Микробиология


Жұқпалы аурулар сипатының ерекшеліктері



бет115/216
Дата11.01.2023
өлшемі3,31 Mb.
#60906
түріОқулық
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   216
7.5. Жұқпалы аурулар сипатының ерекшеліктері.

Жұқпалы ауру өздігінше түрлік, ал кейде типтік тұрғыдан жекеленген қоздырғыштармен туындалған спецификалық жұқпалылық жағдай. Макроорганизмге патогенді микробтардың немесе олардың токсинінің енуі (макроорганизмнің жасушалары және тіндерімен өзара әрекеттеседі) жұқпалы аурулардың пайда болуына тікелей себепкер болады. Жұқпалы аурулардың қоздырғыштары патогенді бактериялар, вирустар және саңырауқұлақтар болып табылады. Қарапайымдылар, гельминттер және жәндіктер қоздыратын аурулар инвазиялық немесе паразиттік ауруларға жатады.

Басқа ауруларға қарағанда жұқпалы аурулардың бірқатар ерекшеліктері бар.


1. Жұқпалы аурулар нозологиялық спецификалығымен сипатталады, яғни әрбір патогенді микроб тек қана «өзіне тән» жұқпалы ауруды қоздырады және белгілі ағзалар мен тіндерде шоғырланады. Бұл нозологиялық- спецификалық шартты-патогенді микробтарда болмайды.
Этиологиялық принцип бойынша жұқпалы аурулар бөлінеді:
а) бактериоздар ( бактериялық инфекциялар)
б) вирусты инфекциялар;
в) микоздар;
г) микотоксикоздар.
Инвазиялық немесе паразитарлық аурулар бөлінеді:
а) протозооздар ( протозойлық инвазиялар)
б) гельминтоздар
в) инфестациялар ( буынаяқтылар қоздыратын аурулар)
2. Жұқпалы аурулар контагиоздылығымен сипатталады (син. инфекциондылығы, жұқпалылығы). Бұл, ең алдымен, жұқпалы аурулар. Қоздырғыштардың ауырған адамнан ауырмағандарға жеңіл берілуін, тізбекшелі немесе веертәріздес реакциялардың көмегімен қабылдаушы популяция арасында микробтардың жылдам таралуын контагиоздық (лат.сontaggiosis- жұқпалы, жұққыш) деп түсіну керек.
Жұқпалы аурулар үшін жұқпалылық кезең болуы тән, ол қоздырғыштың науқасты қабылдаушы макроорганизмге тікелей немесе жанама жолмен, соның ішінде буынаяқтылар арқылы тарала алатын кезең уақыты. Бұл кезеңнің ұзақтығы мен сипаты нақты осы ауру үшін спецификалығы оның патогенезі мен микробтың макроорганизмнен сыртқа шығарылуының ерекшеліктерімен байланысты. Бұл кезең ауырған уақыттың барлығын қамтуы немесе індеттің кейбір кезеңдерімен шектелуі мүмкін, эпидемиологиялық тұрғыдан оны білудің маңызы зор.
Жұқпалылық дәрежесін сапалы бағалау үшін контагиоздық индекс қолданылады, ол тиісті уақыт аралығында инфекция жұқтыру қауіпі төнгендердің арасындағы ауырған адамдардың пайыздық көрсеткіші. Контагиоздық индекс микробтың вируленттілігі; ие организмінен микробтың сытрқа шығып тұратын уақыт аралығының ұзақтығы және интенсивтілігі; дозасы және таралу тәсілі; сыртқы ортада микробтың тіршілік сақтау қабілеттілігі; макроорганизмнің қабылдаушылық дәрежесі сияқты ауыспалы өлшем шамаларымен байланысты. Контагиоздық дәреже бірдей емес. Мысалы, қызылша жоғарғы контагиозды ауруға жатады, өйткені қызылшаға қарсы иммунитеті жоқ балалардың 100% -ға дейінгісі науқаспен жанасқанда ауруға шалдығады (контагиоздық индексі 0,35-0,40).
3. Жұқпалы ауруларға кезеңмен өту тән, ол ауру патогенезіне қарай бірінен-бірі ауысып отыратын кезеңдердің болуы. Кезеңдердің ұзақтығы микробтың қасиетімен және макроорганизмнің резистенттігімен, иммуногенез ерекшеліктерімен де байланысты. Тіптен бір аурудың өзінде осы кезеңдердің ұзақтығы науқастардың әрқайсысында әр түрлі болуы мүмкін.
Жұқпалы аурулар дамуының мынадай кезеңдері ажыратылады: жасырын (инкубациялық); күмәнді (мазасыздану, продромальді); ауру қозу ( клиникалық айқын, негізгі белгілерінің көрінуі); алғашқы айығу (ауру симптомдарының төмендей бастауы); айығу (реконвалесценциялық) кезеңдер.
Макроорганизмге микробтардың енген (жұққан) сәтінен бастап, алғашқы ауырсыну белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт аралығын инкубациялық, яғни жасырын кезең дейді (лат.incubo- тыныштық немесе incubatio- сыртқы белгілерсіз, жасырын). Жасырын кезең барысында қоздырғыштың микроорганизмнің ішкі ортасына бейімделуі және организмнің қорғаныс механизмдерін жеңіп өту жүреді. Бейімделумен қатар микробтардың макроорганизмде көбеюі және жинақталуы, зақымдану дәрежесі ең жоғарғы тиісті ағзалар мен тіндерге (органдық және тіндік тропизм) қарай бару және сол жерлерде макроорганизм жағынан қорғаныс күштерін жұмылдыру басталады. Бұл кезеңде ауру белгілері жоқ, дегенмен арнайы зерттеу тәсілдерімен морфологиялық сипатының өзгерістерін, зат алмасу және иммунологиялық ығысуларды, микробтардың және олардың антигендерінің қан айналымында болуын анықтай отырып, патологиялық процестің басталу көріністерін анықтауға болады. Инкубациялық кезеңнің соңында, сыртқы ортаға микроб шығара алатындықтан, макроорганизм эпидемиологиялық қауіп төндіре алады. Инкубациялық кезеңнің тиісті мерзім ұзақтылығы (ұзаруы немесе қысқаруы) болады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы кейбір жұқпалы ауруларда бірнеше сағатқа (тұмау, грипп), ал басқаларында бірнеше аптаға немесе айларға (гепатит “в”, құтыру, баяу өтетін вирусты инфекциялар, алапес т.б.) созылады. Жұқпалы аурулардың көбісінде инкубациялық кезеңнің ұзақтығы бір­­-үш аптаға созылады. Продромальді (бастапқы, күмәнді) кезең ( грек prodromos-алғашқы хабар) макрорганизмнің интоксикациялануының нәтижесінде аурудың жалпы сипатты ең алғашқы клиникалық симптомдарының (мазасыздану, температураның көтерілуі, бас аурыуы, лоқсу және т.б.) байқалуынан басталады. Бұл кезеңде дәл диагноз қоюға мүмкіндік беретіндей тиісті специкалық клиникалық симптомдар жоқ. Инфекция енген жерде қабыну ошағы пайда болады-біріншілік аффект. Егерде бұл процеске аумақтық лимфотүйіндері қамтылса, онда біріншілік кешен (комплекс) туралы сөз болады. Продромальді яғни мазасыздану кезеңі жұқпалы аурулардың барлығында байқалады. Әдетте, орта есеппен 1-2 тәулікке созылады, бірақ бірнеше сағатқа дейін қысқаруы немесе 5-10 күнге дейін ұзаруы мүмкін. Мазасыздану (күмәнді) кезең, ауру қозу кезеңімен ауысады. Бұл кезең жалпы специкалық емес симптомдардың максимальді айқындалуымен және дәл клиникалық диагноз қоюға мүмкіндік беретін, тек қана осы инфекцияға тән, спецификалық немесе абсолюттік (облигаттық, шешуші, патогномдық) симптомдардың көрінуімен сипатталады. Дәл осы кезеңде микробтардың спецификалық патогенділік әсері және макроорганизмнің жауап қайтару реакциясы толық айқындалады. Бұл кезеңді үш сатыға (стадияға) бөледі: 1) клиникалық көріністерінің күшейе бастауы (stadium inсrementi),2) клиникалық көріністерінің ең шыңына жетуі (stadium fastigii), 3) клиникалық көріністерінің бәсеңдеуі (stadium decrementi). Бұл кезеңнің ұзақтығы әр түрлі жұқпалы ауруларда және де бір аурумен ауырған кездің өзінде әрбір адамда әртүрлі болуы мүмкін (бірнеше сағаттан бастап, тіптен бірнеше айларға дейін). Бұл кезең өліммен аяқталуы мүмкін немесе сырқаттың келесі кезеңіне ауысады, ол ауру симптомдарының бәсеңсу кезеңі (айығудың, яғни реконволесценцияның ең алғашқы кезеңі) деп аталады. Бәсеңсу кезкеңінде температура қалпына келіп, аурудың негізгі симптомдары кете бастайды. Бұл кезең реконволесценциялық (лат: re- әсер етудің қайталануы, convalescentia-айығу, арылу, сауығу) кезеңге ауысады. Бұл кезең клиникалық симптомдардың болмауымен, ағзалардың құрылымы мен функцияларының қалпына келуімен, микробтардың қырылуымен және қоздырғыштардың микрооганизмде көбейінің тоқтауымен сипатталады немесе процесс микробтасымалдаушылыққа ауысады. Сырқаттың бір түрімен ауырған кездің өзінде де реконволесценттік кезеңнің ұзақтығы бірдей болмайды, ол кеселдің түрі (формасы) мен ағымына, макроорганизмнің иммунологиялық ерекшелігіне, жүргізілген емдеу шараларының тиімділігіне байланысты. Бұзылған функцияларының барлығы қалпына келгенде толық жазылып кету болады, ал толық жазылмау-патологиялық процесс дамыған жердегі тіндер мен ағзаларда пайда болатын қалдық (резидуальді) өзгерістер (деформациялану және тыртықтану, сал болу, тіндердің атрофиялануы және т.б.) сақталғанда болуы мүмкін. Науқастан айығудың бірнеше түрін ажыратады; а) клиникалық айығу-бұл кезде аурудың тек қана клиникалық симптомдары жойылады, б) микробиологиялық айығу-макроорганизм микробтардан арылады, в) морфологиялық айығу-зақымданған ағзалар мен тіндердің морфологиялық және физиологилық қасиеттері қалпына келеді. Әдетте, клиникалық және микробиологиялық айығу, ұзақ уақытқа созылатын морфологиялық зақымданудың толық қалпына келуімен сәйкес болмайды. Толық жазылып кетуден басқа, жұқпалы аурулар микробтасымалдаушылық қалыптасуымен, созылмалы түрге айналуы, өліммен аяқталуы мүмкін.
Клиникалық мақсатта жұқпалы ауруды типтері, кесел ауырлығы және даму барысына қарай ажыратып бөлу қабылданған. Нақты назологиялық түрге (формаға) тән белгілердің айқындылығын тип деп түсіну қабылданған. Осы ауруға тән жетекші симптомдар мен синдромдары бар болған жағдайды типті түрлерге жатқызады, ал атипті түрлерге-айқын емес, инаппарантты және де найзағайша (кенеттен пайда болып, тез аяқталатын), сол сияқты түсікті (абортивті) түрлерді жатқызады.
Айқын емес (стертые) түрлері кезінде сипатты симптомдарының біреуі немесе бірнешеуі болмайды, ал қалған симптомдары әлсіз түрде байқалады. Инаппарантты (син; субклиникалық, жасырын, симптомсыз) түрлері кезінде клиникалық симптомдары білінбей өтеді. Оларға әдетте, инфекция ошағы бар жерде, зертханалық зерттеу әдістерімен диагноз қойылады. Найзағайша (молниеносная форма, фульминантты; лат: fulminare-найзағаймен өлтіру немесе гипертоксикалық) өте ауыр жағдайда өтуімен және барлық клиникалық симптомдарының жылдам дамуымен сипатталады. Мұндай түрлер көбінесе өліммен аяқталады. Түсікті (абортивті) түрлерде жұқпалы ауру бастапқыда типті түрде дамиды, бірақ бірден (кенеттен) үзіліп қалады, яғни ауру симптомдары білінбей кетеді. Мұндай жағдай іш сүзегіне қарсы егілгендерде байқалады.

Жұқпалы аурулардың ағымының сипаты және ұзақтығы бойынша ажыратып, бөледі. Сипаты бойынша: асқынусыз және қайталанбайтын жатық (гладкий), немесе ауру күшейіп, асқынулар және қайталанулар беретін-жатық емес (негладкий) түрлері болуы мүмкін. Жұқпалы аурулар ағымының ұзақтығы бойынша жіті (процесс 1-3 ай мерзімінде аяқталады), созылыңқы немесе жітілеу (ұзақтығы 4-6 айға дейін) және созылмалы (6 айдан астам) болуы мүмкін.

4. Жұқпалы аурулардың даму барысында иммунитет қалыптасады, ол инфекциялық процеске тән ерекшелік болып табылады. Әртүрлі жұқпалы аурулар кезіндегі жүре пайда болатын иммунитеттің кернеулігі және ұзақтылығында елеулі айырмашылықтар бар - өмір бойы қайталап жұғуды болдырмайтын айқын және тұрақты иммунитеттен бастап (қызылша, оба, шешек аурулары), тіптен аз уақыттан кейін қайталап ауруға мүмкіндік беретін әлсіз және қысқа мерзімділік иммунитетті (шегиллез) мысал ретінде келтіруге болады. Жұқпалы аурулар кезінде көбінесе тұрақты, кернеулі иммунитет қалыптасады. Жұқпалы аурулардың даму барысы және аяқталуының ерекшеліктері көбінесе сол кездегі иммунитет қалыптасуының пәрменділігімен байланысты. Жұқпалы аурулардың патогенезінің ерекшеліктеріне тән сипат-екіншілік иммунитеттің даму тапшылығы болып табылады. Бірқатар жағдайларда микробтарды қоршаулауға және элиминациялауға бағытталған қисынсыз (неадекватная) иммундық реакция (гиперергиялық реакция) иммунды-патологиялық үрдіске әкеледі, ол инфекциялық процестің созылмалы түрге айналуына және макроорганизмді өлім шегіне дейін жеткізуі мүмкін. Макроорганизмде микроб бар болған кезде төмендеңгейлік иммунитет асқынулар және қайталап ауыру (рецидив) пайда болуына әсер етуі ықтимал. Асқыну-бұл бәсеңсу немесе реконвалесценциялық кезеңдерде ауру симптомдарының күшеюі, ал ауру қайталану яғни рецидив- бұл сырқаттан айығу кезеңінде аурудың клиникалық симптомдары басылып кеткеннен кейін, дерт қозудың қайтадан пайда болуы. Асқынулар мен рецидивтер негізінде ұзақ уақытқа созылатын жұқпалы аурулар кезінде басымырақ байқалады (мысалы; іш сүзегі, тілме, сарып, туберкулез т.б.). Олар макроорганизмніғ резистенттілігін төмендететін факторлардың әсерінен пайда болады және макроорганизмде микробтардың табиғи даму циклімен байланысты болуы мүмкін (мысалы; безгек немесе қайталама сүзек кезіндегідей). Асқынулар мен рецидивтер клиникалық әрі зертханалық деңгейде байқалуы мүмкін.

5.Жұқпалы аурулар кезінде диагноз қою үшін спецификалық микробиологиялық және иммунологиялық диагноз қою әдістері (микроскопиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық зерттеулер және биологиялық, терілік-аллергологиялық сынамалар) қолданылады. Олар көбінесе диагнозды дәлелдеудің бірден-бір сенімді әдісі болып табылады. Бұл әдістер: негізгі, қосымша және экспресс-диагностикалық әдістерге бөлінеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   111   112   113   114   115   116   117   118   ...   216




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет