3-тарау. Объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауаны баптауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 32. Объектілерде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау жарамды жағдайда көзделеді. 33. Объектілер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесінің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілген санитариялық қағидалардың, гигиеналық нормативтердің (бұдан әрі – нормалау құжаттары) белгіленген талаптарына сәйкес қауіпсіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 34. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су, оның ішінде сыйымдылықтарға (графиндерге, шәйнектерге) өлшеп-құйылған және бөтелкедегі су сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Суға арналған кулерлер (диспенсерлер) өндірушінің нұсқаулығына сәйкес тұрақты түрде тазартылады. Қайнатылған ауыз су үш сағаттан аспайтын уақыт сақталған жағдайда оны пайдалануға жол беріледі. 35. Су ішу үшін таза ыдысты (шыны, фаянс ыдыс немесе бір рет қолданылатын стақандар) пайдаланады, таза және пайдаланылған ыдыс үшін таңбаланған жеке подностар немесе бір рет қолданылатын ыдысты жинау үшін контейнерлер бөлінеді. 36. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда ішкі су құбыры мен су бұру құрылғылары бар ауыз су мақсатындағы жергілікті көздерден алынған суды пайдалануға жол беріледі. 37. Әкелінетін сумен жұмыс істейтін объектілерде ауыз су қорын сақтауға арналған сыйымдылықтар орналастырылған жеке үй-жай көзделеді. Сыйымдылықтардың таңбалауы ("Ауыз су") болады, апта сайын (және қажеттілігіне қарай) жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тазалауға және дезинфекциялауға жатады. Ауыз суға арналған сыйымдылықтар басқа мақсаттарда пайдаланылмайды. 38. Ауыз су уақтылы тазартылатын, жуылатын және дезинфекцияланатын, ауыз сумен жанасуға рұқсат етілген материалдардан орындалған арнайы таңбаланған сыйымдылықтармен, арнайы автокөлікпен әкелінеді. 39. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылады. Ыстық және суық су барлық ванналарға, себезгі бөлмелеріне, тұратын орындарындағы, медициналық мақсаттағы үй-жайлардағы қолжуғыштарға, сондай-ақ ас блогындағы араластырғыш қондырғысы бар қажетті технологиялық жабдықтарға тартылады. 40. МДҰ-ны кәрізделмеген және ішінара кәрізделген жерлерде орналастырған жағдайда жергілікті кәріз құрылғысы (шұңқырлар, септиктер) көзделеді. Сарқынды суды қабылдауды гидравликалық бекітпесі (сифон) бар қақпақпен жабдықталған, объекті аумағының шаруашылық аймағында орналастырылатын, уақтылы тазартылып отыратын жерасты су өткізбейтін жалпы немесе бөлек сыйымдылықта (шұңқырда, септиктерде) жүзеге асырады. Жобаланатын, салынып жатқан және реконструкцияланатын МДҰ-да кәріздендірілмеген және ішінара кәріздендірілген жерде санитариялық тораптар МДҰ ғимаратында орналасады. 41. Қойма үй-жайларында, тұрмыстық үй-жайларда су бұруға арналған кәріз бағандарын сыланған қораптарға салады. 42. Сарқынды суды ашық су айдындарына және іргелес аумаққа ағызуға жол берiлмейдi. 43. Персоналға арналған САҚ-та жер үсті үй-жайлары мен су өткізбейтін материалдан жасалған қазылған шұңқыры болады. САҚ-ты жинауды дезинфекциялық құралдарын қолдана отырып күн сайын жүргізеді. САҚ-тың қазылған шұңқырын уақтылы тазалайды. 44. Жылумен жабдықтаудың орталықтандырылған көзі болмаған жағдайда автономды қазандық көзделеді. 45. Жылыту кезеңінде ауаның температурасы нормалау құжаттарынің көрсеткіштеріне сәйкес келеді. 46. Үй-жайларды табиғи және жасанды жарықтандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес айқындалады. Бір үй-жайда бір типті шамдарды қолданады. 47. Жасанды жарықтандыру көрсеткіштері нормалау құжаттарына сәйкес нормаланады. 48. Объектілердің аумағында сыртқы жасанды жарықтандыру орнатылады. 49. Объектілердің барлық үй-жайларында табиғи жарықтандыру көзделеді. Мыналарды: коммуникациялық жүйелер үй-жайларына (су құбырлары мен кәріз сорғылары, желдету және ауа баптау камералары, бойлер бөлмелері), рекреациялық үй-жайлар болып табылмайтын дәліздерге, фойеге, қоймаларға, мүкәммал тұратын орындарға, дезинфекциялау құралдарын дайындайтын бөлмелерге, киім шешетін бөлмелерге, киім ілетін орындарға, себезгі бөлмелеріне, дәретханаларға, ғимараттың инженерлік және технологиялық жабдығын орнату және басқару үй-жайларына және ас блогының өндірістік үй-жайларына табиғи жарықтандырусыз жол беріледі. 50. Топтық және оқу үй-жайларында терезе әйнектерін бояуға жол берілмейді. Жарық ойықтарын реттелетін күннен қорғайтын құрылғылармен жабдықтайды. 51. Істен шыққан шамдар ауыстырылады. Жарамсыз, құрамында сынап бар (жарық диодты, люминесцентті, энергия үнемдегіш) шамдар балалардың қолы жетпейтін жеке үй-жайда сақталады. Істен шыққан құрамында сынап бар шамдарды қоқыс жинағышқа тастауға жол берілмейді. 52. Істен шыққан құрамында сынап бар шамдарды сақтау және шығару объекті басшысының бұйрығымен жауапты адамға жүктеледі. 53. Желдету және ауа баптау жүйелерін пайдалану кезінде нормалау құжаттарының талаптары сақталады. 54. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету көзделеді. Жылу және ылғал бөлу көзі болып табылатын жабдықтың үстінде сыртқа тарту шатырлары көзделеді. 55. Объектілердің ас блогын желдетуге осы Санитариялық қағидалардың талаптарына қайшы келмейтін бөлікте қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын нормалау құжаттарының талаптары қолданылады. 56. Терезелердің конструкциясы балалардың болуына арналған үй-жайларды жылдың кез келген уақытында желдетуді ұйымдастыру мүмкіндігін көздейді. Терезелердің әйнектелуі бүтін шыны төсемнен орындалады. 57. Өтпелі немесе бұрыштан желдету балалар болмаған кезде жүргізіледі. Өтпелі желдету дәретхана үй-жайлары арқылы өткізілмейді. 58. Объектілерде нормалау құжаттарына сәйкес оңтайлы микроклиматтық жағдайлар (температура, ауа қозғалысының жылдамдығы және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы) жасалады. 59. Топтық үй-жайларындағы, сондай-ақ себезгі және спорт зал жанындағы киім шешетін орындардағы, медициналық пункт үй-жайларындағы ауа температурасын бақылау үшін ішкі қабырғаға 0,8 – 1,2 м биіктікте бекітілген термометрлер орнатылады.