ДЕРЕКТІ ӘДЕБИЕТ - танымдық-бағалау мәнерінде жазылған, мазмұны шынайы өмірде болған
жеке тұлға, құбылыс, оқиғаны қамтитын очерк, басқа да жанрларда жазылған шығармалар. Қазақ
әдебиетінде Д. ә. үлгісінде жазылған шығармалар көп. Олар: З.Ақышевтің "Жаяу Мұса",
С.Бақбергеновтың "Ақ боз атты ару", С.Бегалиннің "Шоқан асулары", Ә.Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз", С.Мұқановтың "Балуан Шолақ", Т.Кәкішевтің "Сәкен Сейфуллин",
Ш.Мұртазаның "Қызыл жебе", С.Жүнісовтің "Ақан сері", М.Сәрсекеевтің "Қаныш Сәтбаев", т.б.
Бұлардың ішінде Кәкішевтің "Сәкен Сейфуллин" мен Сәрсекеевтің "Қаныш Сәтбаев" кітаптары
Мәскеуден "Тамаша адамдар өмірі" сериясымен орыс тілінде жарық көрді. Д. ә. жанрында
жазылған шығармаларда мұрағат құжаттары, естеліктер, хаттар пайдаланылып, әлеум. орта мен
кейіпкердің табиғи болмысы, өмір материалы мен көркемдік шындық шебер ұштасқан. Мыс.,
Мұқанов "Балуан Шолақ" атты деректі повесінде халқымыздың ақын, әнші, батыр ұлы хақында ел
аузындағы аңыз-әңгіме, шежірелік жазбаларды пайдалана отырып, басты тұлғаның бұрын-соңғы
беймәлім қырларын ашқан. Нұршайықовтың" Ақиқат пен аңыз" атты сұхбат-интервьюге құрылған
романында өмір материалы мен көркемдік шындық сипаттары наттылы деректермен беріледі. Д.
ә."... жалықтырмайтын жанр" (М.Горький), әрі уақыт шындығын, тарих пен тұлға тағылымын,
ұрпақтар сабақтастығын нақтылы оқиға, мұрағат құжаттарымен көркем суреттейтін сөз өнерінің
іргелі салаларының бірі.