Қорытынды
Көрнекті түркітанушылардың жазба ескерткіш туралы пікірлер жиынтығы, қаралып отырған жазба ескерткіш материалдарының қыпшақ, оғыз тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің тарихына тікелей қатысы бар екендігін дәлелдей түседі. Оның үстіне бұл шығарма бұрын-соңды қазақ тілінің тарихы саласы бойынша арнайы зерттеу нысанына алынбады. Сондықтан осы олқылықтың орнын азды-көпті толтыру мақсатында шығарма мәтіні әлі де көптеген зерттеулерді талап етеді. Біз мақаланың талқылауында зерттеліп отырған жазба ескерткіштің табылуы, зерттелуі, мазмұны мен нұсқалары туралы азды-көпті материалдар беруге тырыстық.
Мақаламыздың негізгі мақсаты – Мәмлүктер кезеңінде түзілген «Китаб ад-Дурра...» сөздігінің зерттелу тархнамасына шолу жасау, шығарманың авторын анықтау, зерттеуші ғалымдардың еңбектерімен таныстыру, көтерген мәселелердің шешімін табу сияқты алға қойған мақсаттарымызға жеттік деп есептейміз. Бұл ескерткіш әлі де зерттеуді қажет етеді.
Қорытындылай келгенде, «Китаб ад-Дурра...» сөздігі ХІІІ-ХІV ғасырларда Мәмлүктер мемлекетінде жазылғандығы тағы да дәлелдене түсті. Бұл ескерткіш туралы мәліметтер сонау ХVІ ғасырдан бүгінгі ХХІ ғасырға дейін зерттеу объектісі ретінде ғылыми айналымда аты аталып келеді. Көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудырған құнды шығарма екендігі анықталды. Бір кездері ескі ескерткіштерде аты аталғанымен біздің дәуірімізге жетпеген, жоғалып кеткен сөздіктер қатарында болды. А. Зайончковскийдің ізденісі арқасында ортамызға оралып, түркітанушылар мен шығыстанушылардың зерттеу нысанына айналды.
Сөздік түркі тілдерінің қыпшақ диалектісінде жазылғандықтан қазіргі қазақ тіліне өте жақын. Сөздікте қыпшақ тобымен қатар оғыз сөздерін де бірге беріп отырған. Зерттеу барысында анқытағанымыздай қазіргі таңда түрік ағайындар бұл ескерткіштегі оғыз сөздерін талдап, қыпшақ сөздерімен салыстырып, зерттеулер жүргізген жұмыстары өте көп.
Мақала барысында «Китаб ад-Дурра...» сөздігінің авторы Абу Хаййан әл-Гарнати ан-Нахви екендігін дәлелдеуге тырысып., өз ұсыныстарымызды белгілі бір фактілерге сүйене отырып, ғылыми қауымға жария еттік. Бұған дейін бұл сөздіктің авторлығы туралы азды-көпті айтылған, бірі-бірінен алған мәліметтер ғана болмаса нақтылы ұсыныстар мен тұжырымдар болған емес. Біз алғаш рет авторлығын анықтауға қадам жасадық. Бұл ұсынысымызды дәлелдей түсу үшін әлі де кейбір қажетті зерттеу еңбектерін қолға түсіре алмадық. Сондықтан бұл жұмыстың жалғасы болады деп сендіреміз.
Арабша-қыпшақша сөздіктегі лексикалық бірліктердің саны туралы да пікір әрқилы. Сөздік негізінен жеке сөздерден тұрғанымен соңғы тарауында сөйлемдер мен сөз тіркеестері берілген. Осындағы кейбір сөздерді тізіміге алмағандықтан сөздер саны әрқилы болуы мүмкін.
Сөздіктің зерттелу тарихын 3 кезеңге бөліп қарастыра отырып, еңбектің алыс-жақын шетелдерде зерттелуін де қамтып өтуге тырыстық. «Китаб ад-Дурра...» сөздігі әлі де жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |