Н. Ж. Туралина Қазақ поэзиясы: стиль және бейнелілік


 МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ СТИЛІ НЕГІЗІНДЕ



Pdf көрінісі
бет7/22
Дата21.01.2023
өлшемі0,71 Mb.
#62206
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22
Байланысты:
Н. Ж. Туралина аза поэзиясы стиль ж не бейнелілік

2 МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ СТИЛІ НЕГІЗІНДЕ
2.1 Мұзафар Әлімбаев поэзиясындағы лирикалық қаһарман бейнесі
 
М.Әлімбаевтың балалар поэзиясында өз мектебі, өз шәкірт ақындары
бары - шындық. Мұзафар Әлімбаев есімі өз елімізге ғана емес, алыс-жақын шет
елдерге де кеңінен танылған балалар ақыны, жас бүлдіршіндердің сүйікті
қаламгері. Әдебиеттанушылардың мойындауынша М.Әлімбаев қазіргі қазақ
балалар әдебиетінің классигі және оның зерттеушісі.
Мұзафар Әлімбаев қазіргі қазақ ән-өлендерінің кәсіби ақыны, маңдай
алды маманы. Ақынның 300-ге тарта өлендеріне ән жазылған. Солардың
ішінде бүкіл халықтық сипатқа ие болған «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым»,
«Маралдым», «Өзің де, жігіт, қызықсың» және тағы басқаларын атауға болады.
Бұл әндер жалпы қазақ музыка мәдениетін биікке көтерген туындылар. 
Жалпы Мұзафар Әлімбаевтың бүкіл поэзиясын шолғанда көзге түсетін
бір құбылыс бар. Ол туындыларының философиялық ой ағынына құрылуы. Бұл
туралы Б.Сахариев: «Мұзафар творчествосы жайында сөз болғанда ақын
өлеңдерінің ойлылығы көбірек айтылады» [4, 270-б], - дейді. Ақынның өмір
құбылыстарын тереңнен әрі жаңаша өзінше толғауға ұмтылуы жемісті екені
рас.
М.Әлімбаев өлең-баталарды қайта жаңартушы және дамытушы тұңғыш
ақын. Оның бата-өлеңдерді 1996 жылы «Атамұра» баспасынан «Батамен ер
көгерер» деген атпен жеке кітап болып шықты. Жинаққа көрнекті ақынның 200-
ден астам баталары енген. Ақынның баталары жөнінде Ж.Елшібек «Ерекше
туынды» атгы мақаласында: «Қашаннан сөздің құдіреті мен қасиетіне зор мән
беріп, сергек қарайтын Мұзафар Әлімбаев ықшам, тығыз, ойлы, өрнекті жазу
үрдісінен айнымай келе жатқанына куә боламыз» [10, 32-б], - деп жазады. Яғни,
Мұзафар Әлімбаев қазақ лирикасын көпсөзділіктен, боссөзділіктен арылтқан,
нақтылықты орнықтырған ақын. «Өлеңнің табиғаты лирика, сондықтан ақын
өлеңмен жазған шығармасын лирикалық етіп, өзін толқытқан, тебіренткен
жайды оқырман да толқынарлық, тебіренерлік етіп жазады» [5, 72-б], - дейді
Б.Кенжебаев. Асылы, лирикалық қаһарман (немесе кейіпкер) болмысы ақынның
адамгершілік қасиеттерін, ой, сана, сезім, дүниетаным тереңдігін, ақындық
мәдениетін, көркемдік шеберлігін, эстетикалық һәм философиялық көзқарасын
айқын танытады. «Лирикалық образ — сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз
бейнесі, оның ішкі бітімі, ақынның мың иірім көңіл-күйінен, нәзік сыры мен
сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер» [9,127-б]. Ақын парасаты
кейіпкер парасатына, одан әрі адамзат құдіретіне ұштасады. Поэзиядағы
азаматтық, ұлттық рух та ақын тұлғасына қатысты. 
«Адақтап біржолата ел есінен, 
Кітапты суырғандай сөресінен, 
Сөзіме қосып әлде өзімді де 
22


Уақыттың лақтырар ма кемесінен?! 
Міне, осындай да үрейлі ойлар кейде мазалайды. Көркем ой мен көрікті жыр
тауып, көп алдына шығу қиындап барады» [11, 339-б], - деп жазады Мұзафар
Әлімбаев. Жазушы жауапкершілігін терең сезініп, ақындық арын биік ұстауды
армандайды. 
Дос деймін жақсы жазсам өзімді өзім
Бүлдірсем, дұшпаным да бір өзімнен [35, 194-б], — деп сипаттайды
қазақтың аса көрнекті ақыны Қ.Мырзалиев ақындық жауапкершілікті.
М.Әлімбаевтың қымсына-қысыла отырып, шығармашылық кредосын
танытқан бір шағын өлеңі бар. Ақын:
Айқайлап айтпасақ та: о, сұмдық-ай,
Жасырын жарысамыз Абаймен де» [11, 197-б], - дейді.
«Өтеді ақын батыр боп» өлеңінде:
Кіші болсын, дәу болсын,
Сырқат болсын, cay болсын:
Ақын шептің алдында!
Қаңдай шүбә бар мұнда?!» [11, 207-б], — деген ой келтіреді. 
Бұл оның арман аңсары да, өз сенімі де секілді. Ақынның өзі қандай деңгейде?
Бұл екі мәселенің де ақын өнернамасының болмысын, бітімін, салмағын
анықтауда атқарар рөлі аз емес.
Көрнекті ақын, дуалы ауыз Ғафу Қайырбеков ақынға мынандай баға
береді: «Мен Мұзағаңмен республика ішінде де, сыртында да талай сапарлас
болдым. Баладай алаңсыз ақ көңілі мен сергек, сезімтал, әңгімешіл, сырласқыш,
жадында оқыған, білгенін, естігенін, елтігенін магниттей тартып жібермейтін,
көп білгенін көпке үлестіргісі келетін, өзгенің табысына, жақсысына қуанып,
өзінікіндей көріп, мәз болғыш, күлегеш те қызық мінезді, жаратылысы жақсы
адам екеніне сол жылдарда да әбден көзім жеткен еді. Сол үшін де айрықша
жақсы көріп, кұрметтейтінмін» [33].
М.Әлімбаевтың азаматтығы жайында онымен ондаған жыл бойында өмір
өріне қатар аттап келе жатқан әйгілі әрі ақиқатшыл әдебиетші ғалым, профессор
Тұрсынбек Кәкішев: «Сырт келбетімен де, күлкісімен де, әзіл-қалжыңымен де,
жаны жақсыларға жанасқыш майда мінезімен де, ешкімді жатсынбайтын
бауырмалдығымен де, әңгімеден аузы құрғамайтын сөзуарлығымен де Мұзафар
қырғызша айтқанда, шоң қазақтың бірі. Мұзағаңның азаматтығы оның
ақындығына күш-қуат беретін, тар қолтықтан демеп, өрлі жерден асырып
жіберетін қасиет десем, артық болмас. Сонда Некрасовтың баршаға мәлім
кемеңгер нақылын еске аламыз да, ақындығына дән риза боламыз» [34], - деп
жазады 
Мұзафар Әлімбаев ақындықтың парыз-міндетін имандай сыр қылып, аса
бір әсем өлеңімен иландыра, пәтуалы образбен ашып берген деуімізге әбден
болады. «Ақынның образдары — ақыннан өзге ешкім де емес, тек бұл оның
өлеңінде әр түрлі пішіндегі объективті тұрпаты ғана. Сондықтан ол осынау ұлы
23


әлемнің тұтқасы ретінде «Мен» деп сөйлеуге толық хақысы бар...» - деп
тұжырымдайды Ф.Ницше.
Ендеше, ақыннын сыр-симфониясына тоқталайық: 
Тумайды жұртын ақын жылатуға, 
Туады жүректерді нұрлантуға. 
Өлеңін орамал ғып өтеді олар, 
Көз жасын адамзаттың құрғатуға» [45, 206-б] 
М.Әлімбаев жалаң ақын ғана емес, ол өзі де әдебиет зерттеуші. Аса
көрнекті ақын Ғ.Қайырбеков сөзімен айтсақ, «Мұзафар Әлімбаев шынтуайтқа
келсек, нағыз ғылымның адамы» [33]. Ақынның «Поэзия патшалығында» және
«Поэзия парасаты» деп аталатын екі циклі жүз бір өлеңнен тұрады. Бұл
тақырыптағы жеке өлеңдері өзі бір төбе.
Жоғарыдағы топтаманың ішіндегі жеке бір шумақта: 
Өлгендер өре тұрардай 
Өңмеңнен ұрып жығардай, 
Бір сөзді жалған жазсам мен, 
Ғұмыры сағым сыңардай, - делінген [46, 325-б]. 
Мұзафар Әлімбаев ақындығының бір белгісі – сөзге жауапкершілігі
айрықша екенін талай әдебиетші-сыншылар атап көрсеткен [49, 27-б].
Жалпы алғанда, ақынның «Көңіл күнделігінен» (1980), «Қалам қайраты»
(1976), «Өмір. Өнер. Өнерпаз.» (1991), «Толқыннан толқын туады» (1992),
«Көңіл күнделігі» (1996) сияқты әдеби-зерттеу кітаптарында да көркем әдебиет,
ақындық, өнер жайындағы көзқарасы мол қамтылған. 
«Ақиқаттан айныса, ақын сорлы. 
Сөзін айтпай біткені ақыр соңғы... 
Одан кейін жөні жоқ жақ ашудың, 
Қу кедейдей жайлаған тақыр сорды [47, 171-б]. 
Бұл дербес туынды, жеке төрттаған, рубаи. Автор М.Әлімбаев оны «Ақиқаттан
айныса...» деп атаған. Осыны әрі ақынның өз сөзі, әрі лирикалық қаһарманның
сөзі деп кабылдауға әбден болады, кімнің сөзі екендігінің ара-жігін айыру қиын.
«Әр ақынның көкейінде оның өлеңін жан-жүрегімен сезініп, түсінетін, әр
сөзін бар бояуымен, әр дыбысын бар әуезімен қалтқысыз қабылдайтын өз
оқырманының аңсарлы образы бар. Өлең жазылып жатқан сәтте ол образ –
бейне ақынның көз алдында көлденеңдеп тұрып алуы шарт емес, әрине. Ол
ақынның болмысымен тұтасып кеткен тұлға» [48, 30-б].
Әрине, мұндай ұласуға, яғни ақын мен лирикалық каһарманның бір
бейнеге, тұтастық дәрежесіне жету – ақындықтағы белгілі бір биіктік.
Ақынның лирикалық кейіпкері арғы аталардың өзінің алдындағы барша
Алашына бақыт сыйлаған жолындағы жемісті еңбегін аса жоғары бағалайтын
азамат болғандығынан ондай ағаларды достар түгіл, дұшпан да табалай
алмайды — деп түйеді «Аталар мен ағалар» атты өленінде [42, 61-б].
24


«Еңбекті, ел үшін еңбек етуді адамның бойындағы кабілет-дарынын
қопарта, жарқырата ашатын арена, ашық майдан деп түсінетін лирикалық
қаһарман «Ертеңге еңбек ету бір ғанибет» дейді:
«Өзін өз заманында мойындатпай, 
Ертеңгі күн кім атанар ерен батыр?!» [42, 61-б].
М.Әлімбаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер ұғымында «Өмір, тірлік»
дегеніміз «Халық үшін үздіксіз қажырлы еңбек, каһармаңдық ерлік болуға
тиіс». «Өмірбаян калай жазылады» [42,61-б] деген жырыңда осындай ой
қорытқан лирикалық кейіпкерді кезіктіреміз.
Ол үшін әр азамат аянбай, өзін аямай, туған елі үшін еңбектенуі — парыз.
«Әр ұл-кызың от болып лапылдаса, 
Маздамасқа дәтің жоқ, Қазақстан!» [42, 62-б] .
Мұндағы лирикалық қаһарман өзін Сталин заманындағы, санасыз адам деп
санамайды, халқымның арқа сүйер азаматымын, панасымын!, деп сезінеді. «Ұл
тумайтын күнің жоқ, Қазақстан» деп аталатын шағын өлеңіңде әр азамат от
болып лапылдаса ғана, өз парызын толық өтей алады — деген ой түйеді автор.
М.Әлімбаевтың:
«Өзің от боп жанасың,
Өзгелердің нұрлантуға санасын.
Өзің күл боп қаласың,
Өзгелердің құнартуға даласын» [46, 322-б], — дегені оқырманды
нандырады, иландырады Ақын мен лирикалык қаһарманның бір тұтас тұлғаға
ұштасқанын, тоғысқанын байқаймыз.
Ақынның лирикалық қаһарманы өткеніне үнемі ой жіберіп, талдау
таразысына тартып, қорытынды жасауды үрдіске айналдырған. Онысы —
болашақгың қамы, өзін жан-жақты жетілдіру қамы. Мысалы «Шәкірттіктен
кұтылдық — деп шаттандық» дейтін өлеңде «Көп нәрсені әлі шала білеміз» —
деп өкінеді. Оқуды аяқтаумен тынуға болмайды.
«Аз білердің сөзі әр кез кібіртік», «Абзал ұстаз — мінсіз шәкірт». Ол
ғұмыр бойында үйренуден тиылмайды. Оку білімін үстемелеу, үзілмес үрдіс
болғанда ғана — өмір өкінішсіз, еңбек жемісті [42, 31-б].
Екінші бір өлеңде («Ақиқатты іздеген») лирикалық кейіпкер ақиқатты
іздеген жанды өзіне дос санайды, ал жалғандықты жақтаған бір туғанын да жат
деп есептейді. 
Майдан даласында үзілген телефон сымын тістеп тұрып жалғастырып, екі
жақты тілдестірген байланысшы ерлігін суреттеген автор:
«...Көрінер ме бәлкім құным балалық
Араға егер түссе сайтан-алалық,
Дос жүректі дос жүрекке әрқашан
Сын сағатта сол солдатша жалғасам» [46,65-б], - дейді. Мұнда да
лирикалық кейіпкердің акынмен бір тұлға болып тоғысып, бірігіп-кірігіп
25


кеткенін сеземіз. Адал достыққа дәнекер бола білген адам өзі де достыққа берік
екеніне шүбә келтірмейміз.
«Қаруластарға хат» [46, 68-б] - деген өлеңінде лирикалық кейіпкер сонау
қанды соғыста шыбын жанды шүберекке түйіп, Отанды опаттан аман алып
калысқандардың бірі болғанын мақтаныш тұтады. Сөйтіп, өзінің ер жүрек
сарбаз, ел қорғаны екенін жанамалай аңдатады. Ақын «Қан құйысқандар»
өлеңінде:
Алға жылжи, қансырап 
Қалмаған соң әліміз, 
Бір шұңқырға тамшылап
Бірге ұйыпты канымыз» [42, 169-б] - дейтін лирикалық қаһарманның
достыққа беріктігіне оқырман да сенеді.
«Матросовтың қаруласы сөйлейді» деген өлеңінде лирикалық қаһарман:
Қаһармандық жасалмайды бұйрықпен,
Жасалмайды уәде еткен сыйлықпен.
Ерлік көзі — ардың ғана әмірі,
Ерлік көзі — жүректердің дарыны
... Тыным жок қой, шек те жоқ қой ерлікте,
Қиын жоқ қой, қиын жоқ қой елдікке!» [42, 168-169б] – деп түйеді.
Ақын суреттеуіндегі лирикалық кейіпкердің сан түрлі психологиялық
ерекшеліктерін, оны ақынның көз алдына елестетуі туралы айта келіп, «бұл
жырлар ақынның жырларынан орын алмасқа шарасы жоқ» [49, 73-б] — дейді
Е.Ысмайылов.
Ақын М.Әлімбаевтың лирикалық қаһарманы оқыған зиялы, интеллект
иесі, ел жанды ер азамат, еңбекқор, әділ, қайырымды, достыққа берік, ата
дәстүрін ардақтағыш, жалғандықтан жаны таза, намысшыл адам... Акынның
лирикалык кейіпкеріне косыла оқырман да:
Адамсыз бүкіл әлем — қуыс қана.
Үйде де, соны ойлаймын жұмыста да...
Қуысты ізгілікпен толтыруға
Тартыншақ болсаң егер, ту ұстама!» [47, 110-б] — дейді. 
Ақынның мөлдір жан дүниесі — лирикалық қаһарманның адамгершілік
мәдениетін, ар-намысын, биік санасын көрсетеді. Ақынның өмірге, уақытқа,
заманға, тағдырға философиялық көзқарасы, яки даналық ойлары лирикалық
кейіпкер болмысынан жарқырап көрінеді, «яки, ақын өзінің көрген білгенін,
түйген-сезгенін біреудің түюі етіп бейнелейді. Яғни кісінің ішкі дүниесі, жүрек
сыры, мұңы, ізгі ойы, нәзік сезімі етіп баяндайды» [5, 243-б]. Бұл үшін, әрине,
ақын сезімді сөз сиқыры арқылы барша жанның жүрегіне жетердей биік
деңгейге көтере алуы керек. 
Енді лирикалық қаһарманның философиялық ойларына назар аударайық.
Ілгерілі-кейінді пікір айтқан ғалымдардың бір бөлігі М.Әлімбаев поэзиясын
талдай келе, ол - ойдың ақыны деген пікір түйіндейді. 
26


Орыс әдебиетінің сыншылары, мәселен, Е.Винокуров, В.Сикорскийлер
жөнінде екеуін де философ ақын деп тоқтамды пікірге табан тіреп айтады.
Мұзафар Әлімбаев поэзиясында да философиялық ойлар өмір, дүние,
тіршілік құбылыстарынан, адамның жаратылыс-болмысынан туындайды.
Автордың 1985 жылы жазылған «Қорқыт ата толғауларынан»
жинағына енген «Күрсінемін амалсыздан» өлеңінің алғашқы шумағы былайша
басталады: 
«Шығандап шиырланған жайдан жырақ, 
Толғансаң, арлы-берлі ойлаңқырап, 
Азамат адам деген мәңгі мүскін 
-Уақыттың көгенінде байлаулы лақ» [42, 224-б]
Өлеңнің ойы терең: пенденің бәрі уақытқа тәуелді, соның уысынан
босанбайды деуі шындық, ащы ақиқат.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет