Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына, 56-бабына сәйкес әзірленді және мыналарды: 1) тәрбие мен оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына; 2) тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне; 3) тәрбие мен оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды. 2. Стандарт: 1) білім беру бағдарламаларының вариативтілігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік және вариативтік оқу жоспарларын әзірлеу; 2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік және білім беру (вариативтік, жеке, бейімделген, қосымша) бағдарламаларын әзірлеу; 3) меншік түрлері мен нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда және мектептердің (лицейлердің, гимназиялардың) мектепалды сыныптарында (бұдан әрі - мектепалды сыныптар) тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыруда әдістемелік материалдар әзірлеу; 4) мектепке дейінгі ұйымдағы жас топтарының күн тәртібін әзірлеу; 5) әрбір баланың жан-жақты дамуы мен әлеуетін ашуға қолайлы жағдайлар жасау; 6) балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасау, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар және мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы жағдайлар жасау; 7) баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған дамытушы заттық-кеңістіктік ортаны, оның ішінде арнайы ортаны құру; 8) балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру үшін негіз болып табылады. 3. Осы Стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады: 1) білім алу үшін арнайы жағдайлар – оқу, сондай-ақ арнайы, жеке дамыту және түзету-дамыту бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық, оқу және өзге де құралдарды, өмір сүру ортасын, психологиялық-педагогикалық қолдауды, медициналық, әлеуметтік және ерекше балалардың, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалардың білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін қажетті өзге де іс-әрекеттерді қамтитын жағдайлар; 2) дамытушы орта - заттар мен ойыншықтарға еркін қолжетімділікті және немен айналысатынын өз бетінше таңдауын, күні бойы өз идеяларын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, балалардың бастамасын қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдары бар орта; 3) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар (бұдан әрі – ерекше балалар) – тиісті деңгейде және қосымша білім алу үшін арнайы жағдайларға тұрақты немесе уақытша қажеттілігі бар балалар; 4) баланы толыққанды дамыту - қимыл белсенділігіне жағдай жасау, пайдалы және құнарлы тамақтандыру, жағымды қарым-қатынас орнату және дамытушы ортаны ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етілетін баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік, эмоционалдық денсаулығы мен қауіпсіздігі; 5) оқу бағдарламасы – меңгерілуі тиіс білім, біліктердің, дағдылар мен құзіреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама.