Түс пен симулякрарасында Жалпы, романды ашатын бұл гипофора шығарманың дискурстық нарративіне біртұтас сипат беретіндей. Сұрақ кімге қарата қойылып тұр? Түсінде немесе өңінде көргені неге маңызды болмауы керек? Неге айып? Неге ең бастысы – көргені? Гипофорадағы кілт сөздер – «түс» пен «айып».
Шындығында, түс – романның көзге көп іліне бермейтін лейтмотивтерінің бірі. Оған эксплицитті акцент қойылмайды, себебі роман реалистік тұрғыдан жазылған, бірақ имплицит акцентті көптеп кездестіруге болады. Романды мұқият оқитын болсақ, түс пен өң арасында дихотомияның жоқтығын аңғарғандай боламыз. Әуелі, роман «мәңгі түспен» ашылады: «Бір ғана шын бақытты күн болыпты. Бүкіл дүние алаңсыз тіршілік жырына ұйыған жаз екен дейді. Екеуі қол ұстасып алыс көкжиекті бетке алып келе жатады. Жолда қаншама иісі аңқыған өзен-көл, ойран көгалдар, гүлі бұлықсыған қаншама жазира жатыр. Ешқайда бұрылмайды. Тек алға қарай жүре береді, жүре береді….» «Мәңгі түспен» жабылады: «Кенет, жүрегінде Тәңірінің мөріндей таңбаланып қалған, болған-болмағанынан ешқандай дерек жоқ, санасынан арылмайтын мәңгі түс қайтадан бойын билеген. Әлдебір мейірімді адам… кім екені белгісіз… әйтеуір мейірімді екенін біледі… қолынан нық ұстап жетелеп келеді. Жолда, иісі аңқыған қаншама өзен-көлдер… гүлі бұлықсыған қаншама ойран көгалдар кездеседі. Бірақ екеуі ешқайда мойын бұрмайды… Тек алға қарай жүре береді, жүре береді…» «Бір ғана шын бақытты күннің» өңде емес, түсте орын алуы көптеген психоаналитикалық сұрақтарды тудырады. Бұл орайда біз Декарттың да, Канттың да, Фрейдтің де түс пен өңге қатысты концепттерін алға тартуымызға болады. Бірақ роман реалистік көзқараспен жазылғандықтан, романдағы кей оқиғалар Әжігерейдің өңінде емес, түсінде орын алды деу спекуляция болар. Дегенмен, кей естеліктер Әжігерейдің санасының симулякры ғана болуы мүмкін деген де болжам бар. Оны түсінуі үшін романның жанры мен романның жасырын эксперименттерінің біріне талдау жүргізіп өтейік.
Біріншіден, «Талтүс» - kunstellerroman, яғни, «өнер адамының есеюі жайлы роман». Техникалық тұрғыдан бұл «Талтүстің» сипатына ең жақын жанр түрі. Ал бұндай романдардың ең басты ерекшелігі – басты кейіпкердің жат әлемнен келгендей сезімдерінің, даралығының болуында. Осы роман жанры туралы алғашқылардың бірі болып терең жаза білген америкалық ғалым Морис Биби өнер адамы жайлы романдардың, «artist-novels», негізгі ассумпциясы – әртістің екіге бөлінген болмысы екенін айтады. Әжігерей – қарапайым адам, бірақ онымен қоса, Морис Бибише айтатын болсақ, Әжігерей – «өнер Рухына қызмет ететін», «өнер Рухы иемденген» медиум- тұлға. Бұл тұрғыдан Әжігерейдің бойындағы өнер, шынымен, өзге әлемнен келген рух екенін айтуға болады. Морис Биби өнер Рухын мақсаты-мұраты бар бөлек болмыс ретінде қарастыруға шақырады:
«The man is a human being of nor mal appetites and desires, for whom life is essentially the process of dying. The artist is a free, detached spirit which looks down on the man from a distance and is concerned not so much with the consumption of life as with the transcendence of life through creative effort. The man must spend himself, but the artist- spirit saves itself by becoming one with its works and thus escaping the bonds of time.»
Яғни, Морис Бибидің сөзімен айтар болсақ, өнер Рухының Әжігерейді таңдаудағы, иемденудегі мақсаты – туындыларымен біртұтас бола отырып, уақыт байламынан құтылу арқылы өнерді құтқару, мәңгі ету. Бала Әжігерей – өлімнен қаша алмайтын, қарапайым адам. Бірақ өнер Рухы – мәңгі. Осыдан болар, біз Әжігерейдің өлім мен өмір арасындағы толғауларын романның негізгі ой-сана ағымына («stream of conscioussness») айналғанын байқаймыз.
Енді, түске жақындайық. Әр өнер адамы сияқты Әжігерей де елестете алу қабілеті жоғары бала. Өнерді жат әлемнің жұрнағы деп түсінуіміз. Бұндай рухпен кездескен тұлғалардың қиялға жүйрік болуы, түс пен өңнің арасында өмір сүруі таңқаларлық құбылыс емес. Бірақ әрдайым түс пен өңді ажыра алуы – ол құбылыс. Себебі, Декартша айтсақ, өмірдің әр сәті түс емес екеніне сенімді болу мүмкін емес нәрсе (“How can you be certain that your whole life is not a dream?”). Мысал алайық. Бірінші тарауда ұйқылы-ояу Әжігерей айналасында отырған адамдарды мысық кейпінде елестетіп, күле бастайды. Нарратор түс екенін айтпаса да, оқырман да, Әжігерей де көріп жатқанының түс екенін біледі, себебі адамның мысық кейпіне енуі мүмкін емес, нонсенс нәрсе. Сол сияқты, Әжігерей санасында есіне түсіре алмаған, ажырата алмаған, түсіне алмаған нәрселерді ойлағанда я көргенде, оны түс деп ойлауы мүмкін. Нарратор романда тек екі жерде Әжігерейдің нақты түс көргенін айтады. Ол пассаждар «Түс көрді» деп басталады. Бірі – Ахметжанның өлімінен соң, екіншісі – Гүлшатпен таныстығынан кейін. Екі кезде де Әжігерей «мүмкін емес» нәрсені көргеннен кейін, нарратор Әжігерейдің «түсі» деп әңгімелейді. Бірақ Гүлшат енген түсте нақтылық жоқ. Гүлшат Әжігерейдің түсінде «мұңлы ән» болып қана елестейді. Гүлшаттың образы, жоғарыда атап өткендей, реалистік образ емес. Нанымдылығы аз. Ол – идеал образ. Нарратив тұрғысынан Гүлшаттың мақсаты – Әжігерейдің даралығын, жалғыздығын, өнердің сорын көрсету, жеткізу. Бірақ өнер адамы үшін Гүлшат – санада идеализацияға ұшыраған, мәңгі түсіндегі «мейірімді адамға» теңелген кейіпкер ғана болуы мүмкін. Сондықтан, Гүлшатпен болған диалогтардың кейбірін, әсіресе, қоштасу диалогы Әжігерейдің санасында ғана орын алған симулякр деп болжамдай аламыз. Жалпы, түс пен елестің басты сарынға айналатын кезі де Әжігерейдің Гүлшатты кездестіруінен басталатынын еске түсірейік. Гүлшатпен таныстығынан кейін Әжігерей мынадай түс көреді: «Көрер таңды көзбен атқызған. Гүлшаттың ай жүзін, келбетінің әр қырын ойша елестетіп, тамашалап, қараңғыға көзін қадап қанша жатқаны белгісіз. Таң қылаң беріп келе жатқанда мызғып кетіпті. Түс көрді. Гүлшат… бұның жалғыздығынан, күрсінісінен жаратылған ән болып елестеді. Бірақ… керемет мұңды ән екен дейді. Түсіне алмайды». Яғни, түсте Әжігерей болашақта Гүлшатпен айырылысатындығын көреді. Енді бір жерде Гүлшаттың суықтығын сезген Әжігерей, ішінен ол «көрмеген түс емес пе екен» деп ойлайды. Ал келесі бір жерде Гүлшаттың кілт өзгеруін сезген Әжігерей одан көріп тұрғаны түс пе деп сұрайды: «—Осы көріп тұрғаным түс емес пе, айтшы маған, — деді Әжігерей, — Әлде түс пе?
Гүлшат күміс шашқандай етіп сықылықтай күлген.
– Жоқ, түс емес. Бәрі де өңіңде болып жатыр.»
Гүлшатпен қоштасуынан кейін Әжігерей махаббатты елеске теңейді:
«Алдыңа келген — елес, бар болғаны елес. Түсіңде Жаратқанның әуезін естігендейсің, ал оянғанда жаныңды аялаған сол әуезден айрылдың. Білесің, бір нәрсе болды, бірақ шындыққа айналмады. Самалдың лебіндей келді де кетті. Егер махаббат қайғы әкелмесе, онда ол махаббат болмағаны. Себебі, махаббат пен қайғы, махаббат пен қасірет — егіз».
Гүлшаттың линиясындағы түс пен өң коллизиясы романға тағы бір постмодернистік сипат береді. Нарратордың романның алғашқы беттерінде- ақ Әжігерей өңінде емес, түсінде көргенінің айыбы жоқ екенін айтады. Түсте көргеннің айыбы болмаса – онда Әжігерей нені өңінде көргенін, қай сөзінің елес болғанын нақты кесіп айту қиын. Сондықтан да «Талтүс», постмодернистік тұрғыдан, Әжігерейдің санасында орын алған естеліктер мен елестердің коллизиясы деп айтуға болады.
Екіншіден, романның “Талтүс” аталуының өзі біраз нәрсені меңзейтіндей. Шығармаға атау берген роман ішінде бір сәт бар. Ол сәт – талтүс уақыты. Атасы өлген Әжігерей алаңқайға барып, ұйықтап кетеді де, түссіз, елессіз, қап-қара түнекке батады. Нарратор «Шекесін күн қыздырып оянды. Түс болып қалған екен» дейді. Күн шекені қыздыратын уақыт – түстің дәл ортасы, талтүс мерзімі. Өзіңіз оқып көріңіз: «Қызық деді іштей, беті ауған жаққа кетіп бара жатып. Неге жылағым келмейді. Неге ішім боп-бос. Жоқ деді содан соң, атамды өзімше жақсы көрем, өзімше қайғырам. Бірақ дәл қазір жылағым келіп тұрған жоқ. Атасы екеуі отырып әңгімелескен алаңқайға жетіп, қалың шөпке бауырлай жығылған. Өзінің қалай ұйықтап кеткенін білмейді. Ешқандай түссіз, елессіз, қап-қара түнекке батып кеткендей. Шекесін күн қыздырып оянды. Түс болып қалған екен. Өткен түн мен таңның оқиғалары біртіндеп есіне түсті.» Біздің пайымдауымызша, роман осы жерден басталады. Яғни, Таласбек Әсемқүловтың әдемі жасыра білген эксперименттерінің бірі – Сабыт өлгеннен кейінгі толғаныста жатқан Әжігереймен және оның өмірі туралы ойларымен романның басталуында. Көп оқырман ойлағандай, роман бала Әжігереймен ашылмайды, роман ержетіп қалған Әжігерейдің балалық шағы жайлы ойларымен ашылады: «Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші, қамырығы көп... … Ойлап отырса, анасынан ес білгеннен кейін-ақ жеріп болыпты. Мейірімге гүлдей ашылатын сәби жүрек тіршіліктің алғашқы күндері-ақ көңілді аяусыз тапаған қатыгездіктен біржола жабылды...» «Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар» деп нарратор сілтеп айтқан тұлға – бала Әжігерей емес, ержетіп қалған он жеті жасар Әжігерей. Одан әрі «Бір оқиға ерекше есінде қалды», – деп нарратор романды нарратор. Кімнің есінде қалды? Еске түсіріп отырған тағы сол он жеті жасар Әжігерей. Автор бұл жерде флешбэк техникасын шебер қолданғанын көре аламыз. Роман желісі сол флешбэк-оқиғадан ары қарай жалғасып кетеді. Нарратор роман басында айтқан «балалық шақ жайлы», «қатігездік пен мейірім» жайлы ойларына тек атасы өлгеннен кейін бір-ақ оралады. Бұл жағынан романдағы атасы өлгенге дейінгі сәттердің бәрі де ретроспекция деп айтуымызға әбден болады. Ойлап көріңізші, «бір тағдыр», «тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші, қамырығы көп» деп кішкентай Әжігерейден гөрі есейген Әжігерейдің өмірін сипаттау әлдеқайда нанымдырақ емес пе? Немесе мына қарапайым мысалды алайық: «Ойлап отырса, анасынан ес білгеннен кейін-ақ жеріп болыпты», – дейді нарратор. Ойлап отырған қанша жастағы Әжігерей деген заңды сұрақ туады. Балалық шағын саралап отырған, анасынан қанша жасында жеріп болғанын ойлап отырған – атасы өлген он жеті жасар.
Есейген Әжігерей былай дейді: «Иә… Бәрі дұрыс… Балалық өтті, не білдің депті ғой біреу… Балалық өтті… Балалық болып па еді… Иә… Болған… Енді сол балалық өтті. Енді не қалды… Үйге қайту керек. Айтпақшы, қайтқанда, қай үйге қайтпақсың… Үйің қай үй… Анамның үйі… … Шашынан сипап, бетінен сүйсем, қап-қара алақанынан сүйсем… суалған омырауынан иіскесем… мейірім қанар ма еді…» Яғни, роман флешбэкпен басталатыны анық. Бұл флешбэк арқылы автордың айтпағы – өмірдің көрген түс сияқты өте шығуы. Оны Сабыт былай деп сипаттайды: «...өмір деген қызық қой. Қазір есіме түсірсем, көрген түс сияқты. Болды ма, болмады ма, тіпті соған күмәнім бар…». Бұл ой бұған дейін де Жұмақанмен айтылған еді: «...Сол баяғы кеп, көрген түс сияқты. Есіме түсірем, сенбеймін. Болмаған сияқты, дейді. Болды ғой деймін. Сонда жарықтықтың айтқаны. Көзім көрді, бірақ затым сенбейді дейді». Бұл флешбэктың барлығы талтүсте елессіз, түссіз ұйқыға батқан Әжігерейдің санасында орын алып жатыр. Талтүсте өткен өмір.