Keywords: Egypt and Syria, Kipchak language, dictionary, grammar, Turkology, Mamluk
Кіріспе Біз зерттеп отырған қолжазба XIII-ХІV ғасырларда Мысыр (Египет) мен Шамда (Сирия) түзілген, нақты ресми атауы – كِثَابُ ألدُرَّةِ ألْمُضَـِيَّةِ فيْ أَللُّغَةِ "أَلتّرْكِيَّةِ عَلَى اَلْتَمَامْ وَالْكَمَالُ – «Китаб ад-дурра әл-мудаийа фил-луғати-т-туркийа ‘ала-т-тамам уа-л-камал» – «Түрік тілінің жарқыраған інжу-маржаны, әрі толық жазылып біткен кітап».
Бұл қолжазба ХІV ғасырда Мысыр мен Шам елдерінде, яғни мәмлүк қыпшақтарының мемлекетінде, сол кездегі қыпшақ тілін оқып үйрену үшін классикалық араб тілінде жазылған сөздік. Қолжазбада бұл еңбек «Таржуман әл-лұғат ат-туркийа» – «Түрік тілінің аударма сөздігі» («Түрікше аударма») деп те аталады. Ол кезде тек араб елдерінде ғана емес, жалпы шығыс елдерінің ішінде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтарды, әсіресе, қалың жұртшылыққа барынша кең танымал болған қыпшақ тайпаларын «түріктер» деп атаған да, олардың тілін «түрік тілі» деп жалпы атаумен беретін болған. «Түрік» пен «қыпшақ» сөздері синоним ретінде қолданылған (А.Зайончковский). Дүниежүзілік түркітану ғылымы бұл сөздікті «бізге жетпеген» (Б.Аталай), «жоғалып кеткен» (О.Притцак) деп есептейтін еді. 1963 ж. Поляктің атақты түркітанушысы А. Зайончковский (тегі-қарайым) Флоренцияның атақты Лоренцо Медичи кітапханасынан осы сөздіктің қолжазбасын тауып алып, француз тіліне аударып бастырып шығарды (Варшава, 1965 – 69 ж.). Түркітану ғылымы аясында бұл сөздікті алғашқы болып зерттеген поляк ғалымы – А. Зайончковский [1, 111-116].
Қазақ тіл білімінде бұл жазба ескерткіш профессор Ә. Құрышжанұлы мәліметіне сәйкес, «Түрік тілінің жарқыраған інжу-маржаны, әрі толық жазылып біткен кітап» деген атпен, ескерткіш туралы энциклопедиялық үлгіде берілген жалпылама және тағы да басқа ғалымдардың қысқаша деректерімен танылды [2, 362-363]. Бұл жазба ескерткіш туралы К. Д. Таужанованың да мақаласы жарияланған [3, 43-46].
Түркітану ғылымының құрамдас бір бөлімі қыпшақтану саласының дамып жетіле түсуі үшін, әсіресе қыпшақ тілдері тобына жататын қазақ тілінің тарихи фонетикасын, тарихи лексикасын, тарихи грамматикасын танып, таныту үшін түркология ғылымында «Мәмлүк қыпшақтары жазба ескерткіштері» [4, 74] деген атпен танымал ХІІІ-ХІV ғасырларда жазылған жәдігерліктерді зерттеп, зерделеу бүгінгі күн талабы болып отыр.