Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
2017 жылғы «20» қазан
№ 147 бұйрығымен бекітілді
Қоршаған орта статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі әдістеме
1. Жалпы ережелер
1. Қоршаған орта статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
2. Әдістеме қоршаған ортаның жай-күйі мен ластануын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерді қалыптастырудың негізгі аспектілерін және жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың әдістерін айқындайды.
3. Осы Әдістеме Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының (бұдан әрі – БҰҰ ЕЭК) 2007 жылы жарияланған «Экологиялық көрсеткіштер және оларға негізделген бағалау баяндамалары. Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия» ұсынымдарын пайдалана отырып әзірленген және халықаралық деңгейде салыстырылатын және халықаралық экологиялық ұйымдарға ұсыну мен ұлттық баяндамаларда жариялауға қажетті Қазақстан Республикасындағы базалық экологиялық көрсеткіштерді қалыптастыру бойынша жалпы әдістеме болып табылады.
4. Әдістемені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті және оның аумақтық органдары қоршаған ортаны қорғау бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыру кезінде қолданады.
5. Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану ластану мен тозудың алдын-алу, бақылау, сондай-ақ адами қызмет кері әсерін тигізетін табиғаттың негізгі элементтерін ішінара сақтау және толықтыру бойынша іс-шаралар кешені ретінде сипатталады.
Экологиялық статистика адамның қоршаған табиғи ортамен өзара
іс-қимыл процестерін сандық жағынан, қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсартуға байланысты процестерді зерделейді. Табиғи экологиялық жүйелер: жер, оның қойнауы, жер үсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа, орман, жануарлар әлемі, табиғи қорықтар және ұлттық парктер қоршаған табиғи ортаны статистикалық зерттеу объектілері болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы экологиялық статистика жүйесі орталықтандырылмаған. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік статистиканы ведомстволық статистикалық байқаулар деректері мен әкімшілік деректерді пайдалана отырып Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті (бұдан әрі – СК) қалыптастырады.
6. Осы Әдістемеде Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінде, сондай-ақ Заңда айқындалған мәндердегі ұғымдар пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |