Ахмет Йүгінеки Қай заманның болмасын, өз қиындығы, өз тартымдылығы бар. Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші!.. Оған дәлел, тарих айнасы – көркем әдебиет. Небір аласапыран кезеңдерді, аштық, соғыс, небір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өмірді көз алдымызға әкелетін әдебиет емес пе? Сондай шығармалардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы.
«Ақбілек» - Қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысы зардабының әсерінен қазақ ауылының өмір-тіршіліктері мен таптық тартыс кесірінен қорлық көрген қазақ қызының ауыр тағдырға берілмей, «көзі ашық, көңілі ояу» тұлғаға дейін көтерілгендігін баяндайтын туынды.
Ақбілек – ата-анасының бауырында еркелеп өскен, ауыл ішінде «Мамырбайдың Ақбілегі» болған, бір мезетте анасынан айрылса, сол мезетте өзін өлдіге санайтын оқиғаға ұшыраған, сөйте тұра тағдырға қасқая қарсы тұрған қайсар қазақ қызы. Оған дәлел – орыстың мазағынан соң жалғыз қалып, жапан түзде қасқырмен алысып, ерлікпен жеңуі. «Ақбілек аллалап, қасқыр абалап, Ақбілек сабалап» отты көзді жыртқыштармен көп алысты. Былайғы уақытта қарусыз түз жануары алпамсадай еркекке де оңай алғызбайды, ал Ақбілек еш қарусыз-ақ, «қасқыр оттан қорқады» дегенді есіне түсіріп, шоқты алаулатып жауын қуды. Осы тұста Ақбілекті қайсар, жауына оңай берілмейтін адам ретінде танимын.
Ақбілек – қиялшыл тұлға. Кеше ғана көзі жастан құрғамай, «неге ғана қара жер қақ айрылып мені жұтып кетпейді?» деп түңілсе, келесі күні төсекте жатып, өзінің үлде мен бүлдеге оранып ұзатылып, ақ отауында Бекболатына торсықтай ұл сыйлап, бақытты өмір кешіп жатқандығын қиялдайды. Бұл оның қиындыққа тез беріле салмайтын жанының тазалығын, арманға да балаша қуанатындығын көрсетеді.
Ақбілек қандай қасиеттерімен жарқын өмірге қадам басты, қандай күш өшкен өміріне шырақ жаққызды? Оған себеп – Ақбілектің өжеттілігі, өзіне бекемділігі. Орынборға барып оқып жүргенінде жан-жақтан тамсанып қызығушылар да, қала қызы ретінде желіктірушілер де болды. Олардың біріне де мән бермей, оқу үшін келгендігін мықтап назарда ұстауы, қазақ қызына тән салмақты да өжет болуы – Ақбілектің асыл қасиеттерінің бірі.
Қазақ қызының шет жерге барып оқуы да оңайға түспейді. Онысы Кәмилаға айтқан «жасынан оқымаған соң, кісінің тілі де қатып кетеді екен, жуырда икемге келмейді екен» деген сөзінен байқалады. Дегенмен орыс тілін бір адамдай-ақ меңгеріп алады. Бұл оның еңбекқорлығы деп білем.
Тағдыр тәлкегіне, қоғам әділетсіздігіне құрбан болған Ақбілек сынды қазақ қызы қаншама? Жалғыз Ақбілек жылап, басына салғанға көніп, бар өміріне нағылет айтқан жоқ, бірақ жалғыз Ақбілек сүрінген жерінен қайта тұрып, өжеттілік танытты. Автор Ақбілекті осы қырынан ұрпаққа үлгі етті. Біздің заманымызда да түрлі жағдайға байланысты тағдыры ауыр боп жүрген қыздар бар. Автор соларға «құласаң, қайта тұрып жүгіруге қақың бар, оқу оқы, білім ал» дегенді айтқысы келген деп ойлаймын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы - қай заманның ұрпағына да берері мол өміршең шығарма.
2. М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңіндегі автордың биік идеялық мақсатының бүгінгі күнмен байланысын талдаңыз.
XX ғасыр басындағы қазақ халқының азаттық күресінің басында тұрған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов тәрізді айбынды Алаш азаматтарының еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткені баршаға мәлім. Аталған ұлт зиялылары саяси қызметтерімен ғана емес, сондай-ақ өздерінің өлең-жырлары арқылы да қалың елді жайлаған қараңғылық бұлтын сейілтуге бар күштерін сала білді. М.Дулатов «Оян қазақта» патша өкіметінің қазақтардың малға жайлы шұрайлы жерлерін тартып алып, ата-баба бейітін бұзып, халықты қалай болса солай тартқылап, не тіліне, не діліне, не жеріне иелік етуге мүмкіндік бермей, әбден езіп, жаншығаны ақынның жүрегіне ауыр тиеді. Осы өлеңі арқылы халықтың ауыр тұрмысын ойлап, сынға алып жазады.
Өлеңдегі негізгі айтар ой- ұйқыдағы халықты оятып, оларды жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке баулу .
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.»,-деп, қазағының ешбір ойсыз, харекетсіз «қалғып» жүргенін, сөйтіп бәрінен құр қалғандығын ашына жырлайды. Өмірді босқа өткізбей, өзге елдер тәрізді жарыққа ұмтылуға шақырады.
М.Дулатов «Оян,қазақ!» өлеңінде «найзаменен түртсе де», қазақтың оянбайтынын айта келе:
«Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп»,- деп, халқын осындай халден құтқарар жастарға үміт артады. Жеке бастың, әлеуметтік топтың, белгілі таптың мүддесі емес, ақынды толғандырар мәселе – халық тағдыры, елдің қайғысы мен мұңы, айналып келгенде, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бір арнаға саяды. Ол – ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегі.
Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,
Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай.
Әр халық алға кетіп жатсадағы,
Біздің жұрт шегінеді қадам баспай...дейді ақын.
Менің түсінігім бойынша, біз әлі қалғып отырмыз. Оянған жоқпыз. Неге?! Себебі, мемлекет басында отырған кейбір аға‑апаларымыз ана тілін әлі білмейді. Менсінбейді. Неге олар өз тілінде сөйлемейді?! Бұл - бір. Екіншіден, мемлекет мекемелерінің аты қазақша, заты орысша. Кейде өз ұлттық мүддемізді ұмытып, басқа мемлекеттердің экономикасын, саясатын қолдап кетуге бармыз. Біз әлі еңсемізді көтерген жоқпыз. Әлі де намыстана алмаймыз. Менің пайымдауымша, «Оян, қазақ» идеясы - қазақтың нағыз ұлттық идеясы. Бізге әлі мыңдаған жылдарға азық болары хақ. Біздің оянғанымыз - өз тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді нығайтып, ана тілімізді әлем тілдермен тең дәрежеге көтеріп, қазіргі алпауыт елдермен экономикамыз бен рухани әлеуетіміз бір сатыда тұруы деп ойлаймын.
Қорытындылай келе, М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі күллі халықтың оянып, бостандыққа қол жеткізуін аңсаған, ізгі тілектен туындаған игі шығармалар. Бүгінгі тәуелсіз ел ұрпақтары олардың азаттық жолындағы күресін ешуақытта ұмытпайтыны сөзсіз.
А.Байтұрсыновтың «Қазақ салты» өлеңіндегі ұлттық психологияның көрінісін талдап жазыңыз.
… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл. Сәкен Сейфуллин
Қазақ халқының тағдыры, бүгіні мен ертеңгісі Ахмет поэзиясының өзегі болды. Ол өзінің ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын халқына поэзия тілімен жеткізуді қалап, «Қазақ салты» өлеңін жазды. Осы өлеңін оқи отырып, байқағаным, халқымның Ресейге бодан болуының негізгі себептері, менталитетіміздің жағымсыз жағын, саңылаусыз салтын, ұйымшылдығымыздың, ауызбіршілігіміздің жоқтығын, нақтырақ айтсақ, қазақтың өзіне тән кемшіліктерін ашып жазған екен. Қазақтың бір-біріне соқтығып, алауыз боп, қырық пышақ боп жүрген кезде сырттан келген орыстың алдап-сулап қазақ жерін басып алғанын сезбей де қалды.