Әдеби шығармадағы тілдік құрылым мен баяндаудың да өз композициясы болады. Әсіресе, эпикалық туындыларда баяндау түрлерінің ұйымдастырылуы маңызды орын алады. Көркем шығармада "көпдауыстылық", оқиғаның әртүрлі көзқарас тұрғысынан суреттелуі, баяндаушылар мен баяндау арнасының ауысып отыруы құрылымдық қызмет атқарады. Сондықтан шығарма құрылысының ерекшелігін түсіну үшін баяндау композициясын талдау қажет. Егер мәтінде эпикалық дәстүрге сай бір ғана баяндаушы болып, көркем тіл бірдауысты баяндауға құрылса, оны шығарма композициясын талдауда назардан тыс қалдыруға болады.
Ж.Аймауытовтың"Ақбілек" романында баяндау барысы өзгеріп отырады. Мұны романның сыртқы композициясынан да көреміз, кейіпкерлердің есімімен аталған "Бекболат", "Офицер", "Мұқаш" тарауларында автормен қатар оқиға қаһармандары да баяндаушының қызметін атқарады. Автор "Бекболат", ""Мұқаш" бөлімдеріндегі баяндау мәнерін ауызекі сөйлеу тіліне жақындатқан. "Офицер" бөліміндегі баяндау басқаша: бұл барлығына өз көзқарасы бар, талдау жасай алатын, бірақ өзін биік, үстем санайтын өзімшіл оқыған адамның сөзі. Шығармада баяндау мәнерінің әр бөлімде ауысып отыруы ерекше көркемдік композициялық мағына жүктеген.
Ә.Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры" романында қаһармандар монологтары басты композициялық, сюжеттік функция атқарады, оған терең лирикалық сипат береді. Романның өн бойында кейіпкерлердің ішкі рухани әлемін, жан дүние қалтарыстарын, жалпы табиғатын тану мақсатында қолданылатын ішкі монологтың көркемдік қызметі, оның шығарма композициясындағы салмақты орны айқын көрінеді. Мұнара романның композициялық кіндігі, басты символы ғана емес, қаһармандардың мұнараны қабылдауы арқылы олардың мінез ерекшелігін де аңғарамыз. Роман композициясы төрт тараудан тұрады. "Қызыл алма" тарауында Әміршінің мұнараны қабылдауы, онымен қарым-қатынасы, екеуінің арасындағы үнсіз текетіресі, сол арқылы Әміршінің өмір мен өлім, жақсы мен жаман, даңқ пен дақпырт, т.б. құндылықтар туралы философиялық толғанысы, ой-тебіренісі, ішкі монологы суреттеледі. Мұнда оқиға Әміршінің көзімен баяндалады. "Мұнара" тарауында оқиға Жаппардың қабылдауы арқылы баяндалады, оның мұнараны дүниеге әкелудегі мехнаты, шығармашылық азабы, терең сезімі, махаббат қайғысы, ой толғанысы суреттеледі. Жаппардың өзі болып мұнара тіл қатады. "Махаббат" атты үшінші тарауда ханымның мұнарамен үнсіз сұхбаты, күн ұзақ мұнараға тесіле қараудан туған алуан түрлі сезімдері, ойлары, психологиялық ахуалы баяндалған.
Композицияның ең қарапайым және жиі кездесетін тәсілдерінің бірі – қайталау. Ол шығарманың бас-аяғын көмкеріп, композициялық жинақылық береді. Әсіресе сақиналы композицияда туындының басы мен соңындағы қайталаулар композициялық үндестік тудырып, шығармаға ерекше көркемдік мән үстейді.
Туындыда жиі қайталанатын детальдың немесе образдың шығарманың лейтмотивіне айналатын тұстары да бар. Мысалы, М.Әуезовтің "Қаралы сұлу" әңгімесіндегі жас, қайратты арудың драмалық жағдайын суреттейтін ыстық "қара жыландардың" метафоралық бейнесі, О.Бөкеевтің "Атау-кере" повесіндегі Тағанның "Неге біз осы? " деп басталатын мәңгілік сұрағы, Ш.Айтматовтың "Боранды бекет" романындағы "батыстан шығысқа" және "шығыстан батысқа" зулап жатқан поездардың бейнесі. Ш.Айтматов "Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің үланғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақыңдығына қарай өлшенеді. Ал, пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... " деген жолдарды романның әр тұсында үнемі қайталай отырып, өмірдің өткіншілігі туралы идеяны лейтмотивке айналдырған.
Сақиналы композицияның бір үлгісі болған Т.Ахметжанның "Сұлу мен суретші" повесі "Қуғыншы" суретін баяндаудан басталады: "...Көз алдына ақ шағи көрпесін қымтана бүркеніп, бұйығып жатқан Алтайдың қыземшек жоталары елестеді. Үкідей үлпілдеген ұлпа қардың үстінде соңына түскен қуғыншыдан құтылмаққа жандәрмен күш салып, бар айла-тәсілін сарп еткен алтайы қыр сұлуы құйғыта ұшып барады. Бірде оңға, бірде солға бір бұлт етіп, одан қалды жалт бұрылып, кері қашқанымен де жарау ат мінген қуғыншы қыр соңынан қалмай діңкелетіп, өкпесін өшіріп барып тура қара тұмсықтан ала темірдей қатты сойылмен сілтеп өткенде түз тағысы екі бүктетіліп барып омақаса құлады. Қара тұмсықтан қып-қызыл қан дірдектеді... Әппақ қарға қып-қызыл қан тамды...Қып-қызыл қан... ".
Повестің экспозициясында осы суретті сипаттау "Ақжаймаға қып-қызыл қан тамды" деген сөйлеммен шығарманың шымылдығын ашуы болашақ жағдайдың трагедиялық, асқақтық табиғатын аңғартады. "Қуғыншы" суретінің шығарманың үш жерінде – басында, ортасында және соңында қайталануы сюжеттік баяндаумен тығыз байланысты. Жарты беттен ұзақтау үзіндінің көркемдік қызметі маңызды. Ол сюжет түйінінің күрделі және шешуші тұсында баяндаудағы ширыққан сәтке эмоциялық ажар береді. Осы ретте "қып-қызыл қан" сөзіне айрықша акцент жасалатынын байқаймыз. Лейтмотив болған үзіндідегі күшейтпелі сын есімдер арқылы жасалған антитеза (қара тұмсық, қып-қызыл қан, әппақ қар), бірнеше рет әдейі қайталанып, символдық, әрі эмоционалдық мән арқалаған. Сол арқылы бір-біріне алыстау үш жерде қайталанған тұтастай үзінді шығармада ерекше ырғақ тудырады. Қайталау мәтіннің жеке бөліктерінің арасында ассоциативті байланыс орнатып қана қоймай, авторлық позицияны айқын көрсетеді. Сол арқылы көркем шығарма тінінде кездейсоқ ешнәрсе болмайтынына көзімізді жетеді.