2.Қолданбаған кезекті демалыстың есебі. Мемлекеттік мекеме есеп кезеңінің аяғында қызметкерлердің пайдаланылмаған демалыстары бойынша резервті таниды.
Резерв мөлшері ағымдағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша демалыстың пайдаланылмаған күндері үшін демалысақының сомасы қайта есептеу жолымен анықталады.
Демалыстар бойынша резервті есептеудің сомасына 3246 «Пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек» қосалқы шотының кредитіне және 7010 «Еңбекақы төлеуге арналған шығыстар» шотының дебетіне жазба жүргізіледі.
Қызметкерлерге демалысақы төлеу 3246 «Пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек» қосалқы шотының дебеті және 1010 «Кассадағы ақша қаражаты», 1042 «Ақылы қызметтер ҚБШ» шотының, 1080 «Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменің міндеттемелері бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес міндеттемелерін қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары», 1090 «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменің міндеттемелері бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары» шоты қосалқы шотының кредиті бойынша көрсетіледі.
Пайдаланылмаған демалыстар бойынша құрылған резерв сомасы жетпеген кезде демалысақыны есептеу 7010 «Еңбекақы төлеуге арналған шығыстар» шотының дебеті және 3241 «Еңбекақы төлеу бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек» қосалқы шотының кредиті бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мекеме түгендеу қорытындысы бойынша есепті кезеңнің аяғында резервті жете есептеуді немесе демалыстар бойынша резервтің артық есептелген сомасын есептен шығаруды жүзеге асырады:
жете есептеу: 7010 «Еңбекақы төлеуге арналған шығыстар» шотының дебеті және 3246 «Пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек» қосалқы шотының кредиті. Жұмысшылар және қызметкерлер демалысқа кеткен кезде есеп айырысу Нысандар альбомының 425 нысанды демалыс беру туралы есебінде жүргізіледі. Бұл есеп айырысулар бойынша есептелген сома ағымдағы айға ашылған есеп айырысу-төлем ведомосына жазылады. Демалысқа не жұмыстан шыққанда жалақы бойынша біржолғы есеп айырысулар жалпы есеп айырысумен сәйкес келмесе, есеп айырысу аралық кезеңдегі төлемдер Нысандар альбомының 389 нысанды төлем ведомостары не кассалық шығыс ордері бойынша жүргізіледі. Бұл есеп айырысулар бойынша есептелген және төленген сома ағымдағы айдың
есеп айырысу-төлем ведомосына жазылады. Бұл ретте «Беруге сома» бағанында тиісті аты-жөннің қасына сызық қойылады.