Ақыл-ой тәрбиесі дегеніміз - балалардың ақыл-ой күшін, ойлауын дамыту және ақыл-ой еңбегі мәдениетін дарыту үшін тәрбиешінің атқаратын мақсатты іс-қызметі. Ақыл-ой тәрбиесі — балалардың ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық ақыл-ой санасын, дүниеге ғылыми көзқарасын жетілдіру, ой еңбегі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет. Ақыл-ой тәрбиесі білім қорының жинақталуына, оқу-танымдық операцияларды меңгеруге тікелей ықпал етеді. Адамның ақыл-ойы -барлық адамдарға тән адам миы қызметінің өнімі. Педагогтар және психологтар ойды және оның жеке түрлерін дамытуды ұсынады.
Ақыл-ой тәрбиесі жеке тұлғаны қоғамның өркениетті даму бағытына сай жан-жақты тәрбиелеудің құрамды бөліктерінің бірі. Ол білім жүйесін меңгеруге, оқушылардың рухани күшінің дамуына ықпал жасайды. Ақыл-ой тәрбиесінің басты міндеттері: оқушыларды табиғат, қоғам, адам жайындағы ғылым негіздерімен қаруландыру; қоршаған ақиқат дүниеге ғылыми көзқарасын, сенімін қалыптастыру; балалардың ойлау қабілетін (абстрактылы ойлау, ойлау операциялары — талдау, синтездеу, салыстыру, жинақтау, топтау, негізгісін ажырату, жіктеу т.б.), таным іс-әрекетін (іскерлік, дағды, бақылау, жазу т.б.) дамыту. Ол ой еңбегі мәдениетін меңгеруге, интелектуалдық іс-әрекетпен ұзақ шұғылдана білуге, оқушыларды дербес жұмыс істеуге дағдыландырады. Ақыл-ой тәрбиесі шәкірттердің ерекшеліктеріне қарай дидактикалық талаптар (саналылық, белсенділік, өздігінен жұмыс істеуге үйрену, ұғыну т.б.) қояды. Бұл талаптар оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар арқылы іске асады. [1]
Ақыл-ой тәрбиесінің мазмұны -балалардың ақыл-ой күшін дамыту: ақыл-ойдық даму деңгейі, адамның білімді жинақтай білу қабілеті, негізгі ойлау операцияларын меңгеруі, ақыл-ой іскерлігі. Ақылдық белгілі бір даму дәрежесін ақыл-ой күштері деп атайды. Ақыл-ой күштері адамды білім қорын жасауға, негізгі ойлау операцияларын жүзеге асыруға, зиялылық білік-тілікті меңгеруге қабілетті етеді. Ақыл-ой тәрбиесінің міндеттері де осыдан шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |