"Серпін – 2050" мемлекеттік бағдарламасы - білікті кадрлар даярлау.
Жауап: «Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. Осы аз ғана уақыт ішінде 12 мыңнан астам қыз-жігіт жастар үшін өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді. Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы. Алғашында сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы-жұмсақ орынды тастап оңтүстіктің жастары қысы қытымыр солтүстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қоюы екіталай» деп болжам жасағандардың да болғаны рас. Бірақ осындай күдік-күмәндардың барлығы уақыт өте келе сейілді.
Қазір жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар көп. Оған дәлел – алғашқы жылы мемлекеттік грант үшін бір орынға бес талапкер бақ сынаса, кейінгі жылы 7-ге жетті. Биыл да конкурсқа қатысушылардың қарасы қалың. Жүзден жүйрік шыққандар ғана «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша республиканың солтүстік, шығыс өңірлеріндегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алатын болады.
Негізгі «Серпін» жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан кейін бастау алған еді. Мемлекет басшысы осы мақаласында елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың маңызды жолдары мен міндеттерін көрсетіп берген болатын. Елбасы тұтынушылық қоғам түсінік-тұжырымдамасының орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек», деп жол сілтеді.
Мемлекет басшысының осындай келешектің қам-қарекетін ойлаған маңызды идеялары мен бастамасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне орай арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама «Мәңгілік ел жастары − индустрияға» деп аталады. Ал осының алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына дәнекер болып, бұл бағытта республика көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нарықтық экономиканың талап-міндеттеріне толық жауап беретін заманауи өндіріс орындары ашыла бастаған еді. Қазақстанда шикізаттық өндірістің орнын отандық өнімдер өндіретін кәсіпорындар алмастыра бастады. Сол өндіріс орындарында қазақстандық жастардың жұмыс істеуі қажет болды. Ол үшін олардың лайықты білім алуы тиіс екендігі айдан анық. Мемлекет басшысының «Жұмыс бар жерге бару керек» деп меңзегенінің түп-төркіні осында.
Тағы бір баса айтатын мәселе – «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының таңдап алынуы жайдан-жай емес. Бұл облыстарда бала туу көрсеткіші өте жоғары. Халық тығыз. Тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Оның үстіне сырт жақтан көшіп келушілер осы облыстарға қоныстанғанды қош көреді. Міне, осындай себеп-салдарларға байланысты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі анық байқала бастады. Оның үстіне аталған облыстардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу қиынның қиыны. Өйткені, талапкерлер көп, конкурс күшті. Тіпті білім ордаларын бітірген күннің өзінде жастардың көбі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, сенделіп бос жүреді.
Ал Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерінде жағдай бұған керісінше. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және басқа да аймақтарында бала туу деңгейі төмендей бастады. Сонымен бірге, бұл өңірлерден сыртқа көшу көбейді. Өндіріс орындарында мамандар тапшы болып, еңбек күші қажет екендігі айқын байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |