Ішкі тұрақталған фокализация: оқырманға аманат Ең әуелі, көзге бірден білінетін романның нарративті сәттерін анықтап алайық. Роман түгелдей гетеродиегегикалық нарративпен жазылған, яғни нарратордың романдағы оқиға желісіне қатысы жоқ. Нарратор – тек бақылаушы. Екіншіден, роман фигуративті әңгімелеуді ұстанады, яғни нарратордың оқиға жайлы білімі кейіпкерлердің оқиға жайлы білімімен, санасымен шектелген. Нарратор – тек сипаттаушы. Үшіншіден, фигуративті әңгімелеу түгелдей бір кейіпкерде тұрақталған. Нарратор – тек Әжігерейдің санасына барлаушы.
Бұл тәсілді француз әдебиет сыншысы Жерар Женетт ішкі тұрақталған фокализация техникасы деп айтып кеткен. Әрине, бұл бұрыннан бар тәсіл. Генри Джеймс, Вирджиния Вулф жол ашқан бұл нарративтің түрі өткен ғасырда да, осы ғасырда да жақсы-ақ қолданылып келеді. Бірақ «Талтүстің» ерекшелігі неде?
Таласбек Әсемқұловтың жасаған қажырлы еңбегі мен эксперименті – фокализацияның романның басынан аяғына дейін еш өзгермеуі. Бір сәтке де ауытқымайды. Бұндай тұрақты фокализация, тіпті, жоғарыда аталған Генри Джеймс пен Вирджиния Вулфтың шығармаларында да кездеспейді. Біз Сабыттың Әжігерейді асырап алудағы ойларын, Күлбағиланың Әжігерейді қабылдай алмауындағы мотивтерін, Гүлшаттың айтылмай қалған ойларын, Қалиманың жеріп еткен баласына деген шын сезімін бір сәтке де біле алмаймыз. Тіпті, Әжігерейдің аузынан да, яғни осы айтылған кейіпкерлердің сезімдеріне қатысты Әжігерейдің пайымдарын да біле алмаймыз. Басқа кейіпкерлердің позициясы түгелдей Әжігереймен болған диалог арқылы немесе Әжігерей көрген визуалды ақпараттың интерпретациясы арқылы беріледі. Әжігерейдің санасы арқылы берілетін, өзге кейіпкерлерге бағытталған субъективті көзқарас романда сирек кездеседі, жоқтың қасы. Яғни, оқырман Сабыттың қандай ата екенін, Шерімнің, Гүлшаттың қандай адам болғандарын тек диалог арқылы және көзге көрінетін визуалды сигналдар арқылы ғана біле алады. Визуалды сигналдарды жіберуші – Әжігерей. Нарратор да, Әжігерей де ол сигналдарға баға беруге, субъективті үкім шығаруға тырыспайды. Ол аманат түгелдей оқырманға табысталған. Романның бұл сипаты постмодернизмнің оқырманды жаңа деңгейге көтергенімен салалас, сабақтас. Мысалы, мына пассажға үңілейік:
«Көп ұзамай бүкіл дүниесін шайқаған тағы бір оқиға болды. Қалима балаларымен үйіне кеткеннен кейін Күлбағиланың мінезі күрт өзгерген. Ертеден кешке дейін бүлінеді де жүреді. Амалын тауып, тіршіліктегі барлық кемшілікті Әжігерейге әкеп тірейді. Әжігерей ештеңеге таңқалған жоқ. Тек осы лаңның қай жерден шығатынын, шиенің қалай шешілетінін немкұрайды ғана күтіп жүрген.» Яғни, Әжігерей байқағандықтан, көргендіктен ғана нарратор Күлбағиланың мінезінің өзгергенін, «амалын тауып, тіршіліктегі барлық кемшілікті Әжігерейге әкеп тірейтінін» біледі. Бірақ неге мінезінің өзгергені жайлы, Күлбағиланың болжамды позициясы жайлы пікір Әжігереймен де, нарратормен де айтылмайды. Күлбағиланікі қызғаныш па, әлде тағдырына деген реніш пе – бұл туралы нарратор да, Әжігерей де ауыз ашпайды. Қатыгездігі, ұрғандығы – факт. Ал неге қатыгез болғандығы жайлы ойлану, ондай субъективті үкімді шығару оқырманға жүктеледі.
Жоғарыда айтылғандай, гетеродиегегикалық нарративпен жазылған шығармаларда бұл (кез-келген ақпараттың тек Әжігерейдің санасында орныққандығы себебінен берілуі) сирек кездесетін құбылыс. Көп жағдайда ондай шығармаларда нарратор тек бір кейіпкер емес, кейде басқа кейіпкерлердің де санасына барлайды. Болмаса, басқа кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне, болжамды болса да, субъективті үкім шығарудан тайсалмайды. Тіпті, бірінші жақтан (гомодиегегикалық нарративпен) жазылған автобиографиялық шығармаларда авторлар фокализацияны тұрақты және түгелдей ұстауға тырыспайды. Мысалы, өз өмірі жайлы бірінші жақтан жазған Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасында «Ол солай ойлайды», «Қағаз ағаның жүрегі су ете қалады», «Ағайым маған киім сатып аларда көптен-көп осыны ойлаған», «Біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейді, өзім деген кісіге қоң етін ойып беруге дайын тұрады» деген сияқты кейіпкерлердің ішкі жан- дүниесіне субъективті баға берілетіні естеріңізде болар. Ал Бауыржан Момышұлының «Ұшқая ұя» шығармасында бір пассаж түгелдей басты кейіпкердің қатысуынсыз, Аққұл есімді кейіпкердің көзқарасымен беріледі де, «Жүрегіндегі ақиқат лебізін, шындық сөзін айтпай отыра алмады», «Аққұл болса өмірінің соңғы шағына дейін Зәурені ойлап, бармағын тістеумен өтіп еді» деген сияқты субъективті тоқтамдар айтылады.
Қорыта айтар болсақ, бұндай кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне бағытталған субъективті тоқтамдар «Талтүсте» кездеспейді. Әжігерейден өзге кейіпкерлердің ішінде не болып жатқанын пайымдау оқырманға табысталған. Нарратор тек Әжігерейдің ішкі жан-дүниесіне барлайды. Жоғарыда айтылғандай, ішкі тұрақталған фокализация сирек кездесетін тәсіл. Женетт бұндай фокализациямен шығарма жазу қиын екенін, сонымен бірге ыңғайсыз екенін де жазған болатын. Автор бұндай тәсілді таңдауда саналы түрде өзін шектейді, ал ондай шектеудің өз кемшіліктері болады.
Мысалы, «Талтүс» романына жазылған кейбір пікірлер романдағы әйел кейіпкерлердің іс-әрекеттері «түсініксіз» екенін айтады. Осы орайда, Гүлшаттың Әжігерейге айтқан соңғы сөздері верисимилитюд принциптерін (кейіпкердің нанымды болуы) бұзатындай көрінеді, себебі Гүлшаттың Әжігереймен қоштасу шешіміне Әжігерей де, нарратор да тіпті болжамды түрде интерпретация беруге тырыспайды. Оқырманға тек диалогтағы Гүлшаттың сөзі ұсынылады. Автор бұндай экспериментке қаншалықты саналы түрде барғандығы жайлы соңғы бөлімде қарастыратын боламыз.