БЕКНИЯЗОВ Төрегелді (8.7.1948 ж.т.. Қызылорда обл. Жалағаш ауд. Еңбек а.) - ғалым, филол.
ғыл. кандидаты (1992), доцент (1994). ҚазҰУ-ды бітірген (1973). 1973-78 ж. Қазақ радиосында
редактор. 1978 - 85 ж. "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің тілшісі.
1985 - 93 ж. Әдебиет және өнер ин-тында ғыл. қызметкер. 1993 - 94 ж. Қазақ мемл. басқару
академиясының аға оқытушысы қызметтерін атқарған. 1994 жылдан ҚазҰУ-дың доценті.
БЕКОВ Орынбек (1898, Шығ. Қазақстан обл. - 1937) - жазушы, драматург, қоғам қайраткері.
Спасскідегі 2 сыныптық уч-щені бітірген (1912). 1914-22 ж.Спасскі ревкомы мен Совдепінің
төрағасы, РКП(б) ауд. к-тінің хатшысы, 1923 - 28 ж. Қарқаралы уездік милициясының бастығы,
Семей губ. атқару к-тінің бөлім меңгерушісі. Еңбек халкомының жауапты қызметкері болған.
1928 ж. "Тілші" газетінің редакторы. 1930 - 37 ж. Қазақ драма театрының директоры қызметтерін
атқарған. Б-тың әңгімелері мен өлеңдері респ. газеттер мен "Жаңа әдебиет" журналында
жарияланып тұрған. "Ұлы жолға бір қасық қан" (1926), "Азамат соғысында біз қалай жеңіп
шықтық", "Ауылды кеңестендіру деген не?" (1928) кітаптары, "Ұлы істің игілігі үшін" (1928)
публицистикалық мақаласы, "Советбике" (1931) повесі жарық көрген. М.Әуезовпен бірге
Қазақстан жазушыларының 1-съезінде қазақ драматургиясы туралы баяндама жасаған.