Мөж тақырыбы: Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» шығармасы


Ризоматика: «Талтүс» романын постмодернистік оқу



бет3/6
Дата05.03.2023
өлшемі212,66 Kb.
#71568
1   2   3   4   5   6
Ризоматика: «Талтүс» романын постмодернистік оқу
Дегенмен, Әжігерейдің романның басты фокализатор болуы оны романның басты күретамыры етпейді. «Талтүс» романының ерекшелігі мен парадоксы да осында. Романның бір күретамыры жоқ. Керек десеңіз, оқырман тұрғысынан Әжігерей романның басты кейіпкері болғанымен, постмодернизмнің ризомалық философиясы тұрғысынан Әжігерей романның бір кейіпкері ғана. Басты кейіпкер кім? Постмодернизм үшін«Талтүс» романындағы әр кейіпкер – басты кейіпкер. Тіпті, романда «дастарханды жинап жатып», арасында сөйлеп қалатын Күлбағила да Сабыттың өнерінің сорын көтерген протогонист болуы әбден мүмкін. Әжігерей кім сонда? Әжігерей – романда болып жатқан әр оқиғаға тек басты куәгер. Яғни, романда айтылған әр аңыз, әр әңгіме, әр кейіпкер (Көсеге де, Темір Қия да) – өзінше жеке, бір-біріне бағынбайтын, бірақ бір-бірімен тығыз байланыста жатқан бөлек әлем, ал сол әлемдерді бір-бірімен нарративті байланыстырушы – Әжігерей. Романның кейіпкерлері мен көпсалалығы ризома іспетті жүйе болса, Әжігерей - сол ризоманы байланыстырушы қантамыр. Сондықтан да, автор ішкі тұрақталған фокализация әдісі арқылы нарратор мен «басты кейіпкер» Әжігерейді өзге кейіпкерлерге субъективті пікір білдіруден саналы түрде шектеген деген болжамға келеміз.
Романның Әжігерейден басталып, Әжігереймен аяқталуынан, сонымен бірге автор туралы экстратексттік ақпараттың (мысалы, автордың өз өмірінде ұлттық мәдени мұра мен ұлттық тарих жайлы толғаған ойлары, Әжігерейдің прототипі өзі екені сияқты ақпараттың) мол болуы әсерінен шығарманың ризоматикалық табиғаты жасырылу күйде қалғанын аңғаруға болады. Әрине, романның әр түрлі тақырыптарды (таланттың есеюі, отбасы ішіндегі қатынастар, күй өнерінің тарихы, аңыздар мен әңгімелер, ұрпақтар арасындағы байланыс пен сабақтастық, ұлт тарихы, бала махаббат және тағы басқа) қамтуын көппландылық дейсіз бе, әлде «полифониялық роман», «роман-парабола», «роман-тәпсіл» дейсіз бе, ерік өзіңізде. Бірақ бұған параболалық немесе тәпсілдік интерпретация беру, болмаса, Бахтиннің көпдауыстылығымен түсіндіру «Талтүс» романын тек көркем шығарма емес, сонымен бірге философиялық роман ретінде орнын шектейтіндей.
Сондықтан да, романның әр алуандығы және сол әр алуандығының бір- бірімен біте-қайнасуын постмодернистік француз ғалымдары Жиль Делез бен Феликс Гватари айтып кеткен ризома концептісі арқылы түсіндіру дұрыс болар. Жоғарыда атап өтілгендей, романдағы Әжігерейдің линиясы – ризоманы байланыстырушы линия. Ризомалық тамырдың бір-бірімен тамырлар жүйесі арқылы байланысқаны сияқты романның да әр жеке дара әлемі бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Тіпті, Әжігерейді ешқашан көрмеген, Әжігерей оны ешқашан көрмеген, оқырман тек бір әңгімеде естіген Көсегесіз романның тереңдігін байыптау мүмкін емес сияқты көрінеді.
Сұхбаттарының бірінде Таласбек Әсемқұловқа мифолог Зира Наурызбаева екінші тараудың соңындағы бала Әжігерей күйші Ғазиздің әсерінен абсолютті аңсауы жайлы сұрақ қояды: «...жас баланың осынша ой мен сезім кешуі ақылға сыя ма? Нанымды ма?». Бұған Әсемқұлов «бұндай сана, бұндай түсінік қай жаста болса да келуі мүмкін» деп жылы жауып қояды. Шындығында, бұл түйсініктің Әжігерейге Ғазиздің күйіне дейін де ертерек, екінші тараудың басында-ақ, Көсегенің өлімімен кейін келіп қойғанын көре аламыз: «Бірақ қайғы… қайғы… Осы кемелге жеткізген қайғының өзі бар емес пе… Жүректегі осы от ешқашан өшпей тұра берсе ғой… Атасы айтады, адам қайғыны өзі сұрап алған деп… Темірді алтынға, тозақты ұжмаққа айналдыратын қасиетті от… кеудеде тұрса… адам өзінің намынан айнымайды, мәңгі адам болып қала береді… Көсеге… Менің Көсегем… Атың естілгенде көзіме көріндің… Көріндің де жүрегіме теліндің, мәңгілікке байландың… Қайғымның аты жоқ еді… Енді мен сені ғана ойлаймын… Сені ойлап қана қайғырамын… Кей- кейде атыңды атамасам, кеш мені, себебі қайғырғаным, қамырық шеккенім – сенің атыңды атағаным, сені айтқаным…»
Бұл мәтіннен «Менің Көсегем...», «Енді мен сені ғана ойлаймын...», «Себебі қайғырғаным, қамырық шеккенім – сенің атыңды атағаным, сені айтқаным...» деп тұрған бала Әжігерейдің болуы қаншалықты нанымды, ақылға қонымды деген верисимилитюд сұрақтары қайта туады. Баланың бұндай ойларды бастан кешуі верисимилитюд заңдарын бұзатындай. Бұл ойлар Шерімнің санасында туса, Сабыттың ойымен айтылса, өз баласы болмаған Күлбағиланың қайғысы болса, әлдеқайда нанымдырақ болар ма еді. Бірақ нарратор тек Әжігерейдің санасына барлай алады. Ал Әжігерей – әлі бала. Демек, бірінші жақтан Әжігерейдің ойы ретінде беріліп тұрған Шерімнің де, Сабыттың да, Күлбағиланың да ойы болуы әбден мүмкін деген тағы бір болжамға келеміз. Себебі, ризома бойынша айтар болсақ, Әжігерей – қантамыр. Бұл жерде Әжігерей коллективті сананың жиынтығы. Әжігерей – ол бәрі. Бәрі – Әжігерей. Шығарманың ризомалық сипатын роман соңында атасы өлген Әжігерей анық ашып береді: «Кенет... жақыныңның бұл өлімі өзіңнің өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Себебі, әр өлім – әркімнің өлімі. Себебі, әр өлім – бәрінің өлімі».
Иә, бұл Делез бен Гватари концептілеген ризомалық философияның дәл өзі. Осы ризомалық сипаттың әсерінен романды оқыған оқырман ойында да Әжігерей айтқан аяныш, тәтті мұң қалады. Оқырман сан алуан күй кешіп, өз атасы мен Сабытты, көрші үйдің атасы мен Шерімді байланыстыра отырып, балалық шағындағы махаббатын аңсайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет