Дамыта оқыту технологиясы арқылы қазақ тілі сабағының мазмұны мен сапасын арттыра отырып, оқушылардың ізденушілік, танымдық, өзіндік жұмыс істеу белсенділігінің шеберлігін шыңдауды мақсат етіп,мұғаліммен оқушы арасындағы ынтымақтастықты жетілдіріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуді міндеттейді.
Танымдық қабілет әркімге тән. Қабілетсіз адам болмайды. Адам бәріне де қабілетті бола біледі, тек өз бойындағы қабілеттің алғы шарты болатын нышандарын оята білген жөн. Ал таным дегеніміздің өзі «тану» сөзінен алынған. Танымдық құзыреттілікті дамыту- қоғам талаптарына сай жеке тұлғаны дамыту.Жеке тұлғаның оқу - танымдық құзіреттілігі яғни, өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білуі, материалды жоспарлай білуі, ізденушілік - зерттеушілік әрекет дағдыларын игеріп, шығарманы толық сатылай кешенді талдауы, негізгі түйін-қорытынды жасай білуін дамыту – негізгі қызмет. Сондықтан, дайын материалды оқытып, түсіндіруімен ғана шектелмей, оқушыларды өз бетінше іздендіретін, алған білімдерін тұжырымдай алатын жұмыстар жүргізу қажет.Сонымен бірге мұғалім мен оқушының арасында ұжымдық қарым-қатынас, бір-біріне деген сыйластық болған жағдайда ғана оқыту өз нәтижесін береді.
“Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер”,- деп Ж. Аймауытов айтқандай, сабақ беруді өнер деп бағалау тегін емес.
«Технология» тарихи ұғымы техникалық прогреспен байланысты және сөздікте (грек тілінен аударғанда teche - мәдениет, шеберлік, білік, ал logos- сөз, білім) материалды өңдеудің тәсілдері мен құралдары туралы білім жиынтығы деп түсіндіріледі.
Педагогикалық технологияның кәдуілігі әдістемесінен басты айырмашылығы –оқу үрдісінің нәтижелі болуына кепілдік беруі. Оқу үрдісін технологияландыру туралы көзқарас осыдан 400 жыл бұрын туындағанын біз Я.А.Коменскийдің айтқан пікірінен көре аламыз. Автордың айтуынша, оқыту «технологиялық» болу қажет, яғни оның мәні нені үйретсе де, нені оқытса да оқу үрдісі табыссыз болмауы қажет. Мұндай оқыту механизмін Я.А.Коменский «дидактикалық машина» деп атады.
Технологияға мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болып табылады. Соған байланысты мақсат – құрал - оның қолдану ережелері - нәтиже алу заңдылықтары іздестіріледі. Мұндай ережелерді тауып, пайдалану - кез-келген технологияның басты мақсаты.
Оқыту технологиясын таңдап, іріктеу – оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқарудың негізгі бір буыны. Қазіргі кезде әдебиеттерде осы заманға білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтитын 50-ден астам педагогикалық технология қолданылып жүр. Олар:
Ынтымақтастық педагогикасы
Білім беруді ізгілендіру технологиясы (Ш.Аманашвили)
Математиканы оқытудың есеп шығаруға негізделген технологиясы (Р.Г.Хазанкин)
Дамыта оқыту технологиясы (Л.С.Выготский, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов)
Оқытудың модульдік технологиясы (В.М.Монахов)
Проблемалық оқыту технологиясы (М.И.Махмутов)
Тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы (В.Ф.Шатолов)
Түсіндіре басқарып –оза оқыту (С.Н.Лысенкова)
Деңгейлік саралап оқыту технологиясы (Ж.А.Қараев)
Оқытудың компьютерлік технологиясы
Бағдарламалап оқыту технологиясы (Б.Скиннер, Н.Краудер, В.П.Беспалько).
Педагогикалық технологиядан дамыта оқыту технологиясының ерекшелігі мен мәніне тоқталып өтелік.
«Дамыта оқыту» деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған Ж.Пиаженің еңбегінде ойлаудың әр түрлі деңгейін, типтерін Л.С.Выготский, С.Л.Рубинштейн және басқа да психиканың функциясын зерттеген Б.Г.Ананьев, А.А.Люблинская және басқа да іс - әрекет теориясының психологиясын жасаған А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин еңбектерінде жан – жақты талданды. Осылардың негізінде дамыта оқыту проблемасына арналған екі іргелі эксперимент жасалып, оның бірін В.В.Давыдов, ал екіншісін Л.В.Занков басқарды.
Зерттеулердің мақсаты Л.С.Выготскийдің 1930 жылдардың басында жасаған оқыту мен дамытудың арақатынасы жайлы болжамының дұрыстығын тексеру, нақтылау.
Көрнекті психолог Л.С.Выготский айтқандай оқыту дамудың алдына шығып отырса, ол бала дамуының «ең таяу аймағын» жасайды, баланы іздендіруге талаптандырады және дамудың бірнеше ішкі процестерін қозғалысқа келтіреді. «Ең таяу даму аймағы» одан әрі «актуальды даму аймағына» көшуі тиісті тапсырмаларды өз бетімен орындайды.
Дамыта отырып оқыту жүйесін жақтаушылар (А.А.Леонтьев, т.б) да жоғарыдағы пікірді қостай келіп, қазіргі заманғы мектептің мақсаты – оқушыны тек қана «ең таяу даму аймағына» қол жеткізуін қамтамасыз ету және оның білімін арттыру ғана емес, сонымен қатар баланың жеке адам ретіндегі жан – жақты дамуын және бүгінгі ғана емес, ертеңгі дамуына жол ашу, дайындау екендігін баса айтады.
Оқыту мен дамудың арақатынасы жөніндегі мәселелердің шешілуі дамудың екі өрісіне байланысты. Бала меңгерген нәрсе оның кешегі күні, өткен кезеңі болып табылады. Дамудың аяқталған кезеңіне негізделген оқыту табыс әкелмейді немесе ол баланың дамуға деген қажеттерін қанағаттандыра алмайды. Оқушыға өте жеңіл тиетін білім өзін ынталандырмайды, таным мен табыс қызықтырмайды. Л.С.Выготский ойынша, оқыту баланың ертеңгі күніне бағдарлануы тиіс, яғни, бала өзінің пісіп – жетілген мүмкіндіктерінің деңгейіне емес, дамуға бейімделген бағыттар деңгейінде болуы тиіс. Оның ертеңгі күнін дәл осы бағыттар белгілейді. Бұл идеяны Л.С.Выготский одан әрі былайша сабақтайды: «Оқыту мен даму тікелей сәйкес келмейді, олар бір – бірімен өте күрделі қарым – қатынастағы екі процесті білдіреді. Оқыту тек дамудың алдында ғана жүрсе жемісті болмақ».
Міне, осылайша Л.С.Выготскийдің оқыту мен дамудың арақатынасы жөніндегі теориясы «дамыта оқыту» деген атпен ХХ ғасырдың 50 – 60 жылдары пайда болды.
Дамыта оқыту идеясын алғашқылардың бірі болып 1950 – 1960 жылдары қолға алған академик Л.В.Занковтың басшылығымен жасалған бастауышта оқытудың жаңа жүйесін мұғалімдер қауымы үлкен ықыласпен қабылдағанымен, белгілі себептерге байланысты өрістеп кете алмады. Тек 1990 жылдары ғана Ресей мектептерінде қайтадан қолданыла бастады.
Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып ол білім алуға әрекеттенеді. Бұл технология бойынша сабақ төмендегідей құрамдас бөліктерден тұрады:
Оқу мақсаттарының қойылуы;
Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.
Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.
Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, бір тұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін - өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.
Демек, дамыта оқытуда – оқушы өз іс - әрекетін өзі құруға, өзін - өзі дамытуға, білімді өз бетімен меңгеруге, өз ойын еркін айтуға, дәлелдеуге, шешімнің дұрыс – бұрыстығын қабылдауға, өз бетімен іздену жұмыстарын жүргізуге, өзін - өзі бағалауға үйретіледі.
Сабақ білім беру процесінің негізгі элементі болып қала береді, бірақ Л.В.Занков жүйесінде оның атқаратын қызметі, ұйымдастыру формасы елеулі өзгеріске енеді. Оның инвариантты (тұрақты) сапалары төмендегідей :
- сабақтың мақсаты тек жаңа материалдардан хабардар ету мен білік, білім,дағдыны тексеруде ғана емес, жеке тұлғаның басқа да қасиеттеріне бағындырылады;
-сыныпта оқушылардың өз бетімен ойлауына негізделген әрекеттер жүзеге асады;
-мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы.
Сабақтың әдістемелік мақсаты – оқушылардың таным белсенділігін көтеруіне жағдай жасау. Бұл мақсат төмендегі жолдар арқылы жүзеге асады:
мұғалім сабақта проблемалық жағдай туғызады;
оқушылардың субъектілік тәжірибесін ашатын оқу қызметін ұйымдастырудың сан-алуан формасы мен әдістерін қолданады;
сабақ жоспарын оқушылармен бірге отырып жасап, талқылайды;
әр оқушының жұмысқа қызығушылығын тудыруға жағдай жасайды;
оқушыны ынталандырып отырады, тапсырманы орындауда қателесуден, дұрыс емес жауаптан қорықпау үшін түрлі тәсілдерді пайдалануға үйретеді;
сабақ барысында оқушы оқу мазмұнынының неғұрлым маңызды түрі мен формасын таңдауға көмектесетін дидактикалық материалдарды пайдаланып отырады;
тек соңғы нәтижені ғана емес, оқушының қызмет әрекетінде бағалап отырады;
оқушының есеп шығаруда т.б. жұмыста өзінше әдіс табуға ұмтылуын қолдап, басқа оқушылардың әдістерімен салыстырып, тиімдісін мақұлдап отырады;
В.В.Давыдовтың пікірі бойынша, төменгі сынып оқушыларына танымдық міндеттерді шештірудің жолын іздестіру арқылы шығармашылық тәжірибені меңгертуге болады. Соның нәтижесінде білім, білік және дүниеге көзқарас, қатынас қалыптасады. Осы жағдайда бастауыш сыныпта тәрбиелеу мен оқыту баланың жеке бас қасиеттерін дамытады.
Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор. Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады. Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. "Жақсы оқушы”, "Жаман оқушы” ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады. Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды. Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – "орындаушы”, "мұғалімнің тасасындағы” объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы оқушы ретінде дәлелдей алады.
Оқытудың жаңа технологияларының бірі – модульдік оқыту технологиясы. Модульдік оқытудың өзегі – оқу моделі. Модульдік оқыту – магистранттың өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігін дамыту. Модульдік технология әдісі бойынша әр сабақта тек қана ақпаратты игеру емес, сонымен қатар қабылдаған ақпаратты өңдеу ептілігі мен дағдылары қалыптастырылады. Оқу процесін модульдік принцип негізінде ұйымдастыру дегеніміз – ол оқу жылын модульге бөлу, яғни оқу пәнін ірі тарауларға бөліп, сонымен қатар әр тараудың мазмұны, білімі мен ептілігі анықталып, сол модульді меңгеруге қажетті бақылау және орындалған жұмыс туралы есеп беру әдістерін қарастырады. Модульде оқу уақытының басым бөлігі магистранттардың өз бетімен жұмыс істеуіне жұмсалады. Алған білімдері күнделікті бақылау, тексеру әдістері арқылы анықталып тұрады. Күнделікті бақылау нәтижесінде, пән бойынша рейтинг және аралық бақылау жүргізіледі.
Қазақ тілін тіл үйренушілерге оқытуда модульдік технология элементтерін қолданудың тиімділігіне тоқталсақ: біріншіден, білім деңгейі әр түрлі магистранттармен жеке тұлғалық жұмыс ұйымдастыру жүйесін жүргізуге бағытталады; екіншіден, оқу үрдісінде магситрант әр деңгейлі жұмыстарды таңдауда, бағаланатын тапсырмаларда айқындауда, жоғары ұпаймен бағаланатын күрделі тапсырмаларды орындауға, қорытынды бақылау тапсырмаларына алдын ала дайындалуға мүмкіндік алады; үшіншіден, технологиялық картада күрделі тапсырмаларды, сөздік қорын қолдану арқылы оқу үрдісінің тиімділігі жоғарлайды.
Модульдік технология жаңа және қалыптасқан дәстүрлі әдістерді сабақтастырып қолдануымен қызықты әрі тиімді.
Қазақ тілін оқытуда жаңа технологиялардың бірі- деңгейлік оқыту. Деңгейлік оқытудың басты ерекшелігі – білім беру, оқыту, үйрету үдерісін топтап, жіктеп бөледі. Білім беру, дағды мен білік қалыптастыру классикалық әдіс негізінде болса, инновациялық әдісте керісінше алдымен дағды мен біліктілік, соңынан білімін жинақтау ұстанымын алға шығарады. Әрбір деңгейге арналған лексика – грамматикалық минимумы болады, үйренуші әрбір деңгейдегі білімін өзі бақылайды, ондағы оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделеніп отырады. Деңгейлік оқыту бойынша әрбір деңгейдің өз әдістемелік мақсаты, әрбір деңгейдің тілдік, әлеуметтік лингвистикалық және дискурсивтік қызметі болады.
Соңғы 5-6 жыл көлемінде тіл үйренушілердің жаңа топтары пайда болды, тілді оқытудың және үйренудің жүйесі өзгерді, бұрынғы оқыту процесіндегі субьект үйренуші және белсенді үйренуші қалыптаса бастады.
Деңгейлік оқытудың негізгі ұстанымы – тілдік қолданыстардағы сөздерді күнделікті тұрмыс-тіршілік жағдайларында пайдалана білуден бастап, белсенді үйренушіге дейін қалыптастыру болып табылады. Осы негізде тілдік кәсіби біліктілікті үйрету бағытында жүйе қолданылып келеді.
Әсіресе тіл үйренушілерді оқытуда деңгейлік оқыту технологияны қолданудың тиімділігі әрбір деңгейге арналған лексика – грамматикалық минимумы болады, үйренуші әрбір деңгейдегі білімін өзі бақылайды, ондағы оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделеніп отырады.
Тілді жылдам әрі сапалы меңгертуде, оны кез келген ортада еркін тілдік қатынасқа түсе алатын дәрежеге қатысымдық технологиясы арқылы ғана қол жеткізуге болатындығы бүгінде дәлелденіп отыр. Дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаеваға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі».
Сөйлеу үшін оқушы тілдік көрсеткіштер мен сөйлеуде жұмсалатын тұлғалардың тіркесу заңдылықтарын білуі, тілдік құралдарды қолданудың амал-тәсілдерін меңгеруі қажет. Сөйлеу кезінде тілдік тұлғалардан бұрын қатысымдық тұлғаларға, әсіресе олардың байланысу, қолданылу жолдарына, амалдарына ерекше назар аударылады. Мұнда тілдің кіші, үлкен, дара, күрделі бөлшектерінің бәрі бір ортақ мақсатқа – сөйлей білуге, айтар ойды жеткізуге жұмсалады. Сөйтіп адамдардың тілдік қарым-қатынасы жүзеге асады, сөйлесім, тілдесім өз нәтижесін береді.
Қатысымдық технологияны қолданудың тиімділігі, алдымен тілді оқытуда үйренуші мен үйретушінің арасында бір-бірімен көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу, яғни тікелей қатынас жиі болса, сөйлесім әрекеті де ұтымды жүзеге асатындығы, сөйлеуді үйрету барысында қатаң талаппен сұрыпталған лексикалық, фонетикалық, грамматикалық минимумдар мен сөздік материалдар алынатындығы болып отыр.
Тілді меңгертуде тиімді саналатын жаңа технологияның бірі – тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы. Сабаққа қатысты материалдар ірі мөлшерде енгізіліп, блоктарға бөлінеді. Оқу материалы тірек схема-конспектілер түрінде беріледі. Тірек белгілері арқылы оқыту технологиясы төмендегідей мақсаттарды көздейді:
- білім, білік, дағдыны қалыптастыру:
- барлық баланы оқыту;
- оқытуды жеделдету.
Бұл технологияның қазақ тілін оқытуда тиімділігі: үнемі қайталау, міндетті кезеңдік бақылау, блокпен оқыту, тіректі қолдану, жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал; ізгілендіру, ерікті оқыту; оқыту мен тәрбиенің бірлігін қолдана отырып жүргізетіндігі.