Қазақстан нарықтық экономикалық қарым-қатынастарға көшкеннен бері «басқару» терминімен қатар, мекемені басқарудың синонимі ретінде «менеджмент» термині қолданыла бастады. Энциклопедиялық сөздікте басқаруды барлық түрдегі (биологиялық, техникалық, әлеуметтік) ұйымдасқан жүйелердің қызметі деп анықтайды. Ал менеджмент тек адамға қатысты, әлеуметтік жүйелер бөлігі болады. Мысалы біз «мекемені басқару» немесе «мекеме менеджменті» деп айта аламыз, ал «машинаны басқару «десек те «машина менеджменті» дей алмаймыз. «Менеджмент» ұғымының бірнеше анықтамасы бар. Солардың ішіндегі ең қарапайымы: менеджмент – бұл қойылған міндеттерді ізгілікті, экономикалық, тиімді жолмен шешуге мүмкіндік беретіндей түрде адамдарды басқару және құралдарды қолдану. К.Ғ.Ахметов «менеджмент» деген сөздің өзі бізге ағылшын тілінен келгенін және оның мәні бір нәрсені реттеу, бір нәрсені меңгеру, басшылық ету дегенді білдіретінін көрсетті. Н.И.Кабушкин: «менеджмент – ағылшын тілінен аударғанда басқаруды білдіреді. Жалпы алғанда менеджмент жеңіске жету ғылымы мен өнері, адамдардың еңбегін, мінез-құлық мотивтерін және интеллектін пайдалана отырып, қойылған мақсатқа жету іскерлігі» деп көрсетеді.
Зерттеуші И.В.Кичеева «менеджмент» сөзінің аудармасы «басқару» болады, яғни екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ, оны жалпының бір бөлігі қатынасында қарастыру қажет деп тұжырымдайды. «Менеджмент – адамдармен қарым-қатынас тәсілі; басқару өнері; ерекше біліктілік пен басқарушылық дағды» деп анықтайды.
Менеджмент – үш құрамдас бірліктен тұратын арнайы пән, олар төмендегідей:
Ғылым, ол заттар, құбылыстар, олардың арасындағы байланыстардың мәнін түсінуге мүмкіндік береді және де басқару стратегиясын құрастыру үшін олардың дамуын болжауға мүмкіндік береді.
Техника, ол басқарушылық идеяларды максималды түрде жүзеге асыруды қамтамасыз ететін жалпы және нақты тәсілдер мен әдістердің жиынтығы болып табылады.