2-тарау. Объектілердің құрылысына жер учаскесін таңдауға, жобалауға, пайдалануға, реконструкциялауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 6. Объектілердің құрылысына жер учаскесі Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін "Адамның денсаулығы мен өмір сүру ортасына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес көлік магистралдарынан қашықтықта бөлінеді және жер үстіндегі суларды бұруды қамтамасыз ететін еңістері бар, тұрғын шағын аудандардың аумақтарында, санитариялық-қорғаныш аймақтарынан тыс орналасады. 7. Көп пәтерлі тұрғын үйлерде, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылатын, балалар толық емес уақыт болатын МДҰ үшін жеке жер учаскесі көзделмейді. 8. Объектілердің құрылысына жер учаскесін таңдау кезінде алаң "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 20-бабы 23-16) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер (бұдан әрі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер) талаптарымен айқындалады. 9. Жобалау кезінде объектілердің аумағында балалардың әрбір жас топтары үшін жеке ойын алаңдары көзделеді. МДҰ алаңдарының көлемдері балалардың санына қарай бір орынға кемінде 4 шаршы метр (бұдан әрі – м2) қабылданады. 10. Әрбір топтық алаңда күн мен жауын-шашыннан қорғау үшін үш жағынан қоршалған кемінде 20 м2 көлеңке қалқа көзделеді. Көлеңке қалқалардың едені ағаштан болуы көзделеді. 11. Объектілерді жобалау және реконструкциялау кезінде үй-жайлардың жиыны мен алаңы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес жобалауға арналған тапсырмамен айқындалады. 12. Объектілерді жобалау кезінде ғимаратта және учаскеде әкімшілік-шаруашылық, тұрмыстық үй-жайлардан және бір-бірінен топтық оқшаулау қағидаты сақталады. 13. Объектілерді жобалау кезінде негізгі және қосалқы үй-жайлар көзделеді: 1) жас ерекшелігіне байланысты топтық үй-жайлар – оқшауланған автономды үй-жайлар; 2) мамандандырылған үй-жайлар (музыка, спорт залдары) балалармен сабақ өткізу үшін, барлық немесе бірнеше жас топтарының кезекпен пайдалануына арналған; 3) ілеспе үй-жайлар (медициналық, ас блогы, кір жуатын орын) және персоналға арналған қызметтік-тұрмыстық үй-жайлар. 14. Жобалау кезінде МДҰ-ның жас ерекшелігіне байланысты топтық үй-жайларының құрамына киім шешетін бөлме, ойын, жатын бөлмесі, буфет-тарату орны, дәретхана кіреді. МДҰ-ның жас ерекшелігіне байланысты топтық үй-жайларының құрамы және олардың ауданы осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес келеді. 15. Балалар толық уақыт болмайтын МДҰ-ны жобалау кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес жатын бөлмені ойын бөлмесімен біріктіруге жол беріледі. Балалар толық уақыт болмайтын МДҰ және мектепке дейінгі шағын орталықтарда жалпы киім шешетін орынды орнатуға жол беріледі. 16. Объектілер ғимараттарының бірінші қабатында медициналық үй-жайлар және изолятор көзделеді. Изолятордың өтпелі болмауы көзделеді, олардың арасында 1,2 м биіктікте әйнектелген қалқа құрылғысын орнату арқылы медициналық кабинетпен көрші орналастырылады. 17. Ғимараттардың жертөле және цоколдық қабаттарында балалар болатын үй-жайларды және медициналық мақсаттағы үй-жайларды орналастырмайды. 18. Пайдалану режимі шумен қоса жүретін және балаларды алаңдатын, педагогикалық, медициналық, әкімшілік персоналдың жұмысына кедергі келтіретін немесе бұзатын үй-жайларды (сорғы қондырғысы бар бойлерлер, өндірістік үй-жайлар, жөндеу шеберханалары, сорғы бөлімшесі бар салқындатқыш камералар, желдеткіш камералары, компрессорлық) жатын бөлмелеріне, топтық үй-жайларында, медициналық кабинеттерге көрші, олардың астында немесе үстінде орналастырмайды. 19. Жеке гигиена бөлмелерін, персоналға арналған санитариялық тораптарды әкімшілік үй-жайлар аймағында орналастырылады. 20. Үй-жайларды әрлеу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдары пайдаланылады. Рекреацияларда, холлдарда, акт залдарында, әкімшілік үй-жайларда әртүрлі конструкциялық аспалы төбелер қолдануға жол беріледі. 21. Қалыпты режимде жұмыс істейтін үй-жайлардағы қабырғалардың, жабдықтың беті ылғалды тәсілмен жинауға жол беретіндей тегіс, күңгірт болады. Ылғалды режимде жұмыс істейтін үй-жайлардың (медициналық мақсаттағы, ас блогы, санитариялық тораптар, кір жуу, жуыну орындар) қабырғаларын кемінде 1,5 м биіктікте, себезгі бөлмелерінде кемінде 1,8 м биіктікте тақтаймен немесе жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды тәсілмен жинауға жол беретін басқа да материалдармен қаптайды. 22. Үй-жайлардағы еден ағаш тақтаймен немесе паркетпен жабылады. Едендердің бетіне ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға жол беретін синтетикалық полимерлі материалдар, жылы линолеум төсеуге жол беріледі. Барлық үй-жайлардағы еденнің беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы тиіс. Спорт залдың едені ағаштан немесе арнайы жабыны болады. 23. Жылыту жүйесінің радиаторлары терезе астындағы қуыстарда орналастырылады және тормен жабылады, терезелерде және жарықтандыру құралдарында қоршау құрылғылары көзделеді. 24. МДҰ-ны жеке тұрған ғимаратта, жеке үй иеліктерінде, көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында, сондай-ақ ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылады. 25. МДҰ-ны көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында тұрғын үй-жайлар болмаған жағдайда оның екінші қабатына орналастыруға жол беріледі. Көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналасқан МДҰ-ның тұрғын үйдің кіреберісімен біріктірілмеген жеке кіретін есігі болады. 26. МДҰ-ны көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналастыру кезінде тұрғындардың тіршілік әрекетінің санитариялық-гигиеналық жағдайларының нашарлауына жол берілмейді (шу, тамақ иісі). 27. Авариялық ғимараттарда және үй-жайлардағы объектілерді пайдалануға жол берілмейді. 28. Объектілерді пайдалану кезінде аумағында бұзылмаған қоршауы болады. 29. Объектілердің аумағында және үй-жайларында олармен функционалдық жағынан байланысы жоқ объектілерді орналастырмайды. 30. Объектінің учаскесіне кiру жолдары, көлiкпен өту жолдары, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинағыштарға арналған алаңдарға, санитариялық-аулалық қондырғыларға өтетiн жолдар асфальтпен, бетонмен немесе тазалауға қолжетімді басқа да қатты жабынмен жабылады. 31. Объектілерді реконструкциялау кезінде осы Санитариялық қағидалардың 6-29-тармағы аралығында көзделген талаптар сақталады.