қаратоқай Беріш Есеттің баласы Аман мырзаның қыз ұзатуындағы тойбастары”, “Жайық Беріш Сиқыт деген адамның тойында айтқаны”.
Мұнда ақын той иелерінің арғы-бергі атақ-даңқын тізіп, мадақтайды. Желдірте, марапаттай сөйлейді: Келін болып түскелі ұзатылып кетіп бара жатқан қызға өнеге-ғибрат тілек қосады.
Ақын кейінгі ұрпаққа үгіт-өнеге тәрбие сөзін алаң көңіл үлкен қауіппен жеткізіп отырды. “Оқудан қайтқан жігітке” деген хат түрінде жазылған өлеңде ақын Дәулетүмбет Машақұлы дейтін жаңа жасқа арнапты. Дәулетүмбет Халел Досмұхамедұлының әкесінің ағасы екен. Орынбордан оқу бітіріп келген жасқа Мұрат үміт арта, сенім арта сөйлейді.
Жас күніңнен талиптықты жолықтырдың,
Законын қабат оқып толықтырдың.
Законын екі жұрттың бірдей біліп,
Кеудеңді әрбір жолға молықтырдың.
Адасар көзсіз адам жүрген жолдан,
Адассам, жетелерсіз алып қолдан.
Халқымның адасқанын бастамасақ,
Биліктен не пайда бар кеудең толған?!
Мұрат шығармаларын арнайы қарастырған ғалым Б. Омарұлы ақынның көркемдік әлемін жанр, түр, көркемдік қолданыстар жөнінен кең қамтып талдайды.
Өлең сөздің жасалу шарттары, негіздері тұрғысынан келгенде сөз жоқ, Мұрат мұрасы күрделі, қиын да қызық қисындармен өрілген жыр мұрасы.
Әдебиет тарихындағы алабөтен орны жайлы Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов сынды сөз асылын сүйіп өткен алыптардың сонау ертеректе айтқан тұжырым-пікірлері бүгінгі әдебиеттану ғылымымыздағы түбегейлі зерттеулер негізінде толыға, беки түсуде. Мұрат мұрасы халқымыздың қымбаты мен қимасының алтын кесегі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет