Қоғам мен мәдениет[өңдеу | қайнарын өңдеу] Стигматизация[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Райан Уайт – инфекция жұқтырғаны үшін мектептен қуылып, АИВке қарсы күрес символына айналған жасөспірім.[241] ЖИТС стигмасы қоғамда әртүрлі түрде кездеседі: АИВ жұқтырған адамдарды қуғындау, шеттету, дискриминациялау, олардан қашқақтау; алдын ала келісімсіз АИВқа тексеру және құпиялық сақтамау; АИВ-инфекцияланған не солай деп санаған адамдарға қарсы зорлық-зомбылық; АИВ жұқтырған адамдарды карантинге жабу.[20] Көптеген адамдар стигмамен байланысты қатыгездік не зорлық-зомбылыққа ұшыраудан қорқып, АИВқа тексерілмейді, не нәтижесін білгісі келмейді, не ем қабылдамайды. Осының салдарынан олар басқаруға келетін созылмалы ауруды өлім жазасына айналдырып, АИВ-тың одан әрі таралуына жол ашады.[242] ЖИТСке қатысты стигмаларды келесі үш топқа бөлуге болады:
Құрал стигмасы – кез-келген өлім не жұқпалы ауру алдындағы қорқыныштан туатын стигма.[243] Символ стигмасы – осы ауруға жиі шалдығады деп санап, кей әлеуметтік топтар мен өмір салтына (гомосексуалдылық, секс-қызметкерлер, т.б.) деген көзқарасын білдіру үшін АИВ/ЖИТСті қолдану.[243] Әдеп стигмасы – АИВ/ЖИТС мәселесі не АИВ–оң адамдармен жұмыс істейтін не қандай да бір қатысы бар тұлғаларды стигмалау.[244] Көбіне ЖИТС-стигмасы басқа да стигма түрлерімен қатар жүреді, атап айтқанда: гомосексуалдық, бисексуалдық, промискуитет, жезөкшелік, тамырішілік есірткі қолдану – ЖИТСпен байланыстырылады.[245] Көптеген дамыған елдерде, ЖИТС пен гомосексуалдық не бисексуалдық арасында жақындық байқалады, бұл, әрине, аталған топтарға қарсы теріс пікірлердің көп болуына байланысты.[246] Оған қоса, ЖИТС көп жағдайда, кез келген, тіпті сау ер мен ер арасындағы секспен байланыстырылады.[243] Дегенмен, АИВтың әлем бойынша негізі таралу жолы гетеросексуал секс болып табылады.[247] 2003 жылы неке мен халық заңнамасын толық реформалау аясында Қытайда ЖИТСпен ауыратын адамдарға неке қиюға рұқсат етілді.[248] 2013 жылы АҚШ Ұлттық Медицина Кітапханасы Төзу мен өркендеу: ЖИТС, саясат пен мәдениет атты жылжымалы көрме өткізді;[249] онда жаңа ғылыми зерттеу нәтижелері, АҚШ билігінің жауабы, ЖИТСпен ауыратын адамдардың, күтушілердің, белсенділердің жеке басынан өткен оқиғалары айтылды.[250] Экономикаға ықпалы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кей Африка елдеріндегі өмір сүру ұзақтығының өзгеруі, 1960–2012
АИВ/ЖИТС тек жеке тұлғалардың емес, мемлекеттердің де экономикасына әсер етуде.[217] Ең көп зардап шеккен елдердің жалпы ішкі өнімі адами капитал жетіспеуіне байланысты төмендеді.[217][251] Дұрыс тамақтанудың және медицина мен дәрі дәрімектердің жетіспеушілігінен көптеген адамдар ЖИТС асқынауынан көз жұмады. Өлім алдында, олар жұмыс істеуге қабілетсіз, әрі айтарлықтай медициналық көмекті қажет етеді. 2007 жылға қарай ЖИТС салдарынан 12 миллион адам жетім қалған (ЖИТС жетімдері).[217] Олардың көбі қарт ата-әжелерінің қолында өседі.[252] АИВ/ЖИТС емін бастағаннан кейін жұмысқа қайтып оралу қиын және науқастар көп жағдайда басқа жұмысшыларға қарағанда азырақ жұмыс істейді. АИВ/ЖИТСі бар жұмыссыз адамдардың көбінде суицид жасау ойы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, қоғамнан шеттетілу секілді психикалық ауытқулар болады. Жұмыспен қамтылу АИВ/ЖИТСке шалдыққан адамдардың өзін-өзі бағалауын, ар-намысын, сенімділігі мен тұрмыс сапасын арттырады. Антиретровирусты терапия да АИВ/ЖИТСпен ауыратын адамдардың көбірек жұмыс істеуіне септесіп, олардың жұмысқа тұру ықтималдығын арттырады (дәлелділік деңгейі төмен).[253] ЖИТСке негізінен жас ересектер шалдығатындықтан, салық төлейтін халық саны кемиді, бұл өз кезегінде ЖИТСқа қатысы жоқ білім және денсаулық сақтау аясындағы мемлекеттік шығынды өтейтін ресурстың азаюына алып келеді. Осылайша мемлекет қаржысына қысым күшейіп, экономика өсімі баяулайды. Бұл салық базасының өсуінің баяулауына әкеліп соғады, ал науқас еміне, жаңа жұмыскерлерді үйретуге (науқастардың орнына алу үшін), сырқат төлемақысына және ЖИТС жетімдерін асырауға кететін шығындардың өсуі – бұл әсерді одан әрі күшейтеді. Бұл әсіресе ересектер өлімі күрт артып, жетім балалар үкімет қамқорлығына алынғанда айқын көрінеді.[252] Бір үй ішінде де ЖИТС табыстың азаюына және емге кететін шығынның өсуіне әкеледі. Кот-д'Ивуардағы зерттеу көрсеткендей, АИВ/ЖИТСке шалдыққан науқасы бар отбасылар басқа отбасылармен салыстырғанда дәрі-дәрімекке екі есе көп ақша жұмсайды. Бұл шығын білім алуға және басқа да жеке немесе отбасылық инвестицияларға жұмсалатын қаржы мөлшерін азайтады.[254] Дін мен ЖИТС[өңдеу | қайнарын өңдеу] Соңғы жиырма жыл ішінде дін мен ЖИТС тақырыбы өте даулы мәселеге айналды, бұның басты себебі — кей діни бірлестіктердің қорғану үшін мүшеқап қолдануға қарсы екенін ашық айтуында.[255][256] Америкалық денсаулық сақтау саласының маманы Мэтью Хэнлидің «Католик шіркеуі мен ЖИТСтің жаһандық дағдарысы» атты баяндамасында діндегі ЖИТСке қарсы күрестің басты тәсілі — мәдениет пен қоғам санасын өзгерту, әсіресе неке мен жыныстық қатынастағы адалдыққа баса назар аудару.[256] Кейбір діни ұйымдар құдайға сиынып, дұға қылу АИВ/ЖИТСті емдей алады деп мәлімдеген. 2011 жылы BBC Лондондағы кейбір шіркеулердің дұға ЖИТСті емдейді деген мәлімдемесін жариялаған, ал Хакниде орналасқан Жыныстық денсаулық пен АИВ зерттеу орталығы бірнеше адамның пастор кеңесіне еріп, дәрі-дәрмек ішуден бас тартқанын, салдарынан бірнеше адамның қайтыс болғанын мәлімдеді.[257] «Күллі Ұлттың Шіркеуі – Синагога» деп аталатын ұйым құдайдан келген емді насихаттау үшін «сылауға арналған суды» жарнамалады. Дегенмен бұл ұйым адамдарға дәрі-дәрмек ішуді доғаруға кеңес бермегенін айтады.[257] Медиадағы көрінісі[өңдеу | қайнарын өңдеу] ЖИТС салдарынан әл үстінде жатқан Девид Көрбидің ең танымал суреті, жанында әкесі, анасы мен жиен қарындасы.
Алғашқылардың бірі боп Рок Хадсонның ЖИТСке шалдыққаны жайлы жаңалық медиада біраз шу шығарды. Рок кезінде отбасын құрып, бірақ көп ұзамай ажырасқан, Америкалық гей актер еді. Ол 1985 жылғы 25 шілдеде АИВ жұқтырғанын көпшілікке жариялап, сол жылы, 2 қазанда көз жұмған. Актерге ЖИТС диагнозы 1984 жылы қойылған еді.[258] Дәл сол жылы марқұм Энтони Иденнің ұлы, гей саясаткер Николас Иден де Британияның танымал ЖИТС құрбанына айналды.[259] 1991 жылғы 24 қарашад вирус британ рок жұлдызы, Queen тобының жетекші әншісі Фредди Меркьюридің өмірін үзді, ол өлер алдында ғана анықталған ЖИТСтен болған аурудан қайтыс болды.[260] Дегенмен оның АИВ статусы оң екені 1987 жылы белгілі болған еді. Алғаш вирус жұқтырған танымал гетеросексуалдардың бірі – америкалық теннисші Артур Эш болды. Оған АИВ–оң диагнозы 1988 жылғы 31 тамызда қойылған. Кейін 1980 жылдар басында жүрекке жасалған операцияда қан құйылғанда вирус жұқтырғаны белгілі болды. Диагноз қойылғаннан кейінгі жүргізілген зерттеу нәтижесінде оның ЖИТСке шалдыққаны белгілі болды, алайда ол бұл туралы көпшілікке тек 1992 жылғы сәуірде жариялады.[261] Ол 1993 жылғы 6 ақпанда, 49 жасында қайтыс болды.[262] 1990 жылғы сәуірде Тереза Фрар отбасысының жанында, ЖИТС салдарынан әл үстінде жатқан гей белсенді Девид Көрбидің суретін түсіреді. Кейін бұл суретті Life журналы "АИВ/ЖИТС эпидемиясының ең шынайы келбетін сипаттайды" деп жариялайды.[263] Жаңсақ түсініктер[өңдеу | қайнарын өңдеу] АИВ пен ЖИТС жайлы жаңсақ түсініктер өте көп. Ең жиі кездесетіндері: ЖИТС күнделікті қарым-қатынаста беріледі, пәк қызбен жыныстық қатынасқа түсу ЖИТСті емдейді,[264][265][266] және АИВ тек гейлер мен нашақорларға жұғады. 2014 жылғы зерттеулерге сүйенсек кей британ бірлестіктері АИВ өбіскенде (16%), ортақ ыдыс қолданғанда (5%), түкірік арқылы (16%), қоғамдық дәретханаға отырғанда (4%) және түшкіргенде не жөтелгенде (5%) таралады деп ойлайды екен.[267] Бұдан бөлек вирус жұқтырмаған кез келген екі гей анал сексімен айналысса, АИВ жұқтыруы мүмкін немесе мектепте АИВ және гомосексуалдық жайлы ашық талқыланатын болса, ЖИТСке шалдығу көрсеткіші артады деген жаңасақ түсініктер де бар.[268][269] Кей адамдар АИВ пен ЖИТС арасындағы байланыстың жоқ екенін,[270] тіпті тіршілікте АИВтің болмайтынан немесе АИВ анықтау және емдеу тәсілдерінің негізсіз екен алға тартады.[271][272] Бұл пікірлерді ғалымдар ЖИТС дениализм деп атап, тұжырымдарын жоққа шығарған.[273] Дегенмен АИВ диссиденттердің айтарлықтай саяси ықпалға ие болды, мәселен, 1999–2005 аралығында Оңтүстік Африка үкіметі ЖИТС дениализм бағытын насихаттаған, осылайша елде өлім-жітім көрсеткіші атып, халық үкіметті кінәлады.[274][275][276] Кей конспирологияларға сәйкес АИВті ғалымдар әдейі не абайсызда қолдан жасаған деп тұжырымдалады. Кеңес Одағы жүргізген «Инфекция» операциясының мақсаты "АИВ/ЖИТСті америка ғалымдары ойлап тапқан" деген дезинформацияны тарату болған. Сауалнамалар нәтижесіне сенсек, көптеген адамдар осы сыңды пікірлерге сенген әрі сеніп келеді.[277]